Қазақ әдебиетінің антологиясы Парижде таныстырылды

Франция астанасы Парижде қазақ әдебие­ті­нің жауһар туындылары таныстырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылып, жарияланған қазіргі қазақ проза­сы мен поэзиясының антологиясын  француздар жылы қабылдаған.

Бір айта кетерлігі, антология танымал Мишель де Мюл (Michel de Maule) баспасында басылған. Баспаның бас редакторы, әйгілі француз ақыны Тьерри-де-Ла-Круа: «Бұл ауқымды жұмысты ойдағыдай жүзеге асыруымызға Қазақстанға сапарлап, авторлармен тікелей байланыс жасағанымыз көп көмектесті. Біздің өте танымал шығармашылық ұжымымыз үлкен жұмыс істеді және біз оның нәтижесімен мақтанамыз», – деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Қос ел арасындағы әдеби сабақтастық әдебиеттің ілгерілеуіне ықпал етіп, қазақ әдебиетшілерінің еуропаға танылуына алтын көпір болған іспетті. Өйткені фран­цуз тілінде ұсынылған басылымдар барлық ірі французтілді елдерге жеткізіліп, ірі кітапханалар, университеттер мен академиялық орталықтардың қорларына жіберіледі. Жалпы алғанда, 220 млн адамдық аудиториясы бар 30-дан астам елдегі 5 мыңнан астам ұйым қамтылады. Бұл жайында ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева: «Әдебиет – халық рухының өзегі. Сондықтан қазіргі 60 қазақстандық автордың таңдаулы туындыларын бір уақытта БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және басып шығару біздің бүкіл мәдениетіміз үшін маңызды оқиға», – деді.

Back to top button