991
КІСІ ЕҢБЕГІН ИЕЛЕП, КІСІМСУДЕН САҚТАСЫН...
КІСІ ЕҢБЕГІН ИЕЛЕП, КІСІМСУДЕН САҚТАСЫН...

«Мешкей деген жақсы ат емес» дегенді жақсы түсінетін халықтың ұрпағына, бүгінде, біреудің интеллектуалдық меншігіне қол сұғып, ұрлық жасаудан өзін ірке алмайтыны қауіпті болып барады. Кейінгі дәуірде ғылым саласында жүрген қандастарымыздың арасында да плагиаттықтың кездесіп тұратыны өкінішті.
Жақында ғана Қазақстан Республикасы Ғылым және білім вице-министрі Фатима Жақыпованың плагиаттықпен айыпталғаны елді елеңдеткен жаңалық болды.
Қазір қандай түсінбеген нәрсең болса да, оны шайнап, аузыңа салып беретін ақпараттық технология заманында ғаламтордағы іздеу жүйелеріне «плагиат» деп жазып қалсаңыз, оның «ғылым мен өнер саласында біреудің авторлығын қасақана иемденіп кету» екенін екі-үш секундта-ақ түсіндіріп береді.
Ертеректе, негізінен, әдебиет саласында жиі кездесіп тұратын ұрлықтың бұл түрін жұрт «әдеби ұрлық» деп түсінетін, кейінірек оның ғылым мен өнер саласында да бар екені белгілі болған соң, «плагиат» түсінігі кеңірек ұғымға айналды.
Ал ақпараттық технология саласы қатты дамыған кезеңде «плагиаттың» кездеспейтін саласы жоқ екені белгілі бола бастады.
Кез келген мәселеде шындықты шыңғыртып айтуға бейім қазекем «Оқыған залымнан асқан қауіпті жоқ» деп, ондай шетін нәрсенің ғылым мен білім саласына тигізетін залалын ертеден-ақ сездірген. Ал жеке басқа ше?
Бұрын да араарасында мұндай әңгімелер болып тұратын, алайда олардың ыстығы басыла бастап, ыңғайсыз әңгіменің жұрт жадынан өше бастаған кезінде лауазымды адамның кісі еңбегін иемденіп кетуі жайлы хабар тағы да жұртты дүр сілкіндірді.
Осы жылдың тамыз айында сол кезде Білім және ғылым министрлігі Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры қызметін атқарған Анар Қайырбекова өзі қызмет атқарып отырған министрліктегі жауапты қызметкерлердің қысым жасағаны туралы мәлімдеме жасаған-ды, сондай-ақ ол вице-министр Фатима Жақыпованың докторлық диссертациясын көшіріп алды деп, плагиат ретінде айыптаған. А.Қайырбекованың айтуынша, «Антиплагиат» бағдарламасымен тексерілгенде Жақыпованың 258 беттік диссертациясының 52,62 пайызы өзгелерден көшірме екені анықталған. Яғни, өзгелерден ұрлаушылардың жолын кесуі тиіс мекеме басшыларының бірі сол қылмысты өзі жасаған. Әрине, бұл жай ғана қылмыс емес, мемлекет қаржысына заңсыз қол салу болады, өйткені ғылым докторы ретінде Ф.Жақыповаға қосымша ақша төленеді, ал оның ғалымдығы – жалған».
Бұл мәселеде үнсіз қалғысы келмеген вице-министр Жақыпова өзінің ғылыми жұмысының талапқа сай екенін, онда ешқандай ұрлық жоқ екенін айтып, мәлімдеме жасап, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» акционерлік қоғамы тарапынан берілген анықтамасын жариялап (онда Ф.Жақыпованың жұмысынан өзге еңбектермен сәйкестік анықталмағаны жайында айтылған), өзін ақтаған және өзінің ар-намысына, іскерлік абыройына кір келтіретін ақпаратты жариялағандарды сотқа беретіні жөнінде айтқан болатын. Бірақ мәселе, Анар Қайырбекова айтқандай, «халықаралық деңгейге шығып», оның диссертациясы ресейліктер тарапынан да сараланып, Антиплагиат компаниясының атқарушы директоры Юрий Чехович атқарылған іс жайында түсініктеме берді. 2005 жылдан бері 800 миллион дереккөзі және 2 деректер базасы негізінде жұмыс істеп келе жатқан ресейлік «Антиплагиат» жүйесі» арқылы тексерілгенде, расында да вице-министрдің жұмысының 52 пайыздан астам жері көшіріліп алынғаны анықталған. Анығырақ білгісі келген адамдарға тексерудің нәтижесі мына сілтемеде тұр: http://wiki.dissernet.org/wsave/ZhakypovaFN2009.html
Жалпы ұрлық жасау психологиясы – ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп өмір сүруге бейім, жанын қинап еңбектенгісі келмейтіндер мен өзінің әлсіздігін сезе тұра күштілермен қатар тұру үшін қылмыстан бас тартпайтын әділетсіз адамдарға тән нәрсе ғой. Сондықтан оларға өздерінің кемшілігіне намыстану сезімі жетісе бермейді. Содан барып, біреудің адал еңбегіне жармасып, оны иелеп алуға ұялмайды.
Кейінгі онжылдықта қазақ ғылымының абыройын төгіп жүргендердің арасында белгілі ғалымдардың болуы, жоғары оқу орындарының басшыларының да кездесіп жатуы қоғам талқысына түсіп, жұрттың наразылығын тудырып жүр. Бірақ ондай оқиғалардың соңы ақ-қарасы анықталмай, сиырқұйымшақтанып кете беретін болғасын біздің елде плагиаттық тыйылар емес.
Осыдан 6 жыл бұрын Қазақстандағы аса беделді ЖОО басшысының жаратылыстану ғылымы бойынша жазған еңбегі Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жатқанда аяқ астынан шаң шығып, әлгі еңбектің мемсыйлыққа ұсынылмақ түгілі, басылып шыққанының өзі қылмыс деп жар салды кітапты шұқшия оқып, плагиаттығын дәлелдеген кісілер. Ізінше жаңағы «ғылыми еңбек» мәртебелі сыйлықтың тізімінен алынып қалды, себебі оның қырық шақты беті ресейлік ғалымдардың кітаптарынан көшіріліп алынғаны әшкере болды.
Басшысы қалай болса, қосшысы солай демекші, ректоры плагиаттықта айыпталған оқу орнының Биология факультетінің оқытушысы М.Құрманбаеваның 2011 жылы басылып шыққан «Ботаника және өсімдіктер биоалуантүрлілігі» атты оқу құралының А. Әметовтың «Ботаника» және Н.Мухитдинов С.Айдосова, А.Бегеновтардың авторлығымен жарық көрген «Өсімдіктер морфологиясы және анатомиясы» еңбектерінен көшіріліп алынғаны жайында БАҚ-тарда материалдар шыққанда жұрт жағасын ұстаған, қалайша бір елде өмір сүріп, бір саладағы әріптестерінің еңбегін тал түсте иемденіп кетуге болады деп. Бірақ бізде қатардағы ғылыммен шұғылданып жүрген адамдарды былай қойғанда, үлкендердің өздері «суық қолды» атанып жүргенде неге таң қалуға болғандай?
Ана ректордың «жиендік» өнері әшкере болған жылы плагиат мәселесінде тағы бір шу шыққаны бар. Анау-мынау емес, Қазақстан ғылым-білімін басқарып отырған кісінің 1997 жылы қорғаған докторлық диссертациясынан. Ол жайында іnsiderman.kz сайтында мақала жариялап, Б.Жұмағұлов еңбегінен плагиаттыққа нақты мысалдар келтірген А.Құдайбергенов деген автордың дәлелдеуінше, қазақстандық ғалым В.Н.Монахов, С.Н.Антонцев, А.Н.Коновалов, А.В.Кажихов, О.Б.Бочаров секілді ресейлік ғалымдардан көшіріп алған. Мақала авторы қандай еңбектен қалай көшірілгенін тәптіштеп көрсетіп, ұрланған ғылыми жұмыстардың аттарын атап көрсеткен. Ой-тұжырымдары қолды болған еңбектердің арасында КСРО дәуірінде (1976 жылы) жарық көрген зерттеу кітаптар да бар екен. Ең сорақысы – Б.Жұмағұлов пайдаланған еңбектері жайлы сілтеме бергенде басқа еңбектерді атап, ізін жасыруға тырысқан көрінеді.
Көрдіңіз бе, елімізде плагиаттықтың деңгейі ректор, тіпті министр дәрежесіне көтерілген!
Қалайша бұлай болды, қалайша осынша төмендедік?
Біздіңше, бұл мәселенің осынша асқынуы еліміздегі ғылым саласына деген талап деңгейінің түсіп кетуінен болса керек. Бұл жөнінде белгілі математик ғалым, ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхтарбай Өтелбаев журналист Асхат Райқұлмен болған сұқбатында («Ғалымдығым қазақтығымнан садаға»): «Асқар Жұмаділдаев деген өте дарынды математик «Кейбір ғылымдағы ғалымдардың тоқсан пайызы плагиаттар. Солармен күресу керек» деп үнемі айтады. Бірақ олар күрессең де, күреспесең де жеңілмейді. Қайта, PhD докторантура пайда болғалы тоқтады. Докторантураның талаптарын жазуға мен де атсалысқанмын. Алайда, оның кейбір тұстары министрліктің сүзгісінен өтпей қалды. Өйткені, ол жерде де псевдоғалымдар бар. Егер өткізсе, өздері көрнекті ғалым болмай қалады ғой», – деген екен. Соңғы екі сөйлемдегі ғалымның пікіріне назар аударсаңыз, пәленің бәрі жоғарыдан екені байқалып-ақ тұр. Яғни, қашанғыдай «балық басынан шіриді».
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ғалымдармен кездесулерінің бірінде Қазақстан ғылымы тапқан, патенті бар жаңалықтардың өзіне қызығушылықтың жоқтығын айта келіп, оның бір себебі «біздің ғылыми жұмыстарымызда плагиаттықтың кесірін тигізіп жатқанынан» деген ой айтқаны бар. Демек, ауруы асқынған бұл даудың жоғарыдағыларға да жеткені белгілі болып отыр.
«Ұрлықтың аты – ұрлық, яғни, ұрлықтың үлкен-кішісі болмайды» дейтін еді халық бұрын. Қазір оның да үлкені, кішісі болатын сияқты. Оған солай қарауға үлкен кісілердің өзі үйреніп бара жатқандай ма?
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым Академиясының Президенті Мұрат Жұрынов matritca.kz сайтында журналист Мөлдір Нұрманға берген жауабында («Ғылымды тежеп тұрған плагиат емес...) былай депті: «Плагиат» деген көп нәрсені білдіріп жатқан жоқ. Плагиат – ол бір дисертацияны қорғау үшін біреуден көшіріп алу. Немесе бір кітап жазғанда оны көшіріп алу. Немене күйіп кетеді, онда? Түк те емес!
5-10 % плагиат болса, оның ешкімге ешқандай зияны да, пайдасы да жоқ. Ең бастысы, ғылыми жұмысты нағыз ғалым істегенде, ол еш уақытта плагиат жасамайды. Егер ол плагиат жасаса, оның ғылыми нәтижелері өндіріске салғанда өтірік боп шығады да, өндіріс жүрмейді».
Әрине, академиктің сөзін түсінуге болады. Бүкіл ғылым плагиаттықтың батпағына батуы мүмкін емес. Плагиатқа ұрынған (қандай мөлшерде болса да) ғылыми жұмыстардың нәтижесі тәжірибеде қолданылып не өндіріске еніп кете қоймас. Бірақ қазақтың «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегенін қалай ұмытамыз? Біреудің еңбегінен көшіріп, жанын қинамай ғылыми атақ алатындар көбейе берсе, отандық ғылымнан не абырой қалады? Елдегі ең басты ғылыми орталықтың басшысы плагиат мәселесіне осылай жеңіл-желпі нәрсе деп қараса, басқалар не демейді? «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көрдің» кері келмей ме?
Жалпы, плагиат мәселесі күлліәлемдік мәселе. Ақпараттық технология қарым-қатынаста адамзат қоғамына әбжілдік, ыңғайлылық, жылдамдық әкеліп қана қоймай, теріс ниеттілердің ұрлық жасауына, әлемнің ана шетіндегі адамның әлемнің мына шетіндегі адамға тигізер әсерін де еселеді. Ғаламторға жүктелген интеллектуалдық меншіктің талан-тараж болуы үйреншікті жағдайға айналып бара жатыр. Бірақ солай екен деп суық қолды сумақайлардың жолын кеспеуге болмас. Ол үшін қай салада да интеллектуалдық меншік иесін құқығын қорғау – мемлекеттің де, қоғамның да басты парызына айналуы тиіс!
P.S.
Өткенде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Болон жүйесі бойынша PhD докторлық диссертациясын қорғау мәселесі жайында айта келіп, «докторанттар диссертацияларын қорғаудың алдында міндетті түрде халықаралық базадан антиплагиаттан өтетін болады. Докторанттар қазір тек Қазақстан базасы бойынша антиплагиаттан өтуде. Енді диссертация қорғайтын PhD студенттерді халықаралық деңгейде плагиатқа тексеру туралы талап қойылады», – деген еді. Демек, ендігі жағында Қазақстан ғылымындағы «жиендік жасауға» бейімдерге ғылымда орын жоқ деген сөз. Тек сол үдеден шыға алсақ жарады.