544
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру жолында
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру жолында
Жүйелі жаңғыру жолына түскен «Nur Otan» партиясы Елбасының Саяси кеңесте жүктеген тапсырмалары мен Президент Жолдауындағы мақсат-міндеттерді орындап, халық артқан сенім үдесінен шығу үшін өңірлердегі барлық құрылымдарына айрықша жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан аймақтардағы филиалдар заман талабына сай жедел әрекет етуде. Партияның Атырау облыстық филиалы да жергілікті тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істеп, өңірдегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуде. Аймақтағы игі өзгерістер жайлы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев баяндап берді.
– Нұрлыбек Жұмахметұлы, партия жұмысын жүйелі жаңғырту қолға алынғалы бері көп өңірде оң өзгерістер байқалады. Атырау облысындағы нәтижелер қандай?
– Атырау облысындағы партия құрылымдары «Nur Otan»-ның сындарлы саясатын, халық алдындағы міндетінен жаңылмай, жоспарлы және жүйелі түрде жұмыс істеп келеді.
Жаңғыртылатын демократиялық саяси жүйе мен ашық ақпараттық қоғам жағдайында партиялық кадрлардың жоғары бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында кадрлардың сапалық құрамына толық аудит жүргізілді. Партиялық кадрлық резервті қалыптастыру барысында 148 үміткер ұсынылып, тест тапсыру кезінде 133-і (79,2%) шекті деңгейден өтті.
Қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына арналған көшпелі «кусталық» семинарлар (Доссорда, Аққыстауда және Құлсары қаласында) өткізілді.
Жаңғыру жұмыстарының негізгі өзегі – партиялық кадрларды даярлауда политологиялық білім ерекше назарға алынып, өңірлер бойынша алғашқы және әзірге дара «Саясаттанушылар орталығы» құрылды. Президент Жолдауындағы мақсат-міндеттерді насихаттау және қоғамдық-саяси жағдайға мониторинг жүргізу, БПҰ үшін әдістемелік нұсқаулық әзірлеу мақсатында құрамына ғалымдар, партия ардагерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген Орталық арқылы сараптама жүргізіліп, идеологиялық қызмет бағыттары мен методикалық материалдар нақтыланды. «Жаһандану дәуіріндегі – Қазақстан» тақырыбында республикалық не халықаралық деңгейде саясаттанушылардың ғылыми-практикалық конференциясын өткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Атырау облыстық филиалы Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Түркістан облыстық, Шымкент қалалық және 15 аумақтық филиалдарымен іскерлік қарым-қатынас орнатып, озық әдістемелер, заманауи қажеттілікті анықтауға мүмкіндік туды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұдан былай шенеуніктер жұмысының сапасы халықтың өтініш-шағымдарының орындалуына қарай бағытталатынын айтты. Атыраулық шенділер партияның қоғамдық қабылдауына қаншалықты жиі бас сұғады?
– Жылдың басында жергілікті атқарушы орган басшыларының облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды жеке қабылдау жөнінде кесте жасақталған болатын. Филиал төрағасы бекіткен кесте бойынша басқарма басшылары келіп, жеке қабылдаулар өткізеді.
Қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Nur Otan» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттары, филиал төрағалары, яғни қала, аудан әкімдері қабылдау өткізді. Мемлекеттік орган басшылары 425 қабылдау жүргізіп, 999 азаматты қабылдап тұрғындардың мәселелерінің шешілуіне араласты. Облыстық филиалда атқарушы органдар басшылары 75 қабылдау өткізіп, 363 адамның өтініштерін тыңдап, оң шешілуіне атсалысты. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінде берген халықпен кері байланыс құралдарының тиімділігін арттыру бойынша тапсырмасының, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» жүйесін қалыптастыру бойынша қыркүйек-желтоқсан айларына қабылдау кестелері барлық филиалдар бойынша түрлі форматтағы қабылдаулармен (көшпелі, «Skype» байланысы арқылы) толықтырылып, қайта бекітіліп, ретімен орындалуда.
– Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің айтуынша, партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп түскен шағымдардың 47 пайызы жергілікті жерде, аймақтық және аумақтық филиалдардың төрағалары шешетін мәселелер. Сіздердің аймақтарыңызда тұрғындар партияға негізінен қандай мәселелер бойынша шағымданады? Олардың талап-тілектері дер кезінде қанағаттандырыла ма?
– Жыл басынан бері 9 қоғамдық қабылдау бөліміне жеке және заңды тұлғадан 1945 өтініш түскен. Түскен өтініштерді саралау нәтижесінде анықталғанындай, өңір тұрғындары партияға негізінен әлеуметтік мәселелер (28,8%), пәтер және жер телімін алу (27,9%), жұмысқа орналастыру (18,0%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (10,8 %) жөніндегі талап-тілектерімен жүгінеді. Әлеуметтік мәселер бойынша Атырау қаласы және Жылыой ауданы тұрғындарынан арыз-шағым көп түскен. Ал жұмысқа орналастыру жөніндегі өтініштердің дені Мақат, Исатай және Қызылқоға аудандарының азаматтарынан түскен.
Бүгінгі күнге дейін келіп түскен 1945 өтініштің 532-і (27%) оң шешіліп, 1413 (73%) өтініш бойынша нақты түсініктемелер берілген. Яғни, тұрғындардың талап-тілектерінің қанағаттандырылу деңгейінің облыс бойынша орташа көрсеткіші 27 пайыз. Кейбір аудандық филиалдарда бұл көрсеткіш жоғары деңгейде. Атап айтқанда, Исатай ауданында 54%, Жылыой ауданында 46%, Мақат ауданында 40 % құрайды.
– Еліміз шағын және орта бизнеске айрықша қолдау көрсетіп отыр. Алайда көп жағдайда кәсіп ашқысы келетіндер мемлекет ұсынған жеңілдіктерден бейхабар. Атырау облысындағы бизнес бастауға ниеттілер мемлекеттік қолдаудың игілігін толыққанды көріп жатыр ма?
– Кәсіпкерлік саладағы мемлекеттік қолдауларды насихаттау бағытында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан облысымыздың 7 ауданында және Атырау қаласында кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылып, белсенді жұмыс істеуде. Орталықта мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру, бизнес жоспар жасақтау, салық және есептерді тапсыру, мемлекеттік тапсырыстарға қатынасу, оқыту, құқықтық көмектер кеңестері тегін көрсетіледі. Бүгінгі күнге дейін кәсіп бастаған және бастағысы келетін 7 мыңнан астам адам мамандардан кеңес алды.
– Бүгінгі күнге дейін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттердің 80 пайызы орындалды. Нәтижесінде халықтың партияға деген сенімі, құрметі арта түскені аңғарылады. Атырау облысында да нұротандық атануға ниеттілер қатары көбейген болар?
– Күні бүгінге облыс бойынша партия мүшелерінің саны 31 900-ге жетіп отыр. 2018 жылы партия мүшелігіне 1866 адам қабылданса, оның 250-і кәсіпкерлер, 126-сы жастар. Ал биыл партия мүшелерінің қатарына 2000-нан аса адам қосылды. Бұрын нұротандықтардың қатары негізінен білім, денсаулық, мәдениет саласы мен мемлекеттік қызметкерлермен толықса, бүгінде шағын және орта бизнес өкілдерінің, сондай-ақ жастардың партия мүшесі болуға ықылас танытуы «Nur Otan»-ға деген сенімнің артқанын айғақтаса керек.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Анар ЛЕПЕСОВА