1138
Апортсыз Алматы: қаланың сәні болған Сиверс неге жойылды?
Апортсыз Алматы: қаланың сәні болған Сиверс неге жойылды?
Алматы «алманың отаны» деген мәртебесін жоғалтқандай. Іле Алатау етегінен 70 пайыз Сиверс желегі жойылған. Бұл туралы «Алматы алма орталығы: экономикалық, экологиялық және мәдени болашағы» халықаралық форумында сөз болды.
«Алматы алма орталығы» халықаралық форумына қатысушылар қатары қалың. Олардың арасында биолог, шаруалар, эколог және кәсіпкерлер танымал алма апортын жаңғырту жайын талқылады. «Алманың отаны - Алматы» деген қағиданы сақтап қалу ғана емес, бұл жеміс түрін болашақта да дамыту мәселесі айтылды.
Алтынай Кенжебек Алматы апортының шығу тарихын біраз жылдан бері зерттеп жүр. Форумға биологтардың еңбектерімен танысу үшін арнайы келген. Қазіргі таңда сиверс алмасының шығу тарихына қатысты ғылыми жұмыс дайындап жатыр.
«Менің жобамның тақырыбы – біздің өлкеміздің беткеұстары апорт алмасы. Мен соңғы жылдары алма тақырыбына қатты қызығып жүрмін. Және білімімді тереңдете түскім келеді. Және басқалар да апортқа қызықса екен деймін», – дейді Алтынай Кенжебек.
Биологтардың сөзінше, танымал Алматы апорты 40 жыл бұрын болған. Сол кездері қаланың және Алматы облысының аумағында 3 миллионнан астам апорт ағашы өскен. Қазіргі таңда аталған көрсеткіш кеміп кеткен. Алматы алманың отаны деген мәртебесін жоғалтуда. Іле Алатау етегінен 70 пайыз Сиверс желегі жойылған. Ғалымдар дәл сол жабайы ағаш басқа да алма сорты мен апорттың бастауы дейді.
«Бұл – жаһандық маңызы бар ерекше генофонд. Ол тек Қазақстан аумағында кездеседі. Шағын ғана бөлігі Қытайда шоғырланған. Қазіргі уақытта ормандарды сақтау, өсімін молайту, ұтымды пайдалану қажет және осы ормандарды сақтау үшін мемлекеттік деңгейде шаралар қажет», – дейді биология ғылымдарының докторы Гүлнар Ситпаева.
Отандық кәсіпкерлер алып шаһарға бұрынғы атағын қайтару мүмкін екендігін алға тартады. Алайда ол үшін тек қана апорт сұрпын өсірумен шектелмеу керек дейді. Себебі тек бұл жеміс түрін ғана жетілдіру тиімсіз деп отыр. Бұл алма сұрпына сұраныс ішкі нарықта төмендеу екенін алға тартуда.
«Өткен жылы орташа нарықтық баға 1 келісі 240 теңгені құрады. Ал біз Ресейге әр келі үшін 320 теңгеге жібердік. Яғни, ресейліктер бізден сапалы алма талап етеді. Біздің адамдар артық төлеуге дайын емес. Олар арзан алма іздейді. Біздің алма қымбаттау. Оны поляк, қытай және өзгелер шығарады. Сондықтан бұл экономикалық әл-ауқаттың деңгейіне байланысты. Байлық өсе бастағанда халық сапа сұрай бастайды», – дейді кәсіпкер Марғұлан Сейсембаев.