1029
Дипломат – Қанат Саудабаев
Дипломат – Қанат Саудабаев
23 жыл бойы мәдениет саласында режиссер болып қызмет еткен адамның тәуелсіз елдің алғашқы Елшісі болуы қызық та болса, ақиқат. Бұған егемен Қазақстанның тұңғыш елшісі болған Қанат Саудабаевтың өмірі дәлел.
Режиссерліктен елшілік қызметке бет бұру өзі үшін де күтпеген шешім болғанын бір сұхбаттарында айтқан Қанат Бекмырзаұлы сол тұстағы Қазақ КСР Президенті болған Н.Ә.Назарбаевтың өзіне енді Мәскеумен басқаша қарым-қатынас орнайтынын, Кеңестер Одағының Коммунистік партиясының, Кеңес Одағының да енді болмайтынын айтқанын еске алады. «Осындай қиын кезеңде Орталықтағы жағдайдың беталысын маған жедел хабардар етіп отыратын әрі қажет болса М.Горбачев және Б.Ельцинмен т.б тұлғалармен, соның ішінде шетелдік елшілермен тікелей байланысқа шыға алатын Мәскеуде сенімді өкіл қажет» деп айтқан Н.Назарбаев Қазақ КСР-дің КСРО-дағы Өкілетті Елшісі етіп Қанат Саудабаевты бекіткен. Былайша айтқанда бұл фактілі тұрғыда Қазақстанның тұңғыш Елшісі лауазымына тағайындау еді. «1992 жылға дейін Мәскеуде жұмыс істеп, билікті ұстаушылардың қайғылы жайттарын, күш пен әлсіздіктің, ерлік пен сатқындықтың, ұлы елдің құлдырап жатқандығының куәсі болдым», – деген Қанат Саудабаев Елші болған алғашқы күннен-ақ Н.Назарбаевтың тапсырмасымен шетелдік елшілермен қарым-қатынасты нығайта бастайды. «Біз ядролық держава елдерінің елшілерімен кездесе бастадық. Олар Қазақстан аумағындағы орасан зор ядролық әлеуетке байланысты дабыл қаққан еді. Бұл мемлекеттер әлбетте Кеңес одағының ядролық қаруының таралып кетуіне қарсылық танытқан емеуріндерін анық байқатқан еді. Ал Қазақстан 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялаған сәтте біздің егемендігіміз шеру іспетті мойындала бастады. Қазақстан егемендігін алғаш болып таныған елдер қатарында Түркия мен АҚШ болды. Сол тұстағы Түркия басшысы Тұрғұт Озал мен АҚШ Президенті үлкен Джордж Буш пен Нұрсұлтан Назарбаев арасында тығыз қарым-қатынас орнаған еді», – деп еске алады сол жылдарды Қанат Бекмырзаұлы.
15 жылға жуық уақыт бойы Қазақстанның маңызды елдердің астаналарында, атап айтқанда Мәскеуде, Анкарада, Лондонда, Вашингтонда Елші болған Қанат Саудабаев Елші әрі министр ретінде алғашқы күндерден-ақ Н.Назарбаевтың жетекшілігімен маңызды шетелдік делегациялармен келіссөздерге қатысады. 2011 жылғы 12 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы лауазымына тағайындалады.
Қанат Саудабаев 1968 жылы Ленинград мемлекеттік мәдениет институтын режиссер мамандығы бойынша тәмамдаған. 1988 жылы КОКП ОК жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясын аяқтады. 1972 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің шешімімен 25 жастағы Қанат Саудабаев Қазақ мемлекеттік циркінің тұңғыш басшысы болып тағайындалады.
Ал 1977 жылы отыз жасында Мәдениет министрінің орынбасары лауазымына тағайындалады. Жетпісінші жылдар қазақ мәдениеті тарихының ұшпағы болған кезең еді. Сол тұста Қанат Саудабаевтың ұйымдастырушылық қабілеті, қарқынды еңбегі көрінді. Ал 1983 жылы мемлекеттік киноның төрағасы болады. Бұл туралы Қ.Бекмырзаұлы «1983 жылы 17 желтоқсанда мені Д.А.Қонаев шақырды, сосын менімен мәдениеттің жай-күйі туралы шешіле отырып сөйлесті. Театр мен музыканың жайын қалыпты бағалап, қазақ киносына қатысты көңіліне кірбің түсірген жайттар туралы да ашық айтты. Кездесу қорытындысы бойынша мен Қазақ КСР Мемлекеттік киносының Төрағасы лауазымына тағайындалатын болдым», – дейді. Қазақ киносының өсуіне де айтарлықтай үлес қосқан Қ.Саудабаев Мемлекеттік киноға төрағалық еткен жылдардан бірнеше жыл өткеннен кейін қазақ киносында қарыштап даму байқалып, жаңа толқындар пайда болды.
Кинодағы жемісті еңбегінен кейін елшілік қызметке, мемлекеттің мүддесі үшін әрі қарай сыртқы саясатта жұмыс істеу бұйырады. Тарихқа есімі алтын әріппен жазылған Д.А.Қонаев, Н.Ә.Назарбаевпен жақын қарым-қатынаста болып, саясаттың жай-жапсарын меңгеріп, мәмілегерлікте де жоғарыда атап өткеніміздей ауыз толтырып айтарлықтай қызмет етті. Кейінгі қызметі де мемлекеттік жұмыс бабымен байланысты болды. 2007 жылы «Назарбаев орталығы» көпсалалы ғылыми-талдау және гуманитарлық-ағарту мемлекеттік мекемесінің басшысы, 2015 жылдан бастап ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Міне, өмірдің жолы сан қырлы деген осы болар. Мәдениет саласынан шоқтығы биік әрі қыруар еңбек пен терең білімділікті қажет ететін дипломатия саласында жемісті еңбек ету екінің біріне беріле бермейтін бақ әрі жауапкершілік. Қанат Бекмырзаұлы Саудабаев сондай атаулы міндетке ие болған азамат. «Құрмет», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен, мерейтойлық ордендерімен марапатталды. Бүгінде ұлы Ермек Саудабаев әкесінің ізін жалғап, елшілік қызметте жүр.
Қызықты әрі сан қырлы өмір жолын кешкен Қанат Саудабаевтың есімі Қазақстан мәдениеті мен дипломатиясында жаңғырып, ел үшін сіңірген еңбегі елене береді.
Олжас БЕРКІНБАЕВ