387
Қазақ байыса... шетелден үй алатын болды
Қазақ байыса... шетелден үй алатын болды
Бүгінде шетелде үйіңнің болуы – тренд. Ақшасы барлар жайлы қонысты елден емес, шалғайдан іздеуге көшкен сыңайлы. Несін жасырайық, осы күні әлемнің екі шетінде де тұра алу, көңілің қалағанда көл жағасындағы үйіңе ұшып бару – көптің арманы.
Соңғы жылдары ел тұрғындары шетелден тұрғын үй және коммерциялық нысандарды сатып алуды жиілеткен. Бұл туралы шетелдік жылжымайтын мүлікке арналған инвестициялар жөніндегі конференцияда айтылды. Жылжымайтын мүлік нарығы мамандарының сөзіне сүйенсек, қазақстандықтар көбіне Түркия, Солтүстік Кипр, Испания, Болгария, Германия, АҚШ, Чехия, БАӘ, Италия, Канада, Таиланд секілді елдерден баспана іздейді екен.
Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының шетелдік жылжымайтын мүлік комитетінің вице-президенті Елена Кволек-Румянцеваның айтуынша, шетелден алынатын жылжымайтын мүліктің орташа бағасы таңдауыңыз түскен мемлекеттің нарықтық жағдайына байланысты әрқилы. Мәселен, Болгарияда пәтерлердің бағасы 15 мың еуродан басталса, Дубайда – 250 мыңнан, Солтүстік Кипрде – 40 мыңнан, Оңтүстік Кипрде – 80 мыңнан, ал Түркияда 50 мыңнан басталады.
– Шетелден баспана сатып алуға қазақстандықтардың ынтасы жоғары. Дамыған елдерге қоныс аударып, өмір сапасын жақсартқысы келетіндер көп. Бір ерекшелігі, қазақстандықтар шағын аумақты жерлерді ұнатпайды. Мысалы, олар Кипрдегі виллаларды сатып алмайды. Олар бұл елде үлкен учаскелерге 1000 – 1500 шаршы метрлік тұрғын үйлерін салғанды жөн көреді. Екіншіден, Қазақстан тұрғындары балаларға білім беру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Солтүстік және Оңтүстік Кипрде білім алу айтарлықтай қолжетімді. Сондықтан Кипр қазақстандықтар жылжымайтын мүлік сатып алатын елдердің ондығына кіреді. Бұдан бөлек, шетелде тұрғысы келетін Қазақстан азаматтары теңгенің жақсы қызмет көрсеткенін қалайды. Сондықтан олар Испания, Болгария, Таиландтан жалға пәтер алады. Тұрғын үйді сатып алғанда да коммерциялық компонент туралы, капиталды сақтау және көбейту туралы ойлайды, – дейді Елена Кволек-Румянцева.
Сұраныс артқандығының тағы бір дәлелі – соңғы уақытта елімізде шетелден үй сатып алудың түрлі жеңіл жолдарын насихаттайтын әрі ұсынатын компаниялар көбейді. Солардың бірі – «Афик груп» халықаралық құрылыс компаниясы. Астана, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындарымен кездесіп, арнайы конференция өткізіп, Солтүстік Кипрден үй алуға үндеп жүрген компания өкілдерінің айтуынша, аралдан баспана сатып алудың түк қиындығы жоқ. Ондағы үйлердің бағасы отандық пәтерлер құнынан қымбат емес. Пәтер, вилла тіпті таунхаустың әр шаршы метріне 900 доллар төлеп сатып алуға болатын көрінеді.
«Біз, қазақстандықтар, тура бір жыл бұрын Солтүстік Кипрге көшкен болатынбыз. Онда бәрі қолжетімді әрі жанға жайлы орын. Адамдары да өзіміз секілді ашық. Табиғаты да тамаша. Ең қуантарлығы, тұрғын үй бағасының қолжетімділігі. Сосын бірден бұл жайлы отандастарымызбен бөлісуді жөн деп таптық. Себебі өз өмірін тыныш жерде, табиғат аясында өткізгенді құп көретіндер көп. Біздің компания арқылы өзіңізге ұнайтын тұрғын үйді онлайн таңдауға не болмаса аралдың өзіне барып таңдауға болады. Теңіз жағасындағы үйді пайызсыз бөліп төлеуге немесе 7 жылға несиеге ала аласыз», – дейді «Афик груп» компаниясының Орталық Азия және Қазақстан бойынша директоры Екатерина Мунатаева.
Солтүстік Кипрдің жұмақ мекен екені талассыз. Жерорта теңізінің жағасындағы ондаған аралда 300 күн бойы күн шуағына қыздырынуға болады. Тұрғын үй кешендерінің аумағында балалар алаңдары, спорттық клубтар, аквапарктер мен бассейндер бар. Бұдан бөлек, жергілікті риэлторлар аралда қылмыс деңгейінің төмендігін алға тартады. Сондықтан бұл елден жылжымайтын мүлік алуға ниетті отандастарымыздың көбею сырын түсінуге болатындай. Солардың бірі – шымкенттік Әсия Қаратаева.
«Менің ойымша, Кипрден баспана алуға қарапайым қазақстандықтардың мүмкіндігі жетеді. Пәтерлер қымбат емес, бар болғаны 45 мың доллар. Теңіз жағасындағы үй жан рахаты ғана емес, болашаққа құйылған жақсы инвестиция. Өйткені үйіңді аралға ағылып келетін туристерге жалға беру арқылы қыруар пайда табуға болады», – дейді Әсия.
Әрине, әр қазақ бай-қуатты болса, жаны қалаған жерде тұрса, қуанамыз. Алайда онсыз да тарыдай шашылған халқымыздың басын қоса алмай жүргенде, бауырларымыздың игілікті өмірді өз жерінен емес, жат жұрттан іздегені алаңдатады.
Анар ЛЕПЕСОВА
«Тúrkistan»