424
Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері
Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары басталды. 27 жылдық тарихы бар қазақ-қытай ынтымақтастығын арттыра түсуге бағытталған бұл сапардың маңызы зор.
Қазақстанның бұл кездесуге ерекше мән беруінің себебін Қасым-Жомарт Тоқаев ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцеляриясының бастығы Ян Цзечимен кездесуінде түсіндірді.
– Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз.
Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз. Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз. Экономикалық ынтымақтастыққа келер болсақ, оның стратегиялық сипаты бар. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Төраға Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтар одан әрі дами береді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан мен Қытайды екі елге ортақ тарихи ұқсастықтар жақындата түседі. «Осыдан 40 жыл бұрын Қытай басшылығы мен Қытай халқы дана шешімдер қабылдап, ауқымды жаңғыртулар кезеңіне қадам басты. Сол маңызды өзгерістердің арқасында бүгінде Қытай мемлекеті әлемдік дамуда көш бастап тұр. 30 жыл ішінде Қазақстан да күрделі әрі табысты даму кезеңінен өтті. Еліміз тамыры терең дағдарысты еңсеріп, орнықты даму жолына түсті», – деді Президент Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында оқыған дәрісінде.
Екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің нығая түсуіне тың серпін болатын шара – Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуында сөйлеген сөзінде Президент мемлекеттеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 12 миллиард долларға жеткенін айтты. Тәуелсіздік жылдары Қытайдың Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салуы да мемлекеттердің әріптестігі өзара сенімге негізделгенін дәлелдесе керек. Еліміздің инвестициялық ахуалын мейлінше қолайлы етуге бар күш-жігерін жұмылдырып отырғанын тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық бизнесмендерді «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржылық іс-қимылдарын белсенді пайдалануға шақырды, сондай-ақ оның осы аймақтағы бірегей институт екенін және қазірдің өзінде Қаржы орталығына 250-ден астам компания тіркелгенін атап өтті.
Қазақстан Президентінің Қытай Халық республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі қазақ-қытай ынтымақтастығының жаңа дейгейге көтерілетінін шегелеп бергендей болды. Си Цзиньпин әріптесін Халықтар жиыны үйінде күтіп алды. Алып алаңдағы алғашқы кездесуден соң мемлекет басшылары жеке кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша Си Цзиньпин мен Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, тараптар 10-ға тарта құжатқа қол қойды. Оның ішінде, авиациялық іздеу және азаматтық әуекемелерін құтқару жөнінде үкіметаралық келісім, «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы экономикалық белдеуін» бірлесе жүзеге асыру жөніндегі меморандум, Қытайға экспортталатын қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері туралы хаттамалар бар. Елдің қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы үшін маңызы зор бұл құжаттар қолдау күткен бірқатар салалардың дамуына дем берері анық.
Мемлекет басшысының Қытайға сапары бүгін жалғасын табады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ханчжоу қаласына барып, негізін Джек Ма қалаған атақты «Алибаба» компаниясының жұмысымен танысады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қытайға сапарында барлық баяндамасын тек қазақ тілінде жасады.
Анар ЛЕПЕСОВА