Қазақстанда өндірістік жарақат саны азайды

Қазақстанда өндірістік жарақат саны азайды

Қазақстанда өндірістік жарақат саны азайды
ашық дереккөзі
275
2019 жылдың 7 айында өндірісте жарақаттану өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11% - ға төмендеген. Бұл туралы inbusiness.kz хабарлады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елорданың жекелеген кәсіпорындарындағы еңбек қатынастарының проблемалық мәселелеріне арналған кеңес барысында мәлімдеді.  «Биылғы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ел кәсіпорындарында 749 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 11% төмен (2018 жылдың 7 айында – 842 адам), оның ішінде өліммен аяқталған – 82 адам, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 28% төмен (2018 жылы – 114 адам). Алайда Нұр-Сұлтан қаласында өндірістік жарақат алу көрсеткіші айтарлықтай өсіп отыр», –  деді Б. Нұрымбетов. 2019 жылы қала кәсіпорындарында 34 қызметкер зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 70%-ға артық (2018 жылдың 8 айында – 20 адам), оның ішінде 7 адам қаза болды (2018 жылдың 8 айында – 5 адам). «Бұл, ең алдымен, 23 мамырда «Астана Су Арнасы» МКК-де орын алған, 4 адам қайтыс болып, 1 адам қатты уланған топтық жазатайым оқиғаға байланысты. Тергеу нәтижелері бойынша жазатайым оқиғаның негізгі себебі кәріз ішіндегі ауа талдауының газталдағышпен жүргізілмегені, қызметкерлерге газқағарлардың берілмегені, сондай-ақ, наряд-рұқсатнама бермей жұмысқа жіберілгені анықталды.Осы себептерге сүйене отырып, жұмыс беруші лауазымды тұлғалардың кінәсі 100% дәлелденді» – деді ол. Кеңесті қорытындылай келе, Біржан Нұрымбетов елорда әкімдігіне: 2019 – 2023 жылдарға арналған еңбек жанжалдарын болдырмау жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының және өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жол картасының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды; жалақы, өндірістік жарақаттану, еңбек жанжалдары бойынша берешектің себептеріне тұрақты негізде талдау жүргізуді және оларды жою жөнінде уақтылы шаралар қабылдауды; жұмыс берушілердің еңбекақы бойынша берешектерді жою жөнінде нақты жоспарлар жасауды; өндірістік тәуекелдің жоғары деңгейі бар әрбір кәсіпорында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітуді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары