1945
Сұлу өнердің сыры
Сұлу өнердің сыры
2019 жылы 2019 жылдың 28 тамызында, сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейінде суретші Күлипа Жұбаниязованың «СҰЛУ ӨНЕРДІҢ СЫРЫ» атты мерейтойлық жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Көрмеде Ә. Қастеев ат. ҚР МӨМ қо-рындағы гобелен туындылары қойылады. Бұл туралы көрме жетекшісі Гүлнар Жұбаниязова хабарлады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі Жұбаниязова Күлипа Есімқызы 1949 жылы 25 ақпанда Шымкент облысы, Төлеби ауданы, Ұзын-Арық аулында дүниеге келді. 1973 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің суретші және көркемдеуші мамандығын, 2008 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің көркем графика факультетін бітірді.
1970 жылдары қазақ қыздар арасынан шыққан алғашқы гобелен суретшілерінің бірі Күлипа Есімқызы Жұбаниязова шығармашылығында қазақтың даласын, ондағы тылсым дүниенің болмысын су-реттеп, ұлттық мәдениетті, дәстүрлі өнерді барынша дәріптеуді мақсат еткен суретші. 1973 жылдан бас-тап Бүкілодақтық, Республикалық, Облыстық көрмелерге гобелен, суретті текемет, дәстүрлі ұлттық нақыштағы тоқыма, кесте бұйымдарымен қатысты. Әрбір туындысы қазақ тарихы мен мәдениетіне, кеңес дәуіріндегі белгілі бейітшілік, достық, еңбек, әйел бақыты, туған жер сияқты тақырыптарға байланыстыра жасап, кәсіби шеберлігін танытты. Оның алғашқы «Бақыт» гобелені 1975 жылы Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музей қорына алынды.
1973-1994 жылдар аралығында ҚазКСРО Суретшілер одағының қолдауымен ашылған Сәндік қолданбалы өнер және Біріккен жастар қолданбалы өнер секциясында мемлекеттік тапсырыстарды жоғары деңгейде орындап, өз кәсібилігін ерекшеледі. Күлипа Есімқызы шығармашылық ізденістерін гобелен тоқу және халықтық текемет техникасында бейнелі композициялар жасауда жаңа тақырып-тар мен көркемдік тәсілдерді игеруге байланыстырған алғашқы қазақ суретшілерінің бірі. Суретші өз композицияларында бейнеленген образдық-мағыналық формаларға және күрделендірілген тоқыма кеңістігіне батыл эксперимент (гобелендер: «Ана махаббаты» (1972), «Жер Ана» 1974, «Мамыр» 1977; «Цилина» 1979, «Достық» 1980, «Менің Қазақстаным» 1981, «Шеберлер» (1973), «Нан» (1984), текеметтер: «Күйші» (1977), «Жылқышы» (1978), «Қызылқұм» (1978), «Дала әуені» (1979), «Саятшы» (1980), «Отбасы»( 1980) жасай отырып, шынайы өмірлік образдарға да, қазақ мәдениетіндегі символдардың ерекше «тіліне» де мойын бұрды.
Суретшінің шығармашылық жұмыстары елеусіз қалған жоқ: айталық, «Мамыр» (1977) гобе-лені АҚШ-тың Елшілігінде болса, «Қызылқұм» (1978) текеметі Қазақстанның Мемлекеттік Орталық музейінің қорында сақтаулы. 1980 жылы «Достық» гобелені ҚазКСРО Мәдениет министрлігінің қо-рына алынды, сонымен қатар «Менің Қазақстаным» Алматы қаласының «Қазақстан» қонақ үйі холына ілінді.
Сондай-ақ, суретші 1980-90 жылдары Ось қаласындағы Норвегияда, Чехословакияда, Румы-нияда, Болгарияда, Польшада, Францияда, Италияда, Германияда, АҚШ, Швеция, Австралия, Гви-нея, Ресейде (Мәскеу) өткен шығармашылық көрмелерде ауқымды туындыларымен қатысты.
К. Жұбаниязованың кейінгі кездегі шығармашылық туындылары заманауи және көне мифтік ұлттық мәдениетінің бірегей символына айналған тақырыптарда да орын алады. Айталық «Қасқасу» (2006), «Сарқырама» (2008), «Жар тас» (2010), «Ақ гүл» (2011), «Құрақ» (2012), «Қынатас» (2013), «Дастархан» (2014), «Бақша» (2018), «Менің Қазақстаным» (2019), «Ұлттық рух» (2019), «Табиғат тылсымы» (2019) гобелен туындыларынан өткеннің сарыны, бүгінгінің ақиқаты, ертеңгінің рухы әуендейді.
Суретші Күлипа Жұбаниязова Есімқызы сырлы да әуезді шығармашылық туындыларымен тұлғалық ерекшелігін танытып, қазақ кәсіби қолданбалы өнерінің ұлттық деңгейде өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.