662
Партияның жаңа бағыты: Нақты шешім, сенімді диалог
Партияның жаңа бағыты: Нақты шешім, сенімді диалог
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Басқосуға Саяси кеңес Бюросының мүшелері, Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және олардың орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кеңейтілген отырыста күн тәртібіне сәйкес партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту және Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.
Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев сайлау заңнамасын реформалау нәтижелеріне тоқталып, қабылданған пропорционалды жүйе озық әлемдік тәжірибеге сай келетінін және демократияны дамытуға септігін тигізетінін айтты.
– Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек, сонда беделіміз де артады, халық та қолдайды. Экономика мен саяси даму бағытында көшбасшы атанған елдердің тәжірибесінен сабақ алғанымыз жөн, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
«Nur Otan» партиясының Төрағасы алдағы сайлаудың конституциялық мерзімде өтетіндігін тағы бір мәрте атап өтті.
– Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, «Nur Otan» партиясы мен жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындауға, адамдардың нақты проблемаларын шешуге тиіс. Ең алдымен, өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеу қажет, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды.
Атап айтқанда, Елбасы бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды.
– Партияның Мәжілістегі фракциясының жұмысын барынша күшейту керек. Бұл партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі. Фракцияның мәртебесін көтеру үшін оның жетекшісі лауазымына Мәжіліс Төрағасы Нығматуллин Нұрлан Зайроллаұлын сайлауды ұсынамын. Ол Мәжілістің спикері ретінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу және фракция жұмысын қайта жандандыру үшін барлық ресурстарды жұмылдыра алады, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев халықпен нақты жұмыс істеу қағидатын енгізуді, қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыруды және партия төңірегіне жастарды біріктіру үшін шаралар қабылдауды ұсынды.
– Қазіргі таңда «жаңа» медиа саласында шындыққа жанаспайтын ақпарат таратушы арналар көбейіп келеді. Жергілікті, қарапайым мәселелер республикалық деңгейге дейін көтерілуде. Қоғамдық санада жалған түсінік қалыптасуда. «Nur Otan» өзінің ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет. Партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуға тиіс, – деді партия Төрағасы.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел алдында тұрған экономикалық проблемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа шаралар ұсынды.
Атап айтқанда, Елбасы бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізуді ұсынды.
– Сондай-ақ, бюджет саясатын қайта қарау қажет. Мемлекеттік сатып алулар ашық емес және сыбайлас жемқорлық жаппай белең алған салаға айналды. Құны 1,8 триллион теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алулардың 65 пайызы бір көзден жүзеге асқан. Мемлекеттік сатып алулар туралы заңды өзгерту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті белсенді сауда саясатын жүзеге асыру және қаржы секторын тұрақтандыру шараларын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Қазіргі таңда жасанды интеллект алдыңғы қатарға шықты. Оны тіршіліктің барлық саласына енгізу ауқымы жағынан уранның бөлінуі туралы жаңалықты ашумен тең. Жасанды интеллект денсаулық сақтаудан бастап, өндіріс пен қаржы секторына дейінгі барлық саланы түгел трансформациялайды. Жасанды интеллект жаңа әлемдік тәртіп орнатып, жаңа жаһандық көшбасшылар мен аутсайдерлерді айқындайды. Сондықтан біз оны қолдау үшін қазірден бастап ауқымды және жүйелі шаралар қабылдауымыз қажет, – деді партия Төрағасы.
Нұрсұлтан Назарбаев жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, сондай-ақ, осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды.
– Партияның күнделікті жұмысын айтарлықтай жандандыру керек. Біз үлкен деректер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халықтың сұранысына алдын ала жауап беруді үйренуіміз керек, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, отырыс барысында Партия Саяси кеңесі Бюросының жаңа мүшелері ретінде «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі және «Жас Отан» жастар қанатының көшбасшысы Д.Кәрібек сайланды.
Мұрат Бақтиярұлы, Сенат депутаты:
Халықпен етене жақын болу маңызды
– Мемлекеттің саяси жүйесінде саяси партиялардың орны ерекше. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда көптеген саяси ұйымдар мен партиялар өмірге келді. Бізде 6 партия ресми түрде тіркелген. Олардан Мәжіліске депутат ретінде сайланды да. Соның ішінде Мәжілістің басым бөлігі «Nur Otan» партиясынан сайланғандар. Қазір «Nur Otan» партиясының филиалдары, өкілдері барлық облыста жұмыс істейді. Соңғы кезде партияның халық арасында беделін арттыру үшін тың өзгерістер енгізу қолға алынды. Елбасы партияның саяси кеңесінде партия жүйесіне үлкен саяси реформалар жүргізу керектігін айтты. Азаматтардың билікке деген сенімін арттыру үшін жұмыс істеу керектігін ескертті. Партия – керек ұйым. Меніңше, кабинеттік стильде емес, халық арасына шығып, мұң-мұқтажын тыңдау керек. Партияның жаңаруы, жұмыс істеу стилін өзгертуі дұрыс. Сол сияқты партия адам санымен емес, оның сапасымен мақтану керек. Партия құрамына отаншыл, мемлекетшіл, ұлтшыл, рухшыл, кез келген мәселеге немқұрайлы қарамайтын жүрегі таза азаматтар топтасқаны абзал. Сонда ғана лидерлік партия деген сипатқа лайықты болып, әлеуеті жоғарылайды.
Ерлан Саиров, саясаттанушы:
Түйткілді мәселенің бірі – жастарды әлеуметтендіру
– «Nur Otan» партиясы жиынында блогерлік туралы айтылды. Елбасы бұл туралы неге айтты? Бұл еліміздегі саяси ландшафттың өзгеріп келе жатқанын, билік партиясының әлеуметтік процестерге сай болуға тырысатынын көрсетсе керек. Саяси кеңесте халыққа жақын болу, елдегі әлеуметтік мәселелерді ұтымды шешу жөнінде айтылды. Бүгінгі қоғамның негізгі сұранысы – саяси модернизация мен қоғамдық процестерді либерализациялау. Партия осындай трендтерге сәйкес болуы керек. Мұны партияның жоғарғы менеджменті де жақсы түсінеді. Бұл мақсатқа жетудің құралдары көп. Мәселен, еліміздегі ең түйткілді мәселелердің бірі – жастарды әлеуметтендіру. Одан бөлек, биліктің халыққа жақын болуын қамтамасыз ету мәселесі бар. Меніңше, шынайы саяси өзгерістерге жетелейтін осындай негізгі трендтерге сәйкес болу – бүгінгі күннің басты талабы.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
Бәсеке бар жерде өсім пайда болады
– Қазір қоғамда «Партия шын мәнінде – партияға айналуы керек» деген сөз жиі айтылады. Шынын айту керек бүгінгі күнге дейін «Nur Otan» партиясы биліктің бір бөлігі ретінде қарастырылып келді. Бүкіл әлемдік тәжірибеге қарасақ, үкіметтік органдар партиялық жүйе арқылы қалыптасады. Мемлекеттік органдар бөлек, бірақ саяси басшылық партиялардың құрамынан шығады. Яғни сайлауда жеңіске жеткен партия – билікті қалыптастырады, оның бүкіл бағдарламасын жасауға қатысады. Шын мәнінде демократияға жол бастаймыз дейтін болсақ, онда саяси партияларға басымдық берілу керек. Олардың мүмкіндіктері, саяси өмірге ықпалы еселеп артқаны жөн. Болашақта саяси партиялар туралы заңдар қайта қаралып, жаңа партиялардың пайда болуы секілді шаралар іске асатын болса жақсы. Шын мәніндегі саяси көшбасшылық монополия дәрежесінде жүзеге аспайды. Тек бәсеке бар жерде өсім пайда болады, өзара тартыс, идеялардың, платформа, стратегиялардың жарысы пайда болады. Екіншіден, «Nur Otan» басқа партиялардың тіркелуіне, өзінің жұмысын іске асыруына ықпал етіп, тиісті көмегін беру керек. Бір, бір жарым жылдан кейін болатын сайлау жаңа саяси күштердің парламентке келуіне, олардың мәслихаттарға келуіне т.б ықпал ететін болса, онда біздегі партиялық жүйе де дұрыс жүзеге аса бастайды. Бір қызығы Қазақстанның ешбір жерінде белгілі бір партия әкімдіктің бюджетіне немесе оның бағдарламасына балама бірнәрсе ұсынды дегенді естіп көрмеппін. Біздегі саяси өмір тек Нұр-Сұлтан мен Алматының аясында ғана іспетті. Партиялар сайлау кезінде тіріліп, қайта жоқ боп кетеді. Ол менің ойымша аса жақсы емес. Партия деген «бөлік» деген сөзді білдірсе де, дұрыс партиялар дұрыс саяси ұйымдар керісінше ұлттың бірігуіне, елдің тұтасуына, тұрақтануына қызмет етеді.