Ғылым мен саясатты сәтті ұштастырған – Мүслім Базарбаев

Ғылым мен саясатты сәтті ұштастырған – Мүслім Базарбаев

Ғылым мен саясатты сәтті ұштастырған – Мүслім Базарбаев
ашық дереккөзі
Ұлы тұлға Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын зерт­теп, И.С.Тургеневтің туындыларын қазақ тілінде сөйлеткен өзі әде­биет­танушы, мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, аудармашы, КСР сыртқы істер министрі болған Мүслім Базарбаевтың есімі ерекше. 1927  жылы Қызылорда облысында дүниеге келген М.Базарбаев қазақ әдебиетінде шоқтығы биік тұлғалардың бірі. 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдап, Қазақ КСР ғылым академиясы жанындағы тіл және әдебиет институтының аспирантурасына қабыл­да­нады. 1955 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Ал 1956 жылы Кеңес­­тер Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын тәмамдайды. 1961 жылы Мүслім Базарбаев Қазақ КСР ғылым Академиясының қоғамдық ғы­­лымдар бөлімінде қазақтың біртуар жа­­зушысы Мұхтар Әуезов хақында анық әрі тұжырымды ой айтып, мәлімдеме жасауы институтқа Мұхтар Омарханұлының есімін беруге септігін тигізген еді. Аталған институттың тұңғыш басшысы да Мү­с­лі­м Базарбаев болды. Базарбаев Мұхтар Әуез­ов­­тің шығармашылық жолын та­ны­туға көп күш салды. Мәселен, 1967 жылы Әуе­зов атындағы мұражай үйдің ашылуына да ат салысып, жазушының он екі том­дық шы­ғармаларының кітап болып басылып шығуын да қолға алды. Әуезовтен өзге Шәкәрім Құдайбер­ді­ұлының шығар­ма­шы­лығын алғаш болып зерттеген ға­лым­дардың бірі. Шәкәрімнің шығар­ма­ларын жинақтарға біріктіріп, Мәскеуде Шәкәрім туралы диссертация қорғады. Өз заманының білгірі бола білген, талантты ұйымдастырушы, ғалым Мүслім Базарбайұлы мәдениет пен әдебиеттің әрі қарай дамуының жол-белестерін алдын ала сезініп, түйсіне алған еді. 1970-1976 жылдары мәдениет министрі, ал 1976-1981 жылдары сыртқы істер министрі лауазымын атқара отырып, дипломатия, академиялық ғылым, әдебиеттану және әдебиет сынының өресінің өсіп, өрісінің кеңуіне мол еңбек сіңірді. Сыртқы саясатта білікті маман бола отырып өзінің шығармашылық пен ғылымға құрылған жолын тәрк етпеді. Ғалымның қаламынан жиырмаға жуық ірі зерттеулер мен моно­графиялық еңбектер туындады. Оның ішінде «Жанды дәстүрлер», «Әде­биет және дәуір», «Қазақ поэзиясындағы ұлт­тық дәстүрлер мен жаңашылдық», «Біздің әдебиеттің эстетикалық байлығы», «Кө­рікті ойдан – көркем сөз», «Замана ту­дыр­ған әдебиет» т.б деп атап өтуге болады. Әсіресе Абай мен Жамбылдың шы­ғар­машылығын зерттеуде, қазақ әдебиетін со­нау лиро-эпостық жырлар дәуірінен ХХ ғасырға дейін қарастыруда ғалым өзінше тың көзқарастар танытты. «Қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүрлер мен жаңашылдық» тақырыбында 1971 жылы докторлық диссертациясын қор­ғады. Ғалымның аудармашылық қызметі де бір төбе.  Аристофанның шығармаларын, Тургеневтің хикаяттарын қазақ тілінде еш мүдірместен сөйлетті. Ұлы Отан соғысы тұсындағы Қазақстан мәдение­ті­нің дамуына орасан зор үлес қосқан орыс және украин театрларының, «Мосфильм» мен «Ленфильмнің» үлесін, сон­дай-ақ С.Эйзенштейн, А.Пудовкин, И.Пырь­­евтің, К.Паустовскийдің, М.Шоло­хов­т­ың еңбек­те­рін таныта білді. 300-ге жуық қазақ және орыс тілдерінде ғылыми мақалалары жарияланған. Өмірінің соңына дейін ғылым жолында да, өзінің мемлекеттік қызметінде де өте абыройлы бола білген Мүслім Базарбаев көзі тірісінде ғылымның ұшпағына шыға білген, ел үшін аянбай еңбек те ете білген көрнекті тұлға.

Олжас БЕРКІНБАЕВ