1104
Ата кәсіп – жұртқа нәсіп
Ата кәсіп – жұртқа нәсіп
Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешенді дамыту ісіне баса назар аударылуда. Өйткені бұл сала ел экономикасында маңызды рөлге ие. Оның дамуы елдің тұрақты дамуын теңестіріп, еңбек өнімділігін арттырады және халықтың негізгі бөлігінің өмір деңгейінің жақсаруын қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қолға алынғаны белгілі.
Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен экономиканың тұрақты дамып келе жатқан салаларының бірі ғана емес, сонымен бірге бизнес үшін экономикалық тұрғыдан тартымды салаға айналып отыр. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған бағдарламаны жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығындағы бір жұмысшының еңбек өнімділігі 4,0 млн теңгеге дейін 2,5 есеге, қайта өңделген өнім экспорты 2,7 млрд АҚШ долларына дейін 2,5 есе, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2 есеге дейін, саланың негізгі капиталына инвестициялар түсімі 3 есе, тартымды несие қаржыларының көлемі 2021 жылға қарай 2017 жыл деңгейіне қарағанда 9 есе ұлғаяды. Сонымен қатар, бағдарлама нәтижесінде 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, айналымға қосымша 500 млн гектар жайылым енгізілуі тиіс. Одан бөлек сиыр және қой өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін ұлғайтып, ірі қара мал етін экспорттау бойынша 5 көшбасшы елдер қатарына кіруге мүмкіндік бермек.
Қазақ малының еті мен сүті молая ма?
Жоғарыда аталған шаруашылықтар арасында мал шаруашылығының еліміз үшін алар орны ерекше. Себебі мал шаруашылығы ауыл шаруашылығының тек жалпы өнім беретін саласы ғана емес, халықты маңызды азық-түлікпен қамтамасыз ететін саласы. Соңғы жылдары мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде оң өсім байқалады. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 962,2 млрд теңгеден 1063,5 млрд теңгеге дейін 10,5 пайызға ұлғайды. Сиыр етін өндіру 477 мың тоннаны құрады, бұл ішкі тұтынудың 98 пайызын қамтамасыз етеді. Тиісінше қой еті 150 мың тонна, шошқа еті 86 мың тонна болды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті бойынша экспорт көлемі 19,9 мың тоннаны, қой еті 3 мың тоннаны, шошқа еті 400 тоннаны құрады. Ет экспортын есепке алу Статистика комитетінің статистикалар деректері негізінде, сондай-ақ экспортқа берілген ветеринарлық сертификаттар негізінде жүргізіледі. Бұлардың көрсеткіштерінің айырмашылығы Статистика әдістемесінде етке қайта есептегенде союға экспортталған тірі мал санатының болмауына байланысты.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы салаларын дамытудың ұзақ мерзімді салалық бағдарламаларын қабылдап іске асыруда. Әрбір бағдарламада фермерлік шаруашылықтарды және өндірістік қуаттарды құру бойынша өңірлер бөлінісінде индикативтік көрсеткіштер бар және мал шаруашылығы өнімін өндіру жоспарлы көрсеткіштері көрсетілген. Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы 10 жыл ішінде бордақылау алаңдары және ет комбинаттарымен кооперацияланып жұмыс істейтін етті мал шаруашылығы мен қой шаруашылығында 80 мың отбасылық фермерлік шаруашылықтарды құруды көздейді. Бағдарлама сиыр еті мен қой етінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Сүтті мал шаруашылығының ұзақ мерзімді бағдарламасы сүт өнімдерінің импортын алмастыруға бағытталған. Жалпы алғанда, өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі сүт-тауар фермаларының санын арттыру есебінен қайта өңдеу қуаттылығын тиеу үшін сүт өндіру көлемін 1 млн тоннаға ұлғайту жоспарлануда.
Өзімізден артылғаны шетелге
Сиыр еті мен қой етін өндіруде, сондай-ақ экспорт көлемін кеңейту үшін ірі қара мал мен қойдың аналық басын еселеп өсіру қажет. Етті мал шаруашылығын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы аясында өткен жылдан бастап жеңілдікті шарттармен етті мал шаруашылығында отбасылық фермерлік шаруашылықтарды құруға кредит берудің арнайы бағдарламалары іске қосылды. 2019 жылы 683 отбасылық ферма 66,7 мың басқа несие алып, 42 мың аналық бас ірі қара мал әкелді. Мал басын сатып алудың ең жоғары көрсеткіштері Ақтөбе және Алматы облыстарында, ең төмен көрсеткіштері Қостанай облысында. Сонымен қатар, 536 фермерлік шаруашылық 210 мың аналық қой сатып алуға қаржыландырылды. Қой басын сатып алуда көш бастап тұрғандар Батыс Қазақстан, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстары. Төмен көрсеткіштер бар бұл Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров етті мал шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша: «Біз осы секторда іске асырылмаған үлкен әлеуетті көріп отырмыз. Жылдам нәтижелерге қол жеткізу үшін өнеркәсіптік сүт-тауар фермаларын салу қарқынын арттыруды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін министрлік жеке тұжырымдама әзірлеуде. Өз өндірісіміздің көлемін арттыруды ынталандыру үшін өткізу нарықтарын кеңейту және экспортты ұлғайтуды ынталандыру қажет. Министрлік ауыл шаруашылығы шикізатының экспорты бойынша ҚР үшін негізгі елдеріне (ЕО, ҚХР, Иран, Парсы шығанағы елдері) ауыл шаруашылығы шикізатынан қайта өңделген (алғашқы қайта өңдеу) өнімге ветеринарлық-санитарлық талаптарды шешу және келісу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде», – дейді. Министр атап өткен шаралардың нәтижесінде елімізде сиыр еті экспортының көлемін 37 пайызға дейін, қой етін 32 пайызға, шошқа етін 43 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр.
Биыл Нұр-Сұлтан қаласында қуаты жылына 5 мың тонна ет өндіретін ет-өңдеу кешенінің құрылысы бойынша «Ерейментау ақбас» ЖШС пайдалануға беру көзделген. Батыс Қазақстан облысында уақытша тоқтатылған Кроун батыс жобасына жаңа инвесторды тарту бойынша жұмыс жүргізілді. Ақорда компаниясы осы күзде іске қосу үшін осы жобаны сатып алуда. Сондай-ақ, Гранд Фарм (ҚХР), Бауманн (Германия), Иналка/Кремонини (Италия) сияқты трансұлттық компанияларды ет өңдеу секторына тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, америкалық Трансұлттық компаниялар өз инвестициялары есебінен сиыр етін өндіруге арналған заманауи ет өңдеу кешенін салуды жоспарлап отыр. «Қазіргі уақытта американдық ғалымдар тобы саланың ағымдағы жай-күйіне шолу жүргізіп, америкалық компаниялар үшін талдамалық есеп дайындады. Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкімен бірлесіп ет саласын дамытуды қолдау бағдарламасы әзірленуде. Қазіргі уақытта тиісті жол картасы әзірленуде. Германия Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан гранттар тартылып, құрылып жатқан сүт-тауар фермаларға ағымдағы жылдың қазан айында консультация ұйымдастыру үшін бағдарлама жүзеге асырылады», – деп атап өткен еді Ауыл шаруашылығы министрі. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың маусым айында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров АҚШ-қа іссапармен барып, бірқатар американдық компаниялармен кездесу өткізген болатын. Сонда «John Deere», «AGCO», «Valmont», «Valley Irrigation», «Hy-Line International», «International Nutririon» сынды американдық компаниялар агроөнеркәсіптік кешенді дамыту секторына инвестиция салуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Ақтөбедегі ауқымды жоба
Елімізде 2018 жылдың екінші жартысынан бастап мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы басталғанын айттық. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы статистика бойынша барлық ет экспорты 18,7 мың тоннаны құрады, оның ішінде 4,7 мың тонна сиыр еті, бұл 2017 жылдың деңгейінен 3 есе көп. Мал шаруашылығындағы оң нәтижелердің негізі – шағын және орта кәсіпорындар. Осындай кәсіпорындардың бірі Ақтөбе облысындағы «АкТеп» ЖШС 20 тонна мұздатылған сүйексіз сиыр етін вакумдық қаптамада Қытай Халық Республикасына жөнелтті. «АкТеп» ЖШС – жоғары сапалы сиыр етін өндіруге маманданған экспорттық-бағытталған ет комбинаты. Кәсіпорын – ет кластері өндірісінің толық циклындағы соңғы аяқтаушы нысан. Комбинат ет өңдеу саласына толық қызмет көрсетеді. Компанияны Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырды. «АкТеп» ЖШС үш жыл бойы Аграрлық несие корпорациясының көмегімен оң нәтижеге қол жеткізіп келеді. Осы уақыт ішінде корпорация 13 мыңнан астам асыл тұқымды – төлдейтін мал басын сатып алуға қол ұшын созды. Тек ағымдағы жылдың өзінде-ақ Австралиядан, АҚШ пен Ресейден 5 мыңнан астам асыл тұқымды ірі қара мал басы сатып алынды. Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыратын жоба Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында төлдейтін ірі қара мал басын ұлғайтуды көздейді. Сатып алынған мал ірі қара мал бағуда тәжірибесі бар ауылдық кооперативтерге жалға берілетін болады. Орта есеппен бес шаруа қожалығынан тұратын бір кооперативке 1000 бас ірі қара мал беріледі. Бүгінгі күні «Алашанкоу фуксин трейд», «Ситик», «Шенчжень Вей Джиа интернейшенел Трейд» компаниялармен ет жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылған. Болжамды жеткізу көлемі жылдың соңына дейін 4000 тонна сиыр етін құрайды.
(ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша)
Әсел ӘНУАРБЕК
Қазақстандағы ет өндірісінің көрсеткішіЖыл | Сиыр еті | Қой еті |
2014 | 405,4 тонна | 141,2 тонна |
2015 | 416,8 тонна | 146,1 тонна |
2016 | 430,5 тонна | 148,7 тонна |
2017 | 450,3 тонна | 151,4 тонна |
2018 | 477,3 тонна | 150,8 тонна |