1306
Молдахмет Қаназ: Мәселе атында емес, затында
Молдахмет Қаназ: Мәселе атында емес, затында
Қазақ ішінде ақсақалдар институты Қазан төңкерісіне дейін шама-шарқына қарай, мемлекеттік болмағанмен, тұрмыстық деңгейдегі мәселелерді реттестіріп отырғандығы мәлім.
Ал Кеңес өкіметі тұсында мемлекет бар билікті қолына алып, оларды шеттеткені белгілі. Алайда тұрмыстық, рулық, ауылдық қатынаста бұл мәртебе жойылған жоқ. Билік дәрежесінде болмағанмен, ел арасында ақыл-кеңестік дәрежеде ізін жоғалтпай келеді. Бірен-саран жағдайда пендешілік жайлар кездесіп қалғаны бар десек те, ақсақалдар бүлдіріпті дегенді естіген жоқпыз.
Жоғалған нәрсені қайта қалпына келтіруге бола ма? Мәселенің түйіні осында.
Қазір мемлекеттік басқару жүйесі шама-шарқынша жұмыс істеп тұр. Анығы, бұл жүйе ақсақалдың ақылына зәру емес. Ақсақалға зәру аса күрделі іс – мемлекетіміздің түбегейлі даму бағыты. Ақсақалдарымыздың бар жұмысы осы жерде.
Мәселен, шетелдегі қандастарымыздың елге жеткізудің қарқыны неге бәсеңдеп қалды? Қазақ өсуге тиісті емес пе? Әлі күнге дейін неге мемлекеттік идеологияның тұғыры анықталмаған? Гендерлік саясат деген әйелдің атқа мінуі ме? Отағасына кім қарайды? Кім ұрпақ өрбітіп, тәрбиелейді? Аса қатаң қанішерлер – жас балаларды зорлаушылар мен мемлекет қаржысын ұрлағандарға неге жаза жеңіл? Жұмыссыздықты қалай азайтамыз, тағысын тағылар....
«Жиналыстарды азайту мәселесіне жиналыс ашайық» демекші, мәселе ненің болса да, атында емес, затында.
Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты