Сәкен Жасұзақов ҚР Қарулы Күштерінен шығарылды

Сәкен Жасұзақов ҚР Қарулы Күштерінен шығарылды

Сәкен Жасұзақов ҚР Қарулы Күштерінен шығарылды
ашық дереккөзі
ҚР Президенті Өкімімен Арыстағы жарылысқа жол берген бұрынғы Қорғаныс министрі Қарулы күштер құрамынан шығарылып, үш жоғары әскери лауазымды тұлғаға қатаң сөгіс жарияланды.  Мемлекет басшысының Өкімімен өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындамағаны және қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қауіпсіздігін және сақталуын қамтамасыз ету жұмысындағы, Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін көшіру және орналастыру бағдарламасын іске асыру кезіндегі елеулі кемшіліктері, соның салдарынан Арыс қаласында орналасқан әскери бөлімшедегі қару-жарақтың жарылуына және қалада адам шығынына ұшыратқан ауқымды апатқа жол бергені үшін: 1. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі болып қызмет атқарған Сәкен Әділханұлы Жасұзақов Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жүйесінен шығарылды. 2. Келесі лауазымды қызметкерлерге: Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Жәлелұлы Майкеевке; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жеңісұлы Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды. Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты - Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып кетті . Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді.  Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.