956
Көлсай мен Қайыңдыкөлдің кереметі
Көлсай мен Қайыңдыкөлдің кереметі
Еліміздің кез келген өңірінде туризмді дамытуға сұранып тұрған көрікті жерлер көп. Алайда, шалғайда жатқан кейбір мекенге жетудің өзі бір мұң. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, бұл байлықты өзіміз емес, алыс және жақын шетелден келіп тамашалап жүргендер әлдеқайда түсінетін сияқты. Оған біз Көлсай көлдері мен Қайыңдыкөлге барған сапарымызда тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Алматы қаласынан 35 шақты журналист жолға шығып, 4 сағатта Саты ауылына жетіп алдық. Көлсайға апарар жол тақтайдай тегіс. 2007 жылы Қазақстан үкіметінің қаулысымен «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесі құрылғалы бері едәуір көңіл бөлінген. Ең бастысы, отандық туризмді дамытуға деген ниет түзу екеніне қуандық. Бізді күтіп алған Кеген ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Омархалық, Алғабас ауылының әкімі Сырым Есенханұлы, Саты ауылы әкімдігінің бас маманы Мәлік Ыдырысов сапардың соңына дейін жанымызда жүріп, қолға алған шаруаларының жай-жапсарымен де таныстырды. Біз алғашқы күні Көлсай көлдерін тамашалауға асықтық. Табиғат Ананың бізге берген байлығына қалайша сүйсінбейсің?! Көлге ұзақ қарап, ойға да шомдық. Бойдағы жаман энергияның бәрін өзіне тартып алғандай. Көз демалады. Көз сүйсінеді. Кәдімгі пейзаж суретке қарап тұрғандай әсерде боласың. Нағыз экотуризмді дамытатын аймақ. Бұл әсемдікті неге ертерек көрмедік дестік. «Жұмақ мекен алыста емес, жанымызда екен ғой» деді бір әріптес. Мұндағы халық та заман көшіне ілескен. Қонақүй типтес үйлер салып, демалушыларды күтіп алуды кәсіп көзіне айналдырған. Себебі, мұнда соңғы жылдары елімізден ғана емес, әлемнің төрт қиырынан ағылатын туристер көп.
Екінші күні Қайыңдыкөлге жол тарттық. Қайыңдыға апарар жол түйенің өркешіндей иір-иір. Тау етегінен жоғары қарай өрлеген көлік күшеніп келеді. Кәдімгі экстремалды жағдайды сүйетіндерге арналған жол. Бұрын-соңды жөндеу көрмеген тастақ жол. Сол себептен де демалушылардың дені Көлсайды тамашалап, Қайыңдыкөлге баруға жүрегі дауаламайды екен. Шын мәнінде, тұмса табиғаттың нағыз сұлулығы Қайыңдыкөлде ме дерсің! Мөп-мөлдір су, саф ауа, аспанмен таласа бой түзеген қарағайлар, иісі мұрын жаратын арша, жиекте жағалай жайқалған бүлдірген, түрлі емдік шөптер бір-бірімен үндесіп тұрғандай. Қарсы алдымыздан жаяу шыққан туристер жан-жағына қарап, тамсанып келеді. Ағылшын, қытай тілінде шүйіркелескен олар бізге жол сілтеп жатыр. «Бұлар біз білмеген, біз көрмеген сұлулыққа көз тойдырып жүр ғой...» деп қызғанып қоямыз тағы. Бір өкініштісі, Көлсай мен Қайыңдыкөлде телефон желісі ұстамайды, интернет тартпайды. Жылдамдықты арттыру үшін қосымша жабдық керек екен. Ол – қосымша ақша. Жергілікті белсенді азаматтардың айтуынша, оны жоғарыдағы компаниялар «тұрғын саны аз, өзін ақтамайды» деп салғысы келмейтін көрінеді. Әкімдіктегілер компанияларға хат жазып та, айтып та жатыр. Бірақ қозғалыс жоқ. Неге? Бұл туристер есебінен-ақ ақталмай ма?! Отандық туризмді дамытамыз дейміз, бірақ шетелдік турист Көлсайдың басында тұрып, тікелей эфирге шығайын, сурет сала қояйын десе интернет жоқ. Егер әлгі компаниялар осы мәселеге шындап кіріссе, сол мезетте әлемге тараған ақпарат елімізге айтарлықтай жарнама болмай ма? Оны көрген басқа бір турист келер жылы осы өлкеге келуді жоспарлайды. Нәтижесінде туризмнің тамырына қан жүгіріп, ілгері жылжитын еді.
Кеген ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Омархалық: «Көлсай көлдеріне апаратын жол – республикалық маңызы бар жол. Көлдің түбіне дейін асфальт жол салынды. Былтырдан бері «Жалаңаш-Саты-Көлсай көлі» автокөлік жолының 43-78 шақырым аралығында 35 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұйырса, жыл аяғына дейін бітіп те қалады. Ал Қайыңдыкөлге келсек, бұл аумақ республикалық, облыстық маңызы бар жолға кірмейді екен. Былтыр Кеген ауданы құрылғаннан кейін жолды ауданның меншігіне алдық. Бүгінде жобалық сметасы әзірленуде. Алматы облыстық жол басқармасына 3,5 млн теңгеге сұраныс жасалды. Қаржы бөлінсе, келер жылы Қайыңдыға апаратын жол салына бастайды», – деген жағымды жаңалықпен бөлісті. Сондай-ақ, Қайрат Байқайыпұлының айтуынша, аудан бойынша туризмге қатысты бірнеше жоба қолға алынған. Себебі, 2019 жылдың 6 айында ауданға 3560 турист келіп, 7 млн теңге ақылы туристік қызметтен қаржы түскен. «Биыл күзде «Park Canyon» ЖШС Шарын өзенінің бойынан жобалық құны 1 млрд 500 млн теңгеге сай заманауи ойын-сауық паркін салуды бастамақ. Бұл 50 жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болады. Одан бөлек былтыр «J.S. TRAVEL» ЖШС Көлсайда 10 қонақ үй салу жоспарлады. Оған 250 млн теңге көзделді. 10 үй бір мезгілде 100 адамды қабылдайды. Бүгінге дейін 3 үйдің құрылысы бітті», – деді Кеген ауданы әкімінің орынбасары.
Туған жерге ту тіккен
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. ...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі…» деген жолдар бар. Міне, сол айтқандай, туған жерінің дамуына көмек жасаған жандардың қатарында Ербол Уәлиханұлы да бар. Ол Алматы қаласында тұрса да, туған жерінен қол үзген емес. Бүгінде 24 қанатты қазақ үй тігіп, онда жан-жақтан келген туристерді күту кәсібін өрге домалатқан жеке кәсіпкер бұл істі 2017 жылы қолға алыпты.
Ербол Нұрбаев, жеке кәсіпкер:
Шетелдік туристердің Көлсай мен Қайыңдыкөлге қызығушылығы ерекше
– Бір сәт қолымыз босай қалса, ауылға тартып тұрамыз ғой. Туған жерге деген сағыныш еш басылған емес. 2007 жылы осы үй қоныс тепкен жер телімін сатып алдым. Он жылдан кейін, яғни 2017 жылы осы кәсіпті бастадық. Елімізден, әсіресе шетелден келген қонақтарды күте бастадық. Демалушыларға бар жағдай жасалған. Интернет те ұстайды. Алғашқы жылы адам көп келмеді. 2 ай ғана жұмыс істедік. Шығынды ғана жаптық. Биыл шілде айынан бастап туристер көп келе бастады. Маусым қыркүйек айының соңында бітеді.
– Жергілікті әкімдік тарапынан қандай қолдау бар?
– Кеген ауданының әкімдігі мәлімет жағынан, моралдық тұрғыдан көмек береді. Қазір несие ұсынып, оны қалай алудың жолын айтуда. Одан бөлек салық, СЭС жағынан көмек беруде. Себебі, енді ғана аяқтан тұрып келеміз. Алайда, шүкір, өз қаржыммен көтеріліп келемін. Кім біледі, болашақта қаржылай көмекті пайдаланып та қалатын шығармын. Алдағы күз, көктемде жеңіл құралмалы үй салсам деген ойым бар.
– Шетелдік саяхатшылардың сұранысы қандай?
– Оларды қатты қызықтыратыны – Көлсай мен Қайыңдыкөл. Әсіресе, Еуропадан келушілер көп. Поляк ұлтының өкілдері жиі атбасын бұрады. Биыл адам көп келді. Оған жолдың салынуы – бірден-бір себеп. Біз шетелде қалай демаламыз немесе демалғымыз келеді, шетелдік туристерге де сондай жағдай жасауға тырысамыз.
– Шетелдіктер қазақтың салт-дәстүрімен де танысу керек. Мына қазақ үйдің жанына алтыбақан жетіспей тұрған жоқ па?! Кәдімгі этноауыл болса керемет емес пе?!
– Алтыбақан қою ойымызда бар. Оған өрімді табу қиын. Қарағайды да кесуге болмайды дегендей. Болашақта біраз жоспарымыз бар. Жұбайым ағылшын тіліне жетік. Жергілікті халық шетелдіктерді көрсе бізге жол сілтейді. Біз оларға Көлсай мен Қайыңдыкөл туралы мол мәлімет береміз. Тіпті, Қытай, Франция, Еуропа, Үндістан мемлекеттерінен бөлек, Оңтүстік Американың Доминика, Коста Рика, Перу елінен туристер келді. 5 сынып оқитын ұлым Әнуар Уәлихан бізге атбасын бұрған шетелдіктердің бәрімен шахмат ойнап, түгел жеңді. Олар да қазақтың балаларына таң қалып, бас изесіп жатады.
P.S. Дүниежүзілік туристік ұйымның (ЮНВТО) мәліметтері бойынша, туризм әлемдік экономиканың жоғары табысты және ырғақты дамушы салаларының бірі болып табылады. Осылайша, туризм саласы әлемдік ІЖӨ-нің 9 пайызын, әлемдік экспорттың 6 пайызын қалыптастырады және әрбір 11-ші жаңа жұмыс орны туристік салада ашылады. Елімізде туризмнен 2016 жылы 1 пайыздан 2025 жылға қарай 8 пайызға дейін ЖІӨ-нің үлесін арттыру туралы маңызды мақсат қойылды. Ол үшін ҚР Туристік қызметін дамытудың 2023 жылға дейінгі бағдарламасы сәтті жүзеге асқаны абзал.
Қазақтың жазиралы даласы мен кең пейіліне қызықпаған сырт көз жоқ. Кезінде Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан атырабымыз жайлы этнограф-ғалым Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді» деп бекер айтпаса керек. Ал поляк әдебиетінің көрнекті өкілі Г.Зелинский Янушкевичтің ықпалымен атақты «Қазақ», «Дала» поэмаларын жазған екен. Саяхатшы, поляк жазушысы А.Янушкевичтің «Күнделіктер мен хаттар» деп аталатын кітабында оның қазақ жерін бүкіл жан-тәнімен көріп білуге тырысқаны айқын аңғарылады. Демек, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.
Динара Мыңжасарқызы
«Тúrkistan»