Сең қозғалтар сенім кеңесі

Сең қозғалтар сенім кеңесі

Сең қозғалтар сенім кеңесі
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы қаулыға қол қойған болатын. Бұл – Президенттің азаматтық қоғамды дамыту жолындағы алғашқы басты қадамы. Ұлттық кеңес билік пен халық арасында байланыс орнататын алтын көпірге айналады деп сенім артқан жан көп. Мемлекеттік бағдарламалар мен заңдар жобаларына қоғамдық сараптама жүргізіп, жұрт пікірін ескеріп, стратегиялық мәселелерді қарап, халық, саяси партиялар және билік арасында диалог жүргізуді қамтамасыз етуге бағытталған кеңестің мүшелері де белгілі. Ендеше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде қаралатын мәселелер жайында кеңеске мүше жандардан сұрап көрген едік.   Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Мәселе көтеру – басты мақсат емес –Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрудың бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешуде маңызы зор. Ал кеңесте көтерілер мәселе көп. Ұсыныстар да жет­кі­лік­ті. Кеңестің барлық мүшелері қоғамдағы аса өзекті деген мәселелерді көтеретіні сөзсіз. Сан түр­лі түйткілді бір күнде шешіп тастау мүмкін емес, әрине. Дегенмен, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтылған тақырыптар, көтерілген мәселелер нәтижелі түрде шеші­мін табатынына сенім артамыз. Ең алдымен, кеңесте қоғам­дық саяси маңызы бар заңнамалар, Бұқаралық ақпарат құралдары жайындағы шерулер, митинг өткізу жөніндегі заңдар қаралуы керек. Себебі бұл мәселелер түп­кілікті шешілмей тұрып басқа түйт­­­кілдерге ауысу қиынырақ бо­лады. Әрине, қоғамдағы келеңсіздіктерді, олқылықтарды дер кезінде анықтап, әшкерелейтін баспасөздің сөз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздігі керек. Дәл осындай мәселелерді шешіп алмай, басқа мәселелерге толыққанды кірісудің өзі неғайбыл. Еліміздің саяси тәуелсіздігін нығайту сынды маңызды міндеттер тұр. Қазақстанға шетелдік кә­сіп­орындардың көшірілуі, жер­ді шетелдіктерге жалға беру мәселесі де қазақ халқын қатты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Дәл қазіргі уақытта қазақстандықтар үшін аса өзекті болып тұр­ған әлеуметтік мәселелер, көпбалалы отбасылардың жайы, шетелдік және отандық жұмыскерлер арасындағы қарама-қайшылық, олардың бірдей жұмыс үшін әртүрлі жалақы алуы сынды түйткілдерді кеңесте қарастыруымыз қажет. Алайда басты мақсат – мәселе көтеру емес екенін ескеруіміз қажет. Сол қозғалған тақырыптар мен түйткілдерді шешу, ұлттық кеңес жұмысының нәтижелі болуы. Міне, басты міндет осы болуы тиіс. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жүктелген міндеттер жүзеге асып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қозғау салса, жұмыстың нәтижелі болғанының дәлелі. Тамыз айының соңында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтеді. Сол кезде кеңестің алғашқы қадамдары қандай боларын бағамдаймыз. Бұл жиын тек сөз жарыстыратын орта емес, қордаланған мәселелердің шешімін табатын алаң болса деп тілеймін. Үмітпен қараймыз.   Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы: Кеңестің айтарлықтай маңызы болмақ – Бүгінде халық пен билік арасындағы байланыс жоғалды. Ал соны қайта қалыпқа келтіруге Прези­дент қаулысымен құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің айтарлықтай маңызы болмақ. Сондықтан осы қоғамдық кеңес мүшелері халық пен билік арасында көпір болып, бір-бірімізді қолдап, бір-біріміздің жұмыс жасауымызға көмектесуіміз керек. Қоғамда орын алып жатқан күрмеулі мәселелердің бәрін билікке жеткізу – біздің міндетімізге айналмақ. Ал оның шешімін табу, жұмыстың нәтижелілігін көрсету – биліктің құзырында. Бірлескен жұмыстың нәтижелі боларына үлкен сенім артып отырғандардың бірімін. Қоғамдық кеңеске мүше болған азаматтардың тізі­мі­не үңілсек, бәрі де ел үшін қызмет етіп жүрген азаматтар. Қоғамда өз орнын тапқан азаматтар араласқан ортада шаруаның шатқаяқтамайтынына сенеміз.   Қазыбек ИСА, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:   Ұлттық кеңес – Ұлттың үні  болуы тиіс – Бұған дейін талай кеңестер мен комиссиялар құрылды. Бірақ бұл жолғы Ұлттық Кеңестің орны бөлек болуы тиістігіне көңіл аудару керек. Ұлттық Кеңес дер кезінде құрылып отыр. Яғни, заман тудырып отырған уақыт талабы. Өйткені қоғамда қызуы көтеріліп отырған мәселелер жетерлік. Жер мен Тілді сақтау, Парламент өкілеттігін арттыру, әділ сайлау мен әділ заңды талап еткен секілді саяси мәселелер, жемқорлықты жою, баспана мен жұмыссыздық секілді әлеуметтік-экономикалық мәселелер қызу талқыға түсе бастады. Ал көшеде, алаңда айтылар мәселелер алдымен Ақордадағы Ұлттық Кеңес алаңында шешімін тауып жатса, бұл xалыққа да, билікке де тиімді болатыны анық. Ұлттық Кеңес құрамына көбісі өз саласының маманы, өз ісінің шебері дерлік, тұрақты түрде көтеріп келе жатқан мәселелерінде тұжырымы айқын, тұғыры берік қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар мен құқық қорғаушылар, әр түрлі қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері кірген. Өңірлерде де елдің сөзін сөйлеп жүрген азаматтар бар екен. Өзіме тікелей xабарласқандардың барлығы ең алдымен осы ұлттық мәселелерді, әсіресе, бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын Тәуелсіздіктің негізгі тіректері – Тіл мен Жер мәселесін қадап айтуда. Яғни, ел менің негізгі тақырыбым, басты мақсатым – Ұлттық мүддені қорғау екенін жақсы біліп және үміт артып отыр. Ендеше, менің негізгі жұмысым – елдің жауапкершілігі зор, артар жүгі ауыр, үлкен үмітін ақтау болатыны анық. Мұндай зор мақсат, ауыр жүкті Ұлттық Кеңестің мүшелерінің бәрі біліп-сезініп отыр деп білемін. ***** Біздің азаматтарымызды билік пен қоғам диалогын дамыту мәселесі қатты толғандырады. Мұндай диалог пікір алуандығын мойындау негізінде құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз. Сондықтан мен Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске, жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы осы жылдың тамызында өткізіледі. Билік өзінің халық алдындағы уәдесін орындауға міндетті. Оның басты миссиясы осыған саяды. Тек осылай ғана ұлт бірлігі мен елдегі тұрақтылықты нығайтуға болады. Сондықтан менің сайлауалды тұғырнамамды жүзеге асырудың тақырыптық жоспары жасалады. Халықтың озық идеялары, ұсыныстары осы құжатта көрініс табады. Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті