Суармалы жер айналымға қосылса...

Суармалы жер айналымға қосылса...

Суармалы жер айналымға қосылса...
ашық дереккөзі
257
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша Үкімет шағын несие беру аясын одан әрі кеңейту жөнінде шараларды қолға алды. Бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың 60 пайызы ауылда тұрады. Осыған байланысты, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында «Ауылдағы жұмыс орны» жаңа жобасын іске асыру көзделді. Оған 10 млрд теңге бөлінді. Бұл жұмысты жүргізу барысында кооперацияларды дамыту ісіне айрықша көңіл бөлу қажет. «Кооперация­лар туралы» тиісті заң қабылданды. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, елді мекендерде ауыл-шаруашылық өнімдерін өткізу және қайта өңдеуді қамтамасыз ететін кооперативтер ұйымдастыру жөніндегі шаралар қабылдау жүктелді. Алдағы бес жыл ішінде кемінде 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу керек. Ауыл шаруашылығы минис­трлігі мен әкімдер ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалануға қатаң бақылау жүргізу тиіс. Ол жерлерді апатты жағдай­да­ғы су қоймаларын жөндеу және жаңа­дан салу есебінен қажетті су көле­мі­мен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қа­тар, агроөнеркәсіп кешеніндегі суб­сидия­лау жүйесін жетілдіру, тиімсіз субсидияларды доғару және өнім­ділікті арт­тыруға назар аудару қажет екендігі жиі айтылады. Агроөнеркәсіптік кешенін дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы еліміздің ауылдарында кооперативтік қозғалысты дамытуға серпін беретіндігі атап көр­се­тілуде. Онда агроөнеркәсіптік кешеннің қандай салалары мемлекеттік қолдауға ие болатын­ды­ғы, алдағы уақытта ел аграршылары мемлекеттік қолдаудың қандай түрлеріне ие болатындығы, осыған дейін қолда­ныс­та болып келген мемлекеттік қолдаудың қан­дай шаралары күшін жоятындығы, сонымен қатар, ішкі рынокты отандық ауыл­шаруашылық өнімдері және азық-түлік түрлерімен толтыру мақсатында қан­дай жоспарлардың әзірленіп жатқандығы нақты айтылды. Жаңа мемлекеттік бағдарламаны әзір­леу қажеттігі Қазақстанның Еуразия­лық эко­номикалық одақтың, Дүниежүзі­лік сауда ұйымның құрамында жасайтын әрекеттеріне, сондай-ақ, ғаламдық экономикада болып жатқан өзгерістер мен елі­міз­дегі ішкі үдерістерге байланысты туын­даған. Мәселен, еліміздің мал шаруа­шы­лығындағы мал өнімдерін өңдеу мен сату ісіне жүргізілген талдаулар еліміздің ішкі рыногында балық, құс еті, шұжық, ірімшік, сүттен алынатын май өнімдері жө­нінде импорттың басым екенін көр­сетіп берді. Бұл басымдық жалпылай ал­ған­да 33 пайызбен 67 пайыз ара­лығында. Ал қой, сиыр, шошқа еті жөнінен еліміз өзін-өзі толық қамт­а­масыз етіп қана қой­май, сонымен қатар, экспортты қазір­гіден әлдеқайда арттыру мүмкіндіктеріне ие. Енді өсімдік шаруашылығының өнім­деріне келетін болсақ, макарон, өсімдік майы, көкөніс және жеміс-жидек консер­вілері жөнінде импорт көлемі молырақ. Соның ішінде қант импортының көлемі 97 пайызға дейін жетті. Ал астық өнімдері, ұн және бірқатар өнімдер жөнінен еліміз ішкі рынокты толықтай қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, оларды сыртқы рыноктарға шығаруда әлемдік деңгейде өз орны бар белсенді ойын­шы­лардың қатарына қосылды. Бағдарламада ауылшаруашылық өнім­дерін өндіру мен өткізудің және оларды өңдеудің негізгі проблемалары айқын­дал­ған. Олардың қатарында бидайдың артық өндірілуі, құрамажем, арпа, құс еті өнім­ділігінің жеткіліксіздігі, өңделген ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек өнімдері үлесі­нің аздығы, сиыр, шошқа, қой еті экспорты деңгейінің төмендігі секілді өткір тұрған мәселелер бар. Бұл түйткілдердің орын алу салдарынан еліміз сыртқы саудада 1,3 миллиард долларды ала алмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бірқатар шаралар қабылданды. Со­ның ішінде 6 түрлі міндетке ерекше көңіл бөлінбек. Егер тоқтала кететін болсақ, олар: Бірінші, мал шаруашылығының тиім­ді­лігін 58 пайызға, өсімдік шаруашылық тиімділігін 40 пайызға дейін арттыру; Екінші, тауарлы өндіріске 670 мың ұсақ өндірушіні тарту үшін ауқымды ауыл­шаруашылық кооперацияларын дамыту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің қолдануға тиімді жүйесін құру; Үшінші, ауылшаруашылық тауар өн­діру­шілерін барынша кеңінен қамти отырып, жалпы сала бойынша мемлекеттік қол­даудың тиімділігін және қолже­тім­ді­лігін қамтамасыз ету; Төртінші, көзделген мақсатқа қол жет­кізуге бағытталған экспорттық саясатты іске асыру және органикалық өнім­нің қазақстандық брендін алға жылжыту; Бесінші, 600 мың гектардан астам суармалы жерді айналымға қосу; Алтыншы, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік реттеуді одан әрі жетілдіру. Міне, осында аталған міндеттерді ой­дағыдай жүзеге асыра алсақ, мұның өзі еліміздің ауыл шаруашылығының дамуына қосымша серпін беретіндігі анық. Соған бір мысал ретінде айта кететін бол­сақ, соңғы кездерде жүргізілген зерттеулер 1 гектар суармалы жердің тиімділігі мен беретін пайдасы 1 гектар телімі жердегіден 30 есеге дейін артып түсетіндігін көрсетті. Сонда 600 мың гектар суармалы жерді айналымға қосу дегеніміз 18 миллион гектар телімі жерді іске қосумен бірдей болып шықпай ма? Демек, бағдар­лама мақсатына жетсе, ауыл­ша­руа­шы­лы­ғының дамуына едәуір серпіліс болар еді. Жәнібек Әшім   Тау шаңғысы курорты дамымақ Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы «Еco Village Кaskasu» демалыс аймағында «Қасқасу» тау шаңғысы курортын дамыту бойынша халықаралық сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары М.Мырзалиевтің басшы­лы­ғы­мен  өткен жиынға  тау шаңғысы курортын құру бойынша жоғары тәжірибесі бар мемлекеттік органдармен қатар «Dianeige France», «STEM International France», «MND Group France» сынды халықаралық компа­ния­лардың сарапшылары, Ресей және Қазақстан халықаралық шаңғы феде­рацияларының инспекторлары мен қазақстандық «Гео дата плюс», «ASP Project company» компаниясының өкілдері қатысты. Жиында сөз алған «MND Group France» компаниясының директоры Фрере Эдди  жобаның техникалық-эко­номикалық тұрғыдан тиімді жаса­лын­ғандығын және өңірдің дамуына зор үлес қосатынын айтса, халық­аралық шаңғы федерациясының инспекторы Андрей Обыскалов жоба әлеуетін ескере отырып жүзеге асқан­да құрлықтық және халықаралық жарыстар, шаралар өткізуге мүмкіндігі бар екендігін жеткізді. Жоба бұған дейін халықаралық деңгейде қызу талқыланған болатын.  Бүгінгі таңда CG Group компаниясы қонақүй кешендерін салуға қызығу­шы­лық танытып отыр. Жалпы, курорт аумағы 2 негізгі аймаққа бөлінген: – тау шаңғысы инфрақұрылымы бар жоғары базасы (шаңғы трассалары, арқан және дөңес жолдар, кө­тер­гіштер, сервистік ғимараттар) 1 910 метрден 3 200 метрге дейінгі биіктікте; – төменгі база (қонақүйлер, мейрамханалар, аквапарк,  ойын, спорт және жаттығу орталықтары) 1600-ден 1900 метрге дейін биіктікте. Естеріңізге сала кетейік, қазіргі заманғы тау шаңғысы курортының құрылысы өңірдегі жаппай тау шаңғысы спортын дамытуға серпін береді, отандық туризм индустриясы қызметінің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік инфра­құр­ылымды дамытуға, Түркістан облы­сының инвестициялық тартым­ды­лығын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде келушілер саны 110 мыңнан 140 мыңға дейін артады деп күтілуде. Бұдан басқа, Қазақстанда туризмді дамыту жөніндегі 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында «Қасқасу» тау шаңғысы курор­ты­ның жобасы республикалық маңы­зы бар «Қазақстанның туристік картасы» ТОП – 50 нысанының тізіміне енді. Сондай-ақ, Түркістан облысын дамытудың 2019-2024 жылдарға ар­нал­ған кешенді жоспарына енгізілді.   Үкіметтік емес ұйымдар жұмысы жанданады Түркістан облысы әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Кеңестің 2019 жыл бойынша алғашқы отырысы өтті. Мәжілісті облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы, кеңес төрағасының орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды. Қазіргі таңда Түркістан облысында тіркелген қоғамдық бірлестіктердің жалпы саны – 121. Облыста республикалық саяси партияның («Nur Otan», «Ақжол», «Ауыл»,  «Қазақстан Коммунистер партиясы», «Жал­пы­ұлттық социал-демократиялық партиясы», «Бірлік») филиалдары жұмыс жүргі­зу­де. Биыл облыстағы мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыстың негізгі бағыты, яғни азамат­тық бастамалар орталығы, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау,  экология, туризм, дін және өзге де тақырыптар бойынша жұмыс­тар қарқынды жүргізілмек. Бұл – үкіметтік емес ұйымдар үшін үлкен қол­дау. Жиында Түркістан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Тәжібаев: «Қо­ғам­ның азаматтық белсенділігі жаңа дең­гейге көтеріліп келеді. Бұл қадамдар жергілікті атқарушы билік жұмысының тиімділігін арттыруға тікелей септігін тигізеді. Әсіресе, өңірдегі әлеуметтік мәселе­лер­дің шешіміне ықпал ететін жобаларды жүзеге асыруға үкіметтік емес сектордың көмегі мен белсенділігі қажет. Мәселен, Арыс оқиғасынан соң зардап шеккен қала­ны қалпына келтіру, секторларға бөлінген тұр­ғындармен келісімдер жасау, олардың сұрақтарын әкімдікке жеткізіп, шешімін табуға атсалысу барысында нағыз азамат­тық белсенділер ел ортасынан шықты. Гуманитарлық көмекті бөлу, тарату барысында еріктілер де ерекше үлес қосты. Мұн­дай халық пен биліктің ортақ мақса­тына қызмет ететін азаматтық белсенділік мем­ле­кеттің дамуы мен тұрақтылықтың орнауына ықпал етеді. Қиын сәтте іске асқан осындай бастамалар мен тиімді жүйені өзге аудандарда жүзеге асыруға пайдаланамыз. Бұдан бөлек үкіметтік емес ұйымдардың бірі мүмкіндігі шектеулі жандардың мұңын мұңдаса, ендігі бірі экология мен тұты­ну­шы­лардың жоғын жоқтайды. Өзге де салаларда атсалысады. Сондықтан ұйымдармен бірлесе қызмет еткен жағдайда ғана қоғам­дық күшке айналып, нәтижеге қол жеткізе аламыз», – деп атап өтті. Ал «Түркістан облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің төрағасы Шә­ріп­бек Жамалбекұлы «Үкіметтік емес ұйым­дарға қолдау көрсетуге арналған азаматтық орталықты ұйымдастыру мен дамыту» жобасын жетілдіруді, аудандардағы ақпарат­тық ресурстық орталықтарының әлеуетін арттыру қажеттілігіне, өңірдегі 700-ден астам ҮЕҰ-дың ортақ базаға тіркеу мәселе­сі­не, үкіметтік емес секторын дамытуға баса тоқталды.   Жәнібек Әшім

Серіктес жаңалықтары