242
Қауіпсіздік сертификаты неге керек?
Қауіпсіздік сертификаты неге керек?
«Құрметті абонент! Хакерлік және басқа кибершабуылдардың алдын алу бойынша жүргізілетін іс-шараларға байланысты Сіздің қауіпсіздік сертификатын орнатуыңыз керек. Құрылғыда қауіпсіздік сертификатының болмауы интернет-ресурстарға қол жеткізудегі қиындықтарға әкелуі мүмкін». 19 шілде күні ұялы телефондарына осындай хабарлама келген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары алаңдай бастады. Ғаламторсыз өмір сүру қиындаған бұл күнде мұндай хабарлама алаңдатпай қайтсін?! Бұл қандай қауіпсіздік сертификаты? Оның қажеті қанша? Орнатқысы келмегендер қайтпек? Оны орнатқаннан не өзгереді? Осы тектес сауалдар қазақстандықтарды әбден мазалағаны рас.
Қауіпсіздік сертификаты жайлы сөз қозғалысымен жұрттың бәрі адамның жеке басының мәліметтерін бақылауға жол ашатын мұндай дүниенің қажеті қанша десті. Көпшіліктің көкейіндегі сұраққа жауап қатқан Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспанов бұл сертификаттың ғаламтордағы қауіпсіздікті арттыратынын айтты. «Қауіпсіздік сертификаты азаматтардың телефондарындағы жеке мәліметтерді сақтауға мүмкіндік береді. Өздеріңізге белгілі, интернеттің дамуымен қатар киберлік құқықбұзушылықтар да жаңа деңгейге шығуда. Жеке компьютерлерден, телефоннан жеке деректерді ұрлау фактілері орын алуда. Оны орнату әр адамның өз еркі. Маған аталған сертификат бойынша хабарлама келмеді. Келген бетте өзіме және балаларымның құрылғыларына орнатамын. Қауіпсіздік сертификаты арқылы балалар қауіпті ресурстарға өте алмайды. Сәйкесінше, жеке мәліметтерді қорғауға мүмкіндік жасалады», – деді А.Оспанов. Оның айтуынша, бұл – тек елордада ғана жүріп жатқан пилоттық жоба. Тиімділігі болса, бүкіл Қазақстан бойынша іске қосылады. Әзірге ол уақыттың еншісінде.
Ал сейсенбі күні өткен Үкімет отырысында аталған мәселеге қатысты сөз алған Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев балаларды, туыстар мен жақындарды экстремистік, террористік сипаттағы тыйым салынған ақпараттан қорғауда қауіпсіздік сертификатының маңызы зор екенін тілге тиек етті. «Сан алуан шабуылдар бар. Вирустар бар. Ол жағынан сертификат көмектеседі. Адамның жеке мәліметтерін алуға мүмкіндік жоқ. Конституцияда бәрі жазылған. Сосын шұғыл іздестіру шаралары туралы заңнама бар. Бұл заң барлық мәселені реттейді. Адамның жеке мәліметтерін пайдалану заңмен қудаланады», – деді министр. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, аталған сертификат қондырғылардың ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін шешіп, жеке мағлұматтарды хакерлерден қорғауға көмектеседі. Десек те, сертификатты орнату – әр адамның өз еркі. Ақпараттық қауіпсіздік үшін алаңдайтын азаматтар құрылғыларына келген сілтеме арқылы өтіп, қауіпсіздік сертификатын орнатып алуына болады. Ал қажет емес деп тапқандарды ешкім қинамайды.
Қазақстанда тұлғалардың жеке ақпараттарын қорғау туралы заң бар. Барлығы осы заң аясында жұмыс істейді. Байланыс операторлары да азаматтардың жеке ақпараттарын қорғайды. Оған қол жеткізу өте қиын. Ал енді қауіпсіздік сертификатын орнату арқылы сіз өзіңіздің жеке ақпараттарыңызға қол жеткізуге рұқсат бересіз.
Күні кеше министр Асқар Жұмағалиев те қауіпсіздік сертификатын өз телефонына әлі де орнатпағанын, байланыс операторынан келуі тиіс смс-хабарламаны күтіп жүргенін айтқан болатын. Министрдің сонша мақтаған жүйені әлі күнге дейін өз ұялы телефонына орнатпағаны көптің көкейіндегі күдікті одан әрі күшейте түсті.
Айта кетейік, қауіпсіздік сертификатын орнату заң бойынша бекітілген. Мұндай тармақ 2015 жылы «Байланыс туралы» заңға енгізілген. Биыл елімізде интернеттің жиі істен шығып, желілердің бұғатталып қалғаны ешкімге де жасырын емес. Осындай кезеңмен тұспа-тұс келген сертификат орнату «науқанының» жұртты алаңдатуы заңдылық. Қалай десек те, қауіпсіздік сертификатын орнатуды министрлік адамдардың еркіне қалдырды. Ал бізге әліптің артын баққаннан өзге шара жоқ.
Әсел ӘНУАРБЕК