Иран һәм уран: Шиеленіс қалай шешілмек?

Иран һәм уран: Шиеленіс қалай шешілмек?

Иран һәм уран: Шиеленіс қалай шешілмек?
ашық дереккөзі
366
Еуроодаққа мүше елдер сейсенбі күні Брюссельде бас қосты. Күн тәртібіндегі басты мәселе – Иранға қатысты дау. Одаққа мүше 28 мемлекет Иранның ядролық келісім бойынша өз міндетін толық орындауын сұрап отыр. Бұған дейін Тегеран уранды келісімде көрсетілген мөлшерден артық байытуды бастайтынын мәлімдеп, іске кіріскен еді. Иранның бұл қадамы Ақ үй басшысына ұнаған жоқ. Сөйтіп, АҚШ ядролық келісімнен бас тартты. Ал бұл келісімге 2015 жылы Иран мен АҚШ, Германия, Қытай, Ұлыбритания, Ресей, Франция елдері бірлескен «алтылық» арасында қол қойылған болатын. Иран мен АҚШ арасы оңалмайтын түрі бар Осыдан төрт жыл бұрын «алтылық» пен Иран арасында Тегеранның ядролық бағдарламасы жөніндегі өзара келісім бекітілген еді. Осы шарт бойынша АҚШ пен Еуроодақ тарапынан Иранға енгізілген санкциялар тоқтатылды. Ол үшін Тегеран келі­сім­де көрсетілген барлық талаптарды орындауы шарт. Ал егер келісім толығымен орын­далмайтын болса, шектеулер қайта күшіне енеді. «Алтылыққа» мүше елдер мен Иран дәл осылай деп уағдаласқан. Сондықтан, Тегеранның келісімді бұзуы жағдайды қайта ушықтырды. Шілде айының басында Иран президенті Хасан Роухани мәлімдеме жасады. Онда ел басшысы халықаралық шектеуге қарамастан өзіне қажет мөлшерде уран байыта беретінін нақтылады. Тегеран басшысы ядролық жобалардың бір бөлігін тоқтату жайлы АҚШ-пен жасаған келісімді Вашингтон да мойындауы қажет екенін де қоса айтты. Егер Тегеран мен Вашингтон келісімге келе алса, Иран уран байытуға қатысты өз ойынан қайтпақ. Тіпті, осы кезде Иран басшысы АҚШ қысым көрсетуін тоқтатпаса, Арак қаласындағы реакторды қайта іске қосамыз деп қоқан-лоққы жасады. Айта кетейік, әлгі келісімге қол қойылғаннан кейін бұл реактордың жұмысы тоқтатылған еді. Осыдан кейін ғана Иран уран байыту бойынша 3,6 пайыздық лимитті сақтауға келісім берген. Бірақ қазіргі ахуал өзгерді. Иран келісім талаптарын сақтаудан бас тартты да, АҚШ Тегеранға қарсы шараларды қолға алды. Иранның ядролық мәселесі жөніндегі келісімі АҚШ-тың одан біржақты шығып кетуінен соң шиеленісті. Бұл жағдай 2018 жылы орын алған болатын. Бұдан кейін Вашингтон Тегеранға мұнай экспорты саласында шектеу қойған еді. Ал өткен аптада АҚШ Тегеранға қарсы жаңа санкция салатынын жариялады. АҚШ-тың қатаң санкциялары өз кезегінде Иранның экономикасына да кері әсер етуде. Алайда Вашингтонның мұндай ұстанымын Еуроодаққа мүше елдер қолдамайды. Дегенмен, АҚШ Иранға қарсы санкцияларды одан да әрі күшейтпек. Бұл жөнінде Ақ үй басшысы Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Тегеранның құпия түрде уран өндіріп, 150 миллион долларды құрайтын келісімді толықтай бұзып келгені жайлы айтқан Трамп біраз ағынан жарылды. Бұған дейін Иран 60 күнде талабын орындамаған Еуропа елдеріне өкпесін білдіріп, міндеттемелерді орындамаудың екінші кезеңіне өткенін хабарлаған еді. Тегеран шектемеде көрсетілген 3,67 пайыздық уранды байытуды асыра орындауға кіріскенін айтты. Дегенмен, Иранның бұл қадамға баруына Трамптың түрткі болғаны тағы бар. 24 маусым күні АҚШ президенті Иранның жоғары көшбасшысы Әли Хаменеиге қарсы санкция енгізді. Ал 7 шілде күні Тегеран Вашингтонға тиісінше жауап беріп, ядролық келісімнің тағы бірнеше талаптарын орындаудан бас тартты. Келісімнің күші жойыла ма? Сонымен, Иранның бұл әрекеті ядролық келі­сімнің жұмысын тоқтатуына ықпал ететін түрі бар. Келісім талаптарын орындамаған Иран «алтылықтың» жұмысына риза емес. АҚШ-тың ядролық келісімнен бас тартқанына бір жыл толғанда Иран қалған бес мемлекетке нақты талап қойып, 60 күн ішінде өзін Американың санкцияларынан қорғау мақсатында шара қолдануды міндеттеді. Бірақ Тегеранның бұл талабы орындала қойған жоқ. Сондықтан, Иран артық мөлшерде уран байытуды жалғастыра беретінін кезекті рет мәлімдеді. Мұны естіген Трамп тоқтап қалсын ба? Ол да санкцияларды күшейтетінін айтып, сес көрсетті. Тегеранның да оңайлықпен мойынсынатын түрі жоқ. Десе де, олар мәселені дипломатиялық жолмен шешуге дайын. Тек ол үшін Вашингтон Иранға қарсы санкциялардың күшін жоюы тиіс. Трамптың соңғы мәлімдемесіне қарағанда жағдай жақын арада тұрақталмайтын сыңайлы. Қазір Иран Еуропаның өзіне қол ұшын созғанын күтіп отыр. Тегеранның сұранысына бірден бірнеше Еуропа елінің сыртқы істер министрлері жауап қатып, Еуроодақтың Иран төңірегіндегі ахуалды тұрақтандыруға тырысатындықтарын жеткізді. Шындап келгенде Еуроодақ Иран экономикасына айтарлықтай көмек көрсете алмайды. Еуропа ядролық келісімді сақтап қалуға мүдделі, бірақ дәл қазір Тегеран мен Вашингтон арасында таңдау жасауға мәжбүр. Осылайша, Американың келісімнен шығуы дипломатиялық катастрофаға бастап отыр. Соған қарамастан Еуропа Иранмен жасалған ядролық келісімнің бұзылу уақытын барынша созып келеді. 6 шілде күнгі Франция президенті Эммануэль Макрон мен Иран басшысы Хасан Роуханидің телефон арқылы сөйлесуі де уақыт созудың бір амалы еді. Аталған келісімге қол қойған еуропалық елдер келісімді соңына дейін сақтауға ниетті. Алайда Иран талаптарды бұзуын жалғастыра беретін болса, ядролық келісімнің ғұмырлы болмайтыны анық. Халықаралық энергетикалық агенттіктің хабарлауынша, АҚШ-тың жаңа санкцияларды енгізуі салдарынан Ирандағы мұнай өндірісі өткен айда тәулігіне 2,28 млн баррельге дейін төмендепті. Бұл – соңғы 30 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Экономикасы төмендеген Иран Ислам Республикасы қазір ауыр жағдайды бастан өткеріп жатқаны анық. 13 шілде күні халық алдында мәлімдеме жасаған Иран президенті Хасан Рухани «АҚШ басшысы Дональд Трамптың ирандықтарға қысым көрсетуге бағытталған бар әрекеті далаға кетті» деді. Ал егер АҚШ Иранның 2018 жылдың мамыр айына дейінгі мөлшерде мұнай эспорттауына мүмкіндік берсе, Тегеран келісім үстеліне отыруға әзір. Араға бір күн салып Иран Ислам Республикасы әскерінің қолбасшысы генерал Абдулрахим Мусави әскери шеру кезінде ирандық қарулы күштердің толықтай әскери дайындықта екенін мәлімдеді. Британдық кемеге кедергі болған кім? Еуропа елдерінен көмек күтіп отырған Иран енді Ұлыбританиямен түсінісе алмай жүр. Екі ел арасындағы түсініспеушілік Гибралтар бұғазындағы ирандық кеменің жолдан қалдырылуынан басталды. Иран мұнай танкерін Британияның теңіз әскери күштері тұтқындаған соң, ахуал ауырлай түсті. Ресми мәлімдеме бойынша, Иран мұнай танкері 2011 жылы Еуроодақтың Сирияға қарсы енгізген санкцияларын бұзған көрінеді. Яғни, кеме экипажы өңделмеген 2 миллион баррель мұнайды Сирияға жеткізбек болған. Бірақ Тегеран бұл айыптаумен мүлдем келіспейді. Иранның сыртқы істер министрі Мұхаммед Жавад Зариф Британия теңіз күштерінің бұл әрекетін «теңіз қарақшылығы» деп бағалады. Оның айтуынша, мұнай толтырылған танкер халықаралық су жолдарының ережесіне сай әрі дұрыс бағытта кетіп бара жатқан. Британияның дәл мұндай қадамын ирандық ақпарат құралдары да айыптауда. Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, Лондон билігі теңіз қарақшылық әрекетін қолдау арқылы Еуропаның АҚШ алдындағы дәрменсіздігін және олардың тәуелсіз шешім қабылдай алмайтынын аңғартып отыр. Ал Гибралтар бұғазындағы жағдайдан кейін Ұлыбритания сақтықты күшейтуге көшті. Өйткені ресми Тегеран Британияның бұл әрекетін жауапсыз қалдырмайтынын ашық айтқан еді. Сөйтіп, 11 шілде күні Ормуз бұғазында орын алған жағдайға Ұлыбритания бірден Иранды айыптады. Британ үкіметінің мәліметінше, ирандық бірнеше катер британдық танкердің жолына бөгет болған. Алайда танкермен бірге жүзген фрегат экипажы ескерту жасағаннан кейін олар кемені жайына қалдырыпты. Өз кезегінде Иран сыртқы істер министрі Джавад Зариф кемені тоқтату әрекетін жоққа шығарды. Дәл осындай мәлімдемені Ислам революциясының сақшылар корпусы да жасады. Ұлыбритания тарапы Иранның мұндай мәлімдемесіне күдікпен қарайды. Бұған себеп – Иран президентінің «Гибралтар бұғазындағы оқиға бойынша Ұлыбританияға есе жібермейміз» деген мәлімдемесі. «Сіздер, британдықтар, өңірдегі қауіпсіздікті қатерге тіктіңіздер. Енді соның зардабын тартасыздар. Қазірдің өзінде танкерлеріңіз жолға шыққанда фрегат кеменің бірін ертіп шығуға мәжбүр болды. Өйткені мына істен кейін өздеріңіз қорқып қалдыңыздар», – деді Иран президенті Хасан Роухани. Осылайша қазір Ормуздағы ахуал ушығып тұр. Осының салдарынан мұнай бағасының да өсімі байқалуда. Ал бұғаздағы жағдайдың күрделенуіне АҚШ-тың ықпалы болмады деп айта алмаспыз. Өйткені Венада өткен Атом қуаты бойынша халықаралық агенттіктің келелі кеңесінде АҚШ делегациясы Иранға қарсы қысымды күшейтуді талап еткен болатын. Бірақ МАГАТЭ мүшелері АҚШ-тың бұл талабын құптаған жоқ. Әрине, Иранның уран байыту ісін қайтадан қолға алуы МАГАТЭ-ні де алаңдатады. Алайда сарапшылар бұдан келер қауіптің жоқ екенін алға тартып отыр. «Иранның ядролық келісімді сақтамай, уран байыту ісін жалғастырғаны қауіп төндірмейді. Өйткені ядролық бомбаны жасап шығару үшін уран байытуды кем дегенде 90 процентке өсіру керек. Ал Иран тек төрт проценттен бес процентке дейін көтерді. Сондықтан бұған қатысты алаңдаудың қажеті жоқ», – дейді халықаралық экономика сарапшысы Махди Годси. Дәл қазіргі уақытта АҚШ сыныққа сылтау іздеп жүрген сияқты. Өйткені Иранның әр шалыс басқан қадамын аңдып, жаңа санкция енгізуге әзір отыр. Осының салдарынан Парсы шығанағындағы ахуал да күрделеніп барады. Еуроодақ та әзірге бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылдамаған тәрізді. Сондықтан Иран төңірегіндегі мәселенің қалай шешілері әлі де белгісіз болып қалмақ.

Әсел ӘНУАРБЕК

«Тúrkistan»

Серіктес жаңалықтары