4 Шілде, 12:53 226 0 Нұр Отан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«Нұрлы жолға» қосымша қаражат қарастырылды

Премьер-министр Асқар Мамин осыдан біраз уақыт бұрын бірқатар бюджеттік бағдарламаның әкімшілері қазынаның қаражатын толығымен игермей отырғанын айтып, осы бағытта жұмысты күшейту қажет және қаржыны уақытында игеруді қамтамасыз ету керектігін айтқан.

Ол «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», Индустриалды-инновациялық даму және басқа да мемлекеттік бағдарламалардың уақтылы орындалуын қадағалауға тапсырма беріп, «осы бағдарламалардың іске асырылуы – экономиканың дамуына серпін береді. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар экономика өсімінің қарқынын арттыруға барлық күш-жігерді жұмсауы керек» деген. Себебі, жолдардың сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне, экономиканың дамуына ғана әсер етіп қоймай, сондай-ақ, елдің әлеуметтік-саяси жай-күйінде де маңызды рөл атқарады. Көлік жолдары кеңейген сайын мемлекеттің өркендеуінің, халықтың әл-ауқатының жаңа көкжиектері, зор мүмкіндіктері ашыла түседі. Көліксіз өнеркәсіп кәсіпорындары қалыпты жұмыс істей алмасы, жабдықтау мен жеткізілімдер жүзеге аспасы, өңіраралық сауда алға баспасы анық. Ал жақсы жолдарсыз көліктің де адымы ашылмайды. Жаңа экономикалық аудандар мен кен орындарын игеруде де автокөлік жолдарының маңызы үлкен. Онсыз мемлекеттің қорғаныс қабілеті де қамтамасыз етілмейді. Осылайша, автожолдардың ахуалы белгілі бір шамада мемлекеттің өркение

Мамандардың айтуынша, автожолдардың даму қарқыны елдің экономикалық өсу серпініне сәйкес болуға тиіс. 2019 жылғы автомобиль жолдарының сапасы бойынша мемлекеттер рейтингінде (Quality of roads) Қазақстан 138 елдің ішінде 115-орынға орналасты. Биылғы жылы да бірнеше жыл қатарынан Біріккен Араб Әмірліктері көшбасшы атанды. «Ондыққа» сондай-ақ, Сингапур, Швейцария, Гонконг, Нидерланды, Жапония, Франция, Португалия, Австрия және АҚШ кірді. Бұлардың басым көпшілігі жер аумағы шағын мемлекеттер. Ал Қазақстандағы жолдардың сапасын сарапшылар Моңғолия, Уганда, Эфиопиядағыдан да төмен бағалады. Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер де рейтингтің соңғы жағына жайғасты. Мәселен, Ресей 114-орында тұр. Тек Армения ғана жоғарырақ, 85-орынға тұрақтады. Мамандардың байламынша, әлемдегі ең нашар жолдар Гаити, Конго және Мауританияда екен. Айта кету керек, Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын әлемдегі экономиканың жай-күйі туралы төл баяндамасы аясында төрткүл дүниедегі тәуелсіз елдер жолдарының сапасы туралы деректер жинайды. Ол жаһандық бәсекеге қабілеттілікке (Global Competitiveness Report) ықпал ететін көрсеткіштердің бірі саналады. Бұл ретте сарапшылар бір елдің бүкіл аумағындағы жол жабынғысының сапасына ортақ баға береді. Әйтсе де, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың дерегінше, «Бәсекеге қабілеттілік жаһандық индексінде» автомобиль жолдары жағдайының рейтингі статистикалық көрсеткіштері бойынша Қазақстан 59-орында. Сонымен бірге, ол «арнайы сауалнама тәсіліне сәйкес, халықтың жергілікті жолдардың жағдайына қанағаттану деңгейі бойынша Қазақстан небары 106-орында тұрғанын» растады. Қазақстанда автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 146 мың шақырымнан асады. Әйткенмен, соның 96 мың шақырымы ғана ортақ пайдалануға берілген автокөлік жолдарының желісі саналады. Оның үлкен бөлігі жөндеу мен қалпына келтіруді қажет етеді.

Республика жолдарының үлкен бөлігі кеңес кезінде, өткен ғасырдың 60-80 жылдарында сол замандағы нормативтік талаптарға сәйкес жобаланып, салынған. «Алайда Кеңес Одағында автомобильдің әр бірлігіне түсетін жүктеме 6 тоннадан аспайтын деңгейде бекітілетін. Қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 8-10 тоннаға дейін өсті. 2005 жылдан бері елі-міздегі жол құрылысы мен реконструкция 13 тоннаға дейінгі жүктеме есебімен жүргізілуде. Қазақстан арқылы өтетін барлық халықаралық дәлізде жол сапасы І-ІІ техникалық санаттан төмен емес», – дейді экономист ғалым Мира Көшімова.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан 12,5 мың шақырым автожолды жаңадан төседі және реконструкциялады. Жүзеге асырылуы тамамдалуға таяған «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында да біраз жұмыс атқарылды. Бүгінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі елдегі жолдарды жақсарту бойынша ел Президенті қойған міндетті іске асыруға кірісуде.

«Біздің ведомство сайлауалды бағдарламаны іске асыруда екі бағыт бойынша жауапты болып белгіленді: бұлар – «Қолжетімді баспана» және «Бірінші класты инфрақұрылым». 2019 жылдың соңына дейін біз 2020-2025 жыл­дарға арналған үш негізгі мемлекет­тік бағдарламаны, атап айтқанда, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және Индус­триялық-инновациялық даму бағдарламаларын әзірлеп, қабылдауға тиіспіз. Қазір барлық үш бағдарлама дайын және келісу сатысына шықты», – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр. Оның мәліметінше, жаңа «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында шамамен 7 мың шақырым жолды қайта жаңарту жоспарлануда. Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттер де рейтингтің соңғы жағына жайғасты. Мәселен, Ресей 114-орында тұр. Тек Армения ғана жоғарырақ, 85-орынға тұрақтады. Мамандардың байламынша, әлемдегі ең нашар жолдар Гаити, Конго және Мауританияда екен. Бұдан бөлек 11 мың шақырым республикалық маңызы бар авто-жолдарды жөндеу қарастырылған.

– Жергілікті маңызы бар 35 мың шақырым автожолға барлық жұмыс түрлері, яғни жөндеу, құрылыс және реконструкция жүргізілетін болады. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 100%-ға дейін, ал дәл осындай жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 95%-ға дейін жетеді, – дейді министр Р.Скляр. Министрліктің дерегінше, жергілікті желілердегі жолдарға республикалық және жергілікті бюджеттен тең негізде 150 миллиард теңгеден астам қаржы тартылды. Биыл қосымша қаражаттың бөлінуі есебінен қаржыландыру көлемі 200 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылуда. Нәтижесінде, 2025 жылдың аяғына қарай 35 мың шақырымға жуық жол жөнделуге тиіс. Жолдарды жөндеу бойынша жобалар тізбесі жасалған. Мұндағы негізгі күш ауылдық елдімекендерді дамытуға бағытталып отыр. Биылғы жылы жол-құрылыс жұмыстарына 100 мыңнан астам адам жұмылдырылуда. Соның ішінде жергілікті желілерде 20 мыңға жуық адам «екі қолға бір күрек» тапты. Алда қосымша 5 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Үкіметтің биылғы наурыздағы бір отырысы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың алдын ала қорытындыларына арналған болатын. Сонда хабарланғандай, 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» аясында кең ауқымды автожол жобаларын іске асыру жалғасуда. Мембағдарламаны іске асыру басталғалы бері оның аясында 2 400 шақырым республикалық маңызы бар жол төселген және қайта жаңғыртылған. Биыл 4 400 шақырымдай жол қайта жаңғыртылады. Соның ішінде Қарағандыдан Алматыға дейінгі және Ақтөбеден Ресей шекарасына дейінгі (Астраханға қарай) жол телімдерінде құрылыс жұмыстары басталуда. Министрдің сендіруінше, жыл соңында реконструкцияланған 654 шақырым автожолда қозғалысты ашу жоспарланып отыр: ұзындығы 441 шақырымдық «Нұр-Сұлтан–Павлодар», 85 шақырымға созылып жататын «Бейнеу–Ақжігіт», 80 шақырымдық «Щучинск–Зеренді», 73 шақырымдық қашықтықты байланыстыратын «Жетібай–Жаңаөзен», 20 шақырымдық төтелей жолды ашатын «Таскескен–Бақты» жобалары бойынша жұмыстар толығымен аяқталатын болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде осы саланы дамыту мәселесіне жеке тоқталды. – Маңызды, халықты мазалайтын мәселелердің бірі – жолдардың сапасы. Сол себепті, автожолдардың жағдайын жақсарту – біздің негізгі мақсаттарымыздың бірі, – деді Қ.Тоқаев.

Тоғжан ТӨЛЕГЕН

Соңғы жаңалықтар