1026
«Журналист болуды армандаған екен»
«Журналист болуды армандаған екен»
Әзіл мен қалжыңның қара шаңырағы саналатын «Тамаша» тарландарының бірі де бірегейі – Тоқсын Құлыбековтің бала кезіндегі арманы – журналист болу екен. Төл мерекеміздің қарсаңында талантты әртістің шаңырағына ат басын тіреген едік. Еліміздің танымал тұлғаларының тізімінде өзінің лайықты орнын алған әртіс жайлы жары Қарлығаш Оңалова ханым бір жылап, бір күліп отырып осылай еске алды.
– Тоқсынның балалық шағы өзінің туған жері Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоянкөз ауылында өткен. Ата-енем діндар кісілер болған. Көзінің қарашығындай жалғызы болғандықтан, оның білімді де саналы болып өскенін қаласа керек, бастауыш сыныпта оқып жүріп-ақ «Мың бір түнді» оқып, жатқа білген. Оның үстіне атамыз өте сауатты, әңгімешіл-шежіре кісі болған екен. Өкінішке қарай, ол кісілердің көзін көрмедім, келін болып қызмет ете алмадым. Енем қайтыс болып кеткен соң некеленген екінші анамызды туған енемнен кем көрмедік.
Қазақтың ертегі әлеміне ертерек кіріп кеткен Тоқсын әдебиетке құмар болып өседі. Аңыз-әңгімелер, дастандарды оқи жүріп, өзі де сол салаға бейімделе бастайды. Жазуға да икемі сол тұстан басталса керек. Онжылдықты бітірген соң, журналист мамандығын таңдап, Алматыға келеді де жолы болмай елге қайтады. Ауылындағы ескі клубта жұмыс істейді де, келесі жылы филология фаультетіне құжат тапсырып, тағы да жолы болмайды. Бірақ қаламен байланысты үзе алмайды. Жиі келеді. Сондағысы – театр. Көрген спектакльдерін жаттап, оны өзінше ауыл клубында қойып жүріп, өнерге махаббаты оянады.
– Тоқсын аға жайлы сахналас-әріптесі Құдайберген Сұлтанбаев: «Тоқсын маған өте жақын, өзі өмірден ерте кететінін сезді ме, ерте үйленді. Тойында мен тамада болдым» депті бір естелігінде. Ағамызбен тағдыр қалай жолықтырды?
– 1970 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы жанындағы театр бөліміне құжат тапсырып, абитуриент болып жүріп таныстық. Мен дауыс қою деген талаптан өтпей қалдым да, Қыздар институтының музыка факультетіне қабылдандым. Ал келесі жылы бас қостық. Той қызығымен жүріп тұңғышымыз – Шынар өмірге келді. Қазақ өнерінің ақсақалы-абызы Асқар Тоқпанов ағамыз азан шақырып, атын қойды. Көңілімізде әдемі бір естелік болып, сағынышқа айналған сәттер ғой. Ол кезде техниканың қат заманы, видеоға түсіру дегенді де білмейміз. Оның үстіне өзіміз де жаспыз. Бес жылдан кейін Лаура деген екінші қызымыз туылды. Қазақ зиялылары басынан кешірген «Жетім бұрышты» жағалап, бес-алты жылымыз пәтерден-пәтерге көшіп-қонып жүрдік. Тоқсынның да тіреп тұрған ата-анасы, не бауыры жоқ, жалғыз көрпемізді арқалап, көшіп жүріп те бақытты едік. Кейінгі шешесінен Бақберген деген бауыры бар, қазір үбірлі-шүбірлі, Тоқсынның көзіндей араласып тұрамын.
Бас қосып, шаңырақ көтергеннен кейін, оның үстіне балалы болғаннан соң, әрине, тірлік жасау керек болды. Қазақ радиосына музыкалық редактор болып қызметке тұрдым. Редактор болған соң жазуың керек екен, сол кезде қазақтың қайталанбас сазгері, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов ағамыз жол сілтеп, ақыл-кеңесін беріп, қызметте орнығып қалуыма бірден-бір қол ұшын берген азамат. Еліміздегі өнер байқауларынан радиохабарлар таратып жүріп, жиырма бес жылдың қалай өткенін білмей қалыппын. Одан кейін кәсіпкерлікке кеттім. Ал Тоқсын екінші курстан бастап, «Тамаша» ойын-сауық отауы құрылғанға дейін радиода жүрді. Сол жылдары «Көреген» радиожурналын жүргізеді. Скетч-интермедияларды шебер, өте сауатты оқитын. Бүгінде Қазақ радиосының «Алтын қорында» қырықтан астам хабарлары мен радиоқойылымдары сақталған.
Бертін келе «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіле бастаған «Қымызхана», «Жебе» сынды сатиралық, «Алтыбақан» ойын-сауық бағдарламаларында өзіндік қолтаңбасы қалыптасты. Ол кез көрермендердің де көз қуанышына айнала бастаған тұсы еді. Екеуміз қазақ радиосында жүргенде Ескендір ағамыздың екі бөлмелі пәтері бізге тиді. Солай үйлі болдық. Одан кейін төрт бөлмелі үйге де қолымыз жетті.
– Ағаның есіңізде қалған қызықты оқиғалары жайлы бірер ауыз айтсаңыз?..
– Бірде Зейнеп Қойшыбаева, Әсет Бейсеуов үшеуі Оралға гастрольге кетті. Біраз күн қалада, қала маңында тұрғындармен кездесулер өткізіп, концерт береді. Ел де, өздері де риза болысады. Көрерменнің ықыласына риза болған екеуі Зейнептің көзін ала бере, «жүз грамдатып» алатын көрінеді. «Қанша аңдып отырсам да, біраздан соң көздері күлімдеп, жанарлары жарқылдап шыға келеді»,– деп еске алатын Зейнеп. «Сендер ақшаларыңды маған беріп қойыңдар, «ішіп» қоясыңдар, барған соң әйелдеріңе беремін» деп тапқан қаржыларын да тартып алғандай сөмкесіне салып алады. Содан қайтар жолда Зейнеп әрі-бері күтеді, екеуі жоқ. Ұшақ оларды күтпейді ғой, ұшады да кетеді. Ал екеуі аэропортта қолтаңба беріп жүріп, ұшақтан қалып қоя жаздайды да, жүгіріп жүріп Ақтөбеге ұшатын рейске мініп кетеді. Билет тексеріп отырғандар да асығыс екеуді жолынан бөгемейін десе керек, мән бермепті. Көздерін ашса, ұшақ Ақтөбе аэропортында. Енді не істейміз дейді ғой бір-біріне, қалталарында көк тиын ақшалары жоқ. Содан телефон тауып маған звондасын: «Ойбай, Қарлығаш, сен ештеме сұрама, барған соң айтамын, біз Әсет екеумізге билетке ақша сал»,– дейді. Аң-таң болып тұрғанда Зейнеп хабарласа қалғаны. Күлесің бе, жылайсың ба?! Не болса да қаражат салу керек деп жиналып жатқанда қайта хабарласты. «Әй, Қарлығаш сен әуре болмай-ақ қой, мына жақта да ел-жұртым бар екен, бірер күн осында аялдайтын болдық»,– дейді. Ол «Тамашаның» аты дүркіреп тұрған кез. Бірнеше күннен кейін келді ғой. «Біздің түк кінәміз жоқ, аэропортта танып қалған кісілерге қолтаңба беріп, жүріп қалыппыз. Ана билет тексеретіндер ғой кінәлі», – дейді қызарақтап. Ал менің ішім сезіп тұр, «жүздетіп жүріп» қалып қойғанын...
Жаратылысынан жаны жұмсақ, ақкөңіл, аңғал. Ашық, жарқылдап жүретін. Өте тез, шапшаңдығымен қоса, күйгелектігі де бар еді. Ұзақ ойланып, сары уайымға салынып жүрмей, тез шешім қабылдай алатын. Ойына алған дүниені тындырғанша тыным таппаушы еді. Ана сүтімен берілген бір қасиеті – ақындығы, шешендігі дер едім. Суырып салма қасиеті кез келген кездейсоқ жайттардан алып шығатын. Бейбіт өмір кештік. Жаны тыныштықты қалап тұратын. Ешкімді алаламай, бірдей сыйластықта қарым-қатынас ұстайтын. Анда-мұнда «ашу» шақырып қоятыны бар. Ондайда бетпе-бет келіп қалмауға, көзіне түспеуге тырысып, қарсылық білдірмейтінмін. Басылған соң өзіне-өзі күліп, менің де ұстамдылығыма риза болатын-ды. Жайлы. Рухани бай еді. Әзілкештігі керім. Менің әкем марқұм қатты жақсы көрді. Ол кісімен қалжыңдаса беретін. Бірде әкем кенже ұлы Еркінді айналып-толғанып отырып: «Сенің жаманыңды көрсем, ертеңінде өліп кетсем де арманым жоқ»,– деді. Жылдар жылжып, айлардан кейін кенже бауырым отау құрды, одан бір бала, екінші баласы дүниеге келіп жатты. Бір бас қосуда Тоқсын әкеме қарап: «Осыдан бірнеше жыл бұрын осы балам отау құрса, тұңғышын көрсем өле беремін деп біреулер бізді де, Алланы да алдап әлі жүр» демесі бар ма?! Әкем марқұм ішегі түйілгенше күліп, мәз болды...
Мына тірлікте ешкімді ренжітпей, өзі де ешкімнің көңілін қалдырмай, барына қанағатшыл пейілмен ғұмыр кешкен адам ұзақ жасауы керек еді, амал жоқ, елуге жетпей мәңгілікке кетті де қалды. Өмірінің соңғы кездері: «Осы мен елуге жетпеймін-ау» дегенді жиі айтып қалатын. «Сен өміріңе, маған ризасың ба» дегенді де жиі айтып қалатын. Мүмкін түс көрді ме, әйтеуір, іші сезгендей бір мазасызданып жүрді... Мұрағатта қалған бейнебаяндары ғана дәтке қуат.
Иә, қазақтың құнарлы тілімен бірге қазақы күлкінің де сәні кетіп бара ма деген күдік Тоқсын ағамыздың сахналаған қойылымдарын көргенде үдей түсетіні рас.
Сұхбаттасқан Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ