24 Маусым, 15:55 377 0 Денсаулық Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

 Буллезды эпидермолиз бойынша шеберлік сынып өтті

  18 маусым күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «ҚР буллезды эпидермолизге шалдыққан науқас балаларды емдеу мен диагностикалаудың және  медициналық көмек берудің заманауи аспектілері» тақырыбында семинар шеберлік сыныбы өтті.

Педиатрия орталығы мен  «Көбелек балалар» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткен семинарға еліміздің барлық облысынан 60-тан астам дерматолог,  дермавенеролог, кардиоревмотолог, педиатр және т.б. мамандар, сонымен қатар Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының дәрігерлері қатысты.

    Шеберлік сыныпты өткізуге  ресейлік Mölnlycke Health Care компаниясының қолдауымен осы дертті емдеуде жақсы машықтанған Халықаралық генетикалық дерматоздар қауымдастығының (Мәскеу қ.) дәрігерлері арнайы шақырылды.

Ресейлік мамандар оқыту семинарында буллезды эпидермолизге шалдыққан балаларды емдеу мен диагностикалау, медициналық жоғары деңгейде көмек көрсету, заманауи таңғыштарды пайдаланудың қыр-сыры, жаңа туған нәрестелер мен балалардың неонаталдық және педиатриялық аспектілері және т.б. тақырыптар бойынша дәріс оқып, Ресейдің кешенді емдеу тәжірибесімен бөлісті. Семинар аясында  «Көбелек ауруына» шалдыққан балаларды қарап, шеберлік сыныпқа қатысушылар мен ата-аналардың мазалаған сұрақтарына жауап берді.

Семинардың мақсаты – осы науқастардағы клиникалық біліну, соматикалық асқынулардың диагностикасы, емдеу және оларды күту мәселесі бойынша білімдерін көтеру, дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру, тәжірибе алмасу, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру.

Қазақстанда туабітті буллезды эпидермолизбен ауыратын 56 бала тіркелген. Оның 50%-ын 5-15 жасқа дейінгі балалар құрайды.

Буллезды эпидермолиз — сирек кездесетін генетикалық тері ауруы. Аты жаман дертті халық арасында «Көбелек ауруы» деп атайды. Ауру атына сәйкес, науқастың терісі көбелек қанаты іспетті үлбіреп әрі күлдіреп тұрады. Аталған ауру жұқпайды, ол тұқым қуалау арқылы беріледі.

Соңғы жаңалықтар