1219
Казактар Қазақстанға қалай келді?
Казактар Қазақстанға қалай келді?
Редакциядан:
Қадірлі оқырман, газеттің жарық көре бастағанына 25 жыл толуына орай кітап шығатынын, оған енгізілетін мақалалардың кейбірін газетке қайта жариялай бастағанымызды өткен (№23) санда айтқанбыз. Парақтасаңыз газет беті сарғайғанымен, ұсынылып отырған мақалалардың маңызы бір мысқал да кемімегені көрініп тұр. Жібек жолы саясат пен сауда-саттық қана емес, тұнған тарих. Белгілі жазушы жұртқа беймәлім болып келген деректерді ұсыныпты. Сондай-ақ қазір тынышталғанымен, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қылыштарын шошаңдатып көшеге шыққан казактарға жұрт үреймен қараған. Олардың қазақ жеріне қайдан, қалай келгенін білу қазір де маңызды деп білеміз.
Қазақстанның Ресейге қосылуы өзінің түпкі нәтижелері бойынша прогресшіл сипатта болды. Бірақ патшаның отарлаушы саясаты туралы айтпай кетуге болмайды. XVIII ғасырдың отызыншы, XIX ғасырдың алпысыншы жылдар аралығында Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталып, қазақ елі оның отарына айналды.
Патша өкіметі қазақ халқы мекендеген жерді мемлекеттік меншік деп жариялады, оның құнарлы аймақтарына орыс-казак әскерлерін, бас бостандығын алған шаруаларды қоныстандырды. Қазақстан территориясы әкімшілік жолмен бөлшектеліп, оның едәуір батыс бөлігі Астрахань генерал-губернаторына бағындырылды. Солтүстік Шығыс /Дала өлкесі Батыс Сібір, оңтүстік аймақтар Түркістан генерал-губернаторының қарамағына көшті.
XIX ғасырдың екінші жартысында тұтастай Ресей отарына айналған қазақ даласындағы әскери казактардың рөлі мен жалпы казачество туралы кезінде А.И. Герцен «Колокол» журналында жеріне жеткізе айтқан еді. Ол: «Полковник Слуцкий қырғыз-қазақ даласындағы цивилизациялық өулиелері деп атаған казактар «тиімді» қызметке көшпелілерді тонап, пайда табу үшін барды?» — деп жазады /«Колокол». Прибавочный лист. 1867 г. /. Бұл ретте «Колоколдың»: «Казактардың қырғыздарға не істейтінін білесіздер ме? /яғни, қазақтарға/. Олардың күллі мал-мүлкі қазақтың өз меншігі тәрізді қойын тартып алу, өгізін, не жылқысын ұрлап әкету қазақ үшін керемет бір батылдық, жігіттік өнер сияқты көрінеді; ол үшін төменгі шендегілерге ескертіп, сөгіс беріп жатқан офицерлер де жоқ, ауық-ауық олардың өздері де ауылдарды талап отырады. Есаул Бутаков, подполковник Абакумов сияқты теріс қылықтарымен даңқы шыққан мырзалар да бар... Бүкіл Сібір әскерлері қырғыздардың /қазақтардың/ есебінен күн көріп отыр десе де болады», — деген хабары жағдайды өте-мөте толық жеткізеді /«Колокол», 1861 г./. Орыс отрядтары орналасқан бос жатқан жерлер мен шын мәнінде ешқандай иесіз жерлер емес, керісінше, көшпелілердің жыл бойы көшіп-қонып жүретін қыс-қыстауы, жаз-жайлауы еді.
XIX ғасырдың екінші жартысында күшейе түскен тұрғылықты халықтың жайылымдары мен шабындықтарын иесіз жатқан жер ретінде тартып алу тұп-тура тізе батырып, күш көрсету арқылы жүргізілген. Сонау, 1853 жылдың Батыс Сібірдің генерал-губернаторы Гасфорт қазақ даласын отарлаудың болашағын тамсана болжап: «Россия бодандығындағы қырғыздардың /қазақтардың/ барлық жері олардың меншігі емес, сол жерді шетелдіктерден әскермен қорғап, қырғыздарға мұрсат беріп отырған өкіметтің иелігіне жатады» — деп шімірікпестен кесіп айтқан. Кейінірек, осы көзқарас Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқарудың уақытша ережесі» деген құжатта заңдастырылған тұжырымға айналды. Онда қазақ көштері алып жатқан жер мемлекеттікі, қазақтарға қоғамдық пайдалануға беріледі деп атап көрсетілген. Орыстың ресми деректерінің барлығына жуығында казактар Қазақстанның қазіргі орталық, солтүстік-шығыс пен солтүстік-батыс бойлықтарында республиканың қазіргі шекарасынан асып шығып кететін, Оңтүстік Сібір, Оңтүстік Орал бойы территориясын алып жатқан ұшан-теңіз географиялық кеңістіктің байырғы түрғындары ретінде мойындалады. Ал шаруаларды Қазақстан жеріне көшіру патшаның отарлау саясатын жүзеге асырудың негізгі тәсілі екендігі сөзсіз. Осы мақсатта қүрылған жер қоры /переселеньческий земельны фонд/ дегеннің өзі, шын мәнінде, қазақтарды ғасырлар бойы өмір сүрген табиғи ортасынан күштеп айыруды көздейді. 1917 жылы қоныс аударушылар қоры 45 миллион десятина жер болыпты. Оның үстіне, бұл қорға көшпенді жұрттың ең құнарлы шабындықтары мен жайылымдары алынып отырған.
Қазақстан жерінде «жат-жұрттар» XVII ғасырдың аяғында пайда бола бастады. Орыс тіліндегі деректерде «олар қашқын шаруа, қылмыскер сектанттар мен әртүрлі кезбелерден құралған» «еркін отарлаушылар» деген атпен белгілі. Ал орыс және басқа халықтардың Қазақстан өңіріне топ-топ болып келе бастауы —жартысымен XIX ғасырдың бірінші жартысы «олар қашқын XX ғасырдың басы бұл өлкенің этникалық картасының түбегейлі өзгеруіне әрі Қазақстандағы этнодемографиялық ахуалдың күрделенуіне әкеліп соқты. Егерде 1890 жылы Қазақстандағы орыстар мен украиндардың сандық үлесі барлық тұрғындардың 8,2 процентін құраса, 1897 жылы осы көрсеткіш 12,8 процентке, ал 1917 жылы 29,3 процентке жетті. Жалпы алғанда 1890 жылы барлық славян тектес тұрғындар өлкемізде көпшілік халық бола қойған жоқ еді. Алайда, олар 1917 жылдың қарсаңында Ақмола облысында, әсіресе, Омбы, Петропавловск, Көкшетау уездерінде сан жағынан басым болды. Қазақстанның қалған аудандарында қазақтар тұрғындардың көпшілігін құрды. Ахмет Байтұрсынов айтқандай «... Хан басын қарашаға теңгеру жеңіл болмаса да, өз алдына жұрт болып тұра алатұғын болмаған соң, хандарымыз халқыменен Россияға қосылған». Жарты ғасырдай уақыт өткенде, баяғыдан бері қанатының астына алғансып, қамқорсып отырған орыстың екі басты самұрық құсы қазақ даласына қанды шеңгелін батыра түсті. Бұл баяғы Орынборда тұңғыш генерал-губернатор болатын құпия кеңесші М.И. Неплюевтің 1874 жылы сенатқа бекіттіріп әкеткен «Қосалқы жоспарының» іске аса бастаған кезі еді. Осы жоспар бойынша Жайықтағы қалашықтан бастап, Орынбор, Ор, Жаңа үй шебі, Сібір шебі арқылы қазақ даласын қарулы әскермен қоршап алып, тыпыр еткізбей ұстап отыру көзделген-тұғын. Соған байланысты, тек 1755-1772 жылдарда ғана Кіші жүз бен Орта жүз жерінде, Жайықтан Өскеменге дейін 3,5 мың шақырым шеп бойына бекіністер салынды. Жайықтың теңізге құяр сағасынан қара өзенге дейін Жайық қазақтары, Елек бекінісі мен Верхне-Уральск бекіністерінде Орынбор қазақтары, Үй шекара шебіндегі бекіністер мен Ертіс бойындағы бекіністерде Сібір казактары тұрды және бұлардың қай-қайсысы да патшалық Ресейдің отарлау саясатын өте қатал әскери тәртіп арқылы іс жүзіне асыра бастады. Әрбір жаңадан салынған бекініске сырттан казак-орыстарды әкеліп орналастырып, оларға жер беріп, қазақтардың мал жайылымдарын тарылта түсті. Ол ол ма, бекіністерге жақын отырған қазақ ауылдарына әлсін-әлсін шабуыл жасап, малдарын айдап, адамдарын байлап әкетіп отырды. Шабуылдар, тіпті, ойдан шығарылған сылтаулар арқылы да жасалған. «...Тегі, орыстың негізгі деректерінде» «шекара барымтасы» дейтін шабуыл бүкіл бекініс бойында үнемі қолданылып тұрады... Мұның ұйымдастырушылары Жайықтағы казак-орыс әскерлерінің старшиналары. Бұл шабуылдардың көп болатын себебі, шабуылға қатынасқандар олжа түсіріп, ауқаттанып қалып отырады. Мұны Орынбор әкімшілігінің өзі де мойындайды... Шекара барымтасы қырғыз-қайсақ халқының қарсыласуын басудың негізгі әдісі деп қаралған», — дейді осы кезеңді мұқият зерттеген ғалым-тарихшы Вяткин («Сырым батыр», Алматы, 1951 жыл, 181-бет). Шынында да, Орынбордың әскери губернаторы Н.Н. Бахметьевтің өзі кейінірек, 1902-жылы, император Александр 1-ге берген хабарында: «Линия бойындағы барлық бастықтардың қолдауына рұхсат етілген жазалау шарасы қазақтарды аздырып-тоздырып, талан-таражға ұшыратуы сондай, барымта деп алынған малдың мыңнан жүзі иесінің қолына тимейді. «Шекараға жете алмай өлді» деген сылтаумен, мал барымта басшысының т.б. қолында қалып отырады», — деген. Сөйтіп, тарихтың құқымен орыстар мен басқа да көптеген ұлттардың өкілдері үшін қазақ жері екінші отанға айналды. Ұлттық мүддені «қызғыштай» қорғап жүргендердің ойлағанындай жаңа өмірді жеке-дара емес, барлығымыз жұмыла, бір кісінің балаларындай ынтымақтастықпен құруымыз керек. Бұл біздің республикамызда берік орын тепкен игі дәстүр — халықтар достығы мен туысқандығы мұратын барынша сақтап, байыта бермек.
Құдыс БИЖАНОВ,
тарих ғылымының кандитаты, доцент
«Түркістан» №21, 22 мамыр 1996 жыл
Дайындаған Дағжан БЕЛДЕУБАЙ