Жастар Президент бағдарламасын қолдайды

Жастар Президент бағдарламасын қолдайды

Жастар Президент бағдарламасын қолдайды
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында аталған міндеттерді жүзеге асыру тетіктерін талқылау мақсатында «Жас Отан» жастар қанаты республикалық жастар ұйымдарының басшылары мен жастар саясатындағы белсенділер бас қосты. Басқосуға партия кандидатының насихат жұмыстарын жүргізген Республикалық қоғамдық штаб жанынан құрылған TEAM QAZAQSTAN жастар тобының мүшелері қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті. Шараның шымылдығын ашқан «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек ең алдымен жастарды партия кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады. «Бүгінгі басқосу арқылы жастар мемлекеттік органдардан нұсқау күтпестен, өз болашағын құруға белсенді араласуға қабылетті екенін көрсеткіміз келеді», – деп атап өтті төраға. Өз сөзінде Дәулет Кәрібек Қасым-Жомарт Тоқаевтың 300 жасты іріктеп, президенттің кадрлық резервін құру туралы ұсынысының артықшылығына тоқталды. Президенттің осы ұсынысынан кейін әртүрлі жастар ұйымдарының өкілдері хабарласып, кадрлық резервке қалай өтуге болатынын сұрап жатқанын тілге тиек етті. Дәулет Кәрібек кандидаттарға қандай талаптар қойылатыны әлі бекітілмегенін, бірақ бұл бағытта жастар атынан ұсыныс жасауға болатынын жеткізді. Бұл мәселеге қатысты «Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова кадрлық резервке «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген жастарды тартудың маңыздылығын айта келе, бұл үшін жастар ұғымының аясын кеңейтіп, 35 жасқа дейінгі азаматтардың да бақ сынауына мүмкіндік жасау қажет деген ұсынысын жеткізді. Лаура Демесінованың сөзінше, мемлекет қаржысына халықаралық үздік білім мен тәжірибе алып келген жас маман мемлекеттің дамуына үлкен үлес қоса алады. Жиынға қатысушылар арасында жемқорлық фактілерін қысқарту үшін кадрлық резервке өтуге үміттілерді жемқорлыққа қарсы сынақтан өткізу керек деген пікір айтқандар да бар. Бұл ретте «Жас ғалымдар» альянсының төрайымы Әсия Ермұхаметова ғылымды қолдауға бөлінетін 3 млрд теңгенің игерілуі жайында сөз қозғады. «Биыл 23 қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Сонымен қатар Жастар жылы аясында жас ғалымдардың әлеуетін арттыру мақсатында оларға жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды. Бірақ бұл мәлімдемеден бері жарты жыл өтті. Қазір конкурстық құжаттаманы дайындау бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұл байқаудың жариялануын асыға күтеміз», – деді Әсия Ермұхаметова. Жиын соңында белсенді азаматтар жастардың дамуына ықпал ететін жобаларды қолға алу қажеттігін айтып, тарқасты.