ЖАПОН МЕН ЖАҚАҢ

ЖАПОН МЕН ЖАҚАҢ

ЖАПОН МЕН ЖАҚАҢ
ашық дереккөзі
Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ!» кітабы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған жас жапон ғалымы Томохико Уяма туралы толғау  Томохико Уямо – жапонның жас ғалымы. Ол жөніндегі төмендегі материал арқылы жете таныса аласыздар. Халқымыздың біртуар перзенті Міржақып Дулатовтың «Оян қазақ!» кітабы бойынша Токио университетінде кандидаттық диссертация қорғаған жапондық жас ғалым туралы мен қадірменді қаламгеріміз Сафуан Шаймерденовтің аузынан естідім. Содан Томохико Уямомен кездесуге асықтым. Киіктің асығындай ғана, қаршыға бітімді жігіт кездесуге келісілген уақыттан не бір минут ертелетпей, не бір минут кешеуілдемей редакция табалдырығынан аттап кіріп келгенде, оны осыншалық уыз жас деп күтпегендіктен аздап таңырқап қалғанымыз рас. 1986 жылы Токио университетінің жалпы ғылымдар факультетіне түсіп, 1989-1990 жылдары Кеңес одағы үкіметінің стипендиясымен Мәскеу университетінде тәжірибе жинақтаудан өткен, 1991 жылы университетті орыстану және кеңестік жүйені зерттеу мамандығы бойынша тамамдап, 1990 жылы «Оян қазақ!» кітабы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап, докторлық еңбегін дайындап үлгерген ғалымымыз 28 жасқа енді ғана келіпті. Бұл аз десеңіз, соңғы екі жылда Қазақстан Республикасындағы Жапония елшілігінде сарапшылық қызметін атқарып тастаған. Көкек айынан бері республика ұлттық академиясы Шығыстану орталығының шақыруымен қызмет етіп жүрген ғалым. Томохико – мінезі ашық, кескіні көркем жігіт. Сөйлеген сөзі мен өзін ұстау мәнерінен бекзаттық бітім байқалады. Біз үшін аудармашының қажеті болмай қалды. Бүкіл әңгіме барысында негізінен қазақ тілінде сөйлесіп отырдық. Аталған тілде ойын соншалықты жатық жеткізетіні қайран қалдырды. Қайсыбір тұста орысшасын да байқап көріп едім, жетпіс жыл бойы орыстың қарауында болған менен анағұрлым ілгері екені байқалды. Уямо бұл екеуінен басқа француз, қытай және түрік тілдерінде еркін сайрайды. Оның шынайы ғалым екені осыдан-ақ аңғарылатындай. Суыртпақтап ел-жұрты, туыс-туғаны жөнінде сыр тартқанбыз. Жалпы тірліктің қай саласында болсын көбіне жағдайы барлар ғана табысқа жеткен ғой. Отызға толмай жатып «орда бұзған» Томохиконы дәулеті тасыған әулеттің ұрпағы шығар деп ойлағам. Сөйтсек, аяқталмаған жоғары білімі бар әкесі Тэцудзи әртүрлі фирмаларда салық жөнінен кеңесші қызметін атқарады екен де, шешесі Нобуэ оған көмекші міндетінде жүретін көрінеді. Ағасы – Токиода Сыртқы істер министрлігінде дипломат. «Біздің әулетті ауқаттылар қатарына қоса алмаймыз», – дейді жапондық бауыр. Ал сұхбаттасымнан әкеңнің әкелері кімдер болған?– деп сұрап едім: «Бізде сіздердегідей емес», – дегенмен халқымыздың тілі ғана емес, салт-дәстүрінен де жеткілікті хабардар екенін байқадым. Томохико Уяманың ғылым жолындағы қарекеті – оқшау оқиға қызықты құбылыс. Сіз оның диплом жұмысы мен кандидаттық диссертациясының тақырыптарына назар аударыңызшы. Біріншісі – «Революциялық кезеңге дейін Орта Азия мен Қазақстандағы жергілікті тұрғындар мен орыс қарашекпендерінің қарым-қатынасы», екіншісі – «ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ зиялыларының дүниетанымы: Міржақып Дулатовтың «Оян Қазақ!» кітабы туралы». Осыдан келіп жапонның жас баласы неге басқаны емес, қазақ тарихын, оның ішінде буырқанысы мол жиырмасыншы жылдар кезеңін қозғауға құмар болды, орыс, ағылшын, француз, қытай, түрік секілді алып империялар тілінде сол елдің құстарындай сайрайтын, оған ендігі бір жетпей тұрғаны, кейде қазақтың өзіне «қажеті болмай қалатын» қазақ тілі болғаны қалай деген сауалдар туындайды. Оның жауабы былай көрінеді. Хоккайдо университетінде Славянтану атты ірі орталық жұмыс істейді екен. Алайда, олар Орталық атын солай атағанымен алдарына тек славяндардың ғана емес, бұрынғы КСРО кеңістігіндегі барша республиканың тарихын, мәдениетін зерттеп түбірлей тануды мақсат етіп қойған. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ әртүрлі елдердің тарихын танып білуге құмар болған Томохико ғылым жолына анық бетбұрыс жасасымен аталған Орталықтың жұмысына белсене араласады. Сондай бір тұста оның қолына американ ғалымы Аллворттың «Орта Азия Ресей езгісінде – 120 жыл» деген кітабы түседі. Кітаптан үлкен әсер алған Уяма Орта Азия мен Қазақстан тарихына үңіле бастайды. Оны, әсіресе, қазақтың ғасыр басындағы дүрбелеңге толы жиырмасыншы жылдар оқиғалары, ондағы қазақ зиялыларының қам-қарекеті, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің тарихы ерекше қызықтырады. Сөйтіп, қазақты ұлтым деп уайым уын жұтқан ұландары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді қайраткерлермен «жүздесудің» сәті түседі. Осындай тылсымды тарих әлеміне еніп, әсем әсерге бөленіп жүрген бір уақытта ол Міржақып Дулатовтың «Оян қазағымен» ұшырасыпты. Арманда кеткен қазақ ақынының 1971 жылы Туркияда, 1991 жылы Қазақстанда жарық көрген екі дана өлеңдер кітабы келешекте өзінің ғылымдағы орнын анықтайтын фактор болатынын болашақ ғалым сезді ме екен?! Жалпы жапон ғалымдары қай елдің тарихын зерттейтін болса, сол елдің тілін үйренуді қағида санайды. Қазақ тарихының аталмыш кезеңіне қызыққан жас ғалым да қазақ тілін үйренуге кірісті. Ол үшін қазақша сұрақ-жауап оқулығын, қазақша-орысша, қазақша-ағылшынша болып жалғасатын бірнеше сөздікті сатып алды. Күндіз-түні басына жастанып оқитын кітаптары осы болды. Жанкешті еңбек жемісін бермей қалған жоқ. Ақыры жиырмадан асқан жапон жігіті Жақаңның «Оян қазағын!» түпнұсқадан оқып шығатын күнге де жетті-ау. Айта кету керек, Томохиконың жиырмасыншы ғасыр басындағы ұлт зиялылырының дүниетанымы мен Жақаңның кітабы бойынша жазылған еңбегі – Жапонияда қазақ тіліндегі материалға негізделіп қорғалған тұңғыш диссертация. Диссертацияның алғашқы ғылыми жетекшісі, Ислам тарихының маманы, профессор Ямаути еді. Оның Америкаға бір жыл мерзімге іссапармен кетуіне байланысты кейін жетекшілік Украина тарихының маманы Никайдың қолына көшті. Енді оқырманды ғалым еңбегінің ұзынырғасымен таныстыра кетейік. Ол кіріспе мен қорытынды қаусырған жеті тараудан тұрады. Кіріспеде проблеманың көкейкестілігі айқындалған. «Қазақ зиялылары және ақындар» деген алғашқы тарауда ХІХ ғасырдағы қазақ зиялыларының тарихына қысқаша шолу жасалады. «Міржақып Дулатов және «Оян қазақ!» атты екінші тарауда ақын өмірі туралы очерк пен жинақтағы жырлар құрылысына талдау берілген. «Дулатовтың қазақ жағдайына көзқарасы» атты үшінші тарауда ғалым Міржақыптың қазақ қоғамына көзқарасы мен өз халқына деген сынын (жалқаулық, мешеулік) қамтыған. «Дулатов және Орталық Еуразия» деген төртінші тарауда Дулатовтың көшпелілік пен отырықшылық жөнінде пікіріне талдау жасалады. Еңбектің бесінші тарауы – «Дулатов және мұсылманшылық». Мұнда Ресей құзырындағы халықтар мұсылмандығына оның қалай қарағандығы сипатталады. «Дулатов және Ресей» атты алтыншы тарауда ақынның ақ патшаға, орыс халқына және орыс мәдениетіне көзқарасы туралы пікірлер жинақталған. «Болашаққа» деген жетінші тарауда Дулатовтың қазақтарға арнаған үндеуі мен туған халқының болашағына деген көзқарасына деген талдау жасалған. Қорытынды бөлімінде жапон ғалымы Міржақыптың ұлт мүддесі жолында еткен қызметі мен соңына қалдырған рухани мұрасы әлемнің барша халқына бүгін де әрі тағылым, әрі құнын жоймас қазына деп бекітеді. Томохико Уяма қайсыбір әріптестеріндей, ғылым мен күнделікті тірлік ағымы арасына қорған қалаудың адамы емес. Ол кіндік Азия мен Қазақстан жөніндегі жапон тілінде он бір, орыс тілінде екі мақала жариялаған автор. Жуырда «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақша – жапонша» тілдескішті жасаған төрт адамның біреуі – сол.Жас дарынның ғылыми һәм шығармашылық ізденісі үнемі буырқаныс үстінде. Мәселен, Токиода жарық көретін «Әлемдік саясат» журналында «Дүниежүзі халықтары энциклопедиясы» кітаптарында жариялаған «1986-1993 жылдарда Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас жағдайы», «Кіндік Азиядағы немістер» атты сондай-ақ, көшпелі тұрмыс жағдайындағы қазақ, қырғыз тіршілігін сипаттайтын ондаған мақалалары әшейін экзотикалық қызықтау емес, шын мәнісінде ғылыми дәйектілігімен, мәселе байыбын білгірлікпен пайымдауымен назар аударатын нәрселер. Ол қазақтың Абай, Міржақып, президентіміз Нұрсұлтан, ақын Олжас секілді ондаған тұлғаларымыз турасында татымды дүниелер тудырған автор... Қарап отырып таң қаласыз. Жапонда жатқан жапон, қиянда жатқан қазақ. Осы екеуін Міржақып мірді сатылап келіп біріктіретін не құдірет?! Меніңше, ол құдіреттің төркіні – қазақтың қазақ болып қалуы үшін қылша мойнын талша ұсынған ағалардың, аға қасиетін қастерлей білген Томохикодай «балалардың» қасиеті. Лайым осы қасиетіміз қожырамағай, Жақып аға, жапон бауыр!

«Түркістан» №1, 4 қаңтар 1996 жыл

Абзал Бөкен – ақын, журналист, бірнеше жыр жинағының авторы. Жазушылар одағының мүшесі.

1994-1996 жылдарғы газеттің жауапты хатшысы.