Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы еліміздің барлық өңіріндегі тұрғындарды ортақ іс төңірегінде топтастырып келеді. Осы орайда, «AMANAT» партиясы тұрақты түрде «Таза бейсенбі» акциясын өткізуде. Оның барысында тұрғындар, белсенділер және волонтерлер көшелерді, аулаларды, қоғамдық орындар мен тарихи нысандардың тазалап, қалалар мен ауылдарды таза әрі қауіпсіз етуге үлес қосуда.
Шымкент қаласында акция Әл-Фараби ауданына қарасты Сәуле шағын ауданында өтті. Тазалық жұмысына шамамен 30 адам қатысып, арнайы техника жұмылдырылды. Оған қатысушылар тұрғындар жиі жиналатын қоғамдық орындарды ретке келтіріп, көшелер мен аулалардағы тұрмыстық қалдықтарды тазалады. Нәтижесінде бір тоннадан астам қоқыс шығарылып, шағын аудан аумағы айтарлықтай тазарып қалды.
Акция аясында Абай облысы Бесқарағай ауданында аумағы 2 гектарды құрайтын саябақта қар күреліп, 150 текше метр қар шығарылды. Осы жұмысқа партияның 20-дан астам мүшесі қатысып, жаяу жүргіншілер жолы, тротуарлар мен қоғамдық орындар тазаланды. Бұл қадам қыс мезгілінде тұрғындардың саябақты қауіпсіз әрі жайлы аралап жүруіне мүмкіндік берді.
Жетісу облысы Алакөл ауданында белсенділер мен Тоқжайлау ауылының тұрғындары Мәдениет үйінің аумағында және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш маңында қар күреді. Акцияға бас-аяғы 20 адам қатысты. Бірлескен жұмыс тұрғындардың қауіпсіз серуендеуіне қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қыс мезгілінде тарихи нысандарды зақымданудан қорғауға ықпал етті.
«Таза бейсенбі» акциясы – бұл жай ғана тазалық жұмысы емес, ортақ жауапкершілік пен бірліктің айқын көрінісі. Көшелерді, аулаларды және қоғамдық орындарды бірлесе ретке келтірген кезде әр адам тазалық пен абаттандыру жұмысы өзімізге байланысты екенін түсінеді. Осындай ортақ іс адамдарды біріктіріп, қоршаған ортаға деген құрмет қалыптасады. Осылайша, әркімнің шағын әрекеті еліміздің тазалығы мен көркеюіне қосылған үлкен үлеске айналады», – деді «AMANAT» партиясы Алакөл аудандық филиалының төрағасы Қайрат Көкебаев.
Жамбыл облысы Сарыкемер ауылында акцияға қатысушылар тұрғын үйлердің аулалары мен іргелес аумақтарды тазалады. Тұрмыстық қалдықтар, қурап қалған бұтақтар және әртүрлі қоқыстар жиналып, барлығы 500 килограммға жуық қатты қалдық шығарылды. Тазалық жұмысы ауданның санитарлық жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырды.
«Таза бейсенбі» – бір реттік тазалық іс-шарасы емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Осындай іс-шаралар арқылы тұрғындарды қоғамдық жұмысқа тартып, туған жерге деген қамқорлықты күшейтеміз», – деді партия мүшесі Гаухар Иманбаева.
Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында партия белсенділері мен волонтерлер көшелерде қар күреп, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы жүріп-тұруын қамтамасыз етті. Қыс мезгілінде үйілген қар мен көктайғақ жаяу жүргіншілерге және көлік қозғалысына қауіп төндіретіндіктен, мұндай жұмыс ерекше маңызға ие.
«Экологиялық акция – бұл тұрғындардың жайлы өмір сүруіне және қауіпсіздігіне қосқан үлесіміз. Қыс мезгілінде көшелерде қар тазалау – аса маңызды. Сондықтан туған ауылымыздың абаттануына нақты үлес қоса алғанымызға қуаныштымыз», – деді «AMANAT» партиясы Қызылжар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Нұрлан Телтаев.

Қарағанды облысы Нұра ауданында жастар мен партия белсенділері қарттар үйі аумағын тазалауға көмектесті. Олар қар күреп, тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына жағдай жасады. Акция аға буынға деген қамқорлықтың, құрметтің нақты үлгісіне айналып, жастар арасында қоршаған ортаға жауапкершілікті дәріптеуге ықпал етті.
Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласының орталық саябағында «AMANAT» партиясының мүшелері мен волонтерлер 100 килограмм қоқыс жинап, аумақты тазалады. Олар жаяу жүргінші жолдарын, ойын алаңдарын ретке келтіріп, тұрғындар мен туристер үшін жайлы жағдай қалыптастырды.
Түркістан облысы Созақ ауданында акция тарихи-рухани маңызы бар Қарабура әулие кесенесі маңында өтті. Қатысушылар аумақтағы тұрмыстық қалдықтар мен қурап қалған шөпті тазалап, қасиетті орынды абаттандыруға атсалысты. Осылайша олар ұлттық мұраға құрмет көрсетті. Тазалық жұмысына партия белсенділері, тұрғындар мен волонтерлер қатысты.
Алматы қаласы Наурызбай ауданында «Таза бейсенбі» акциясына қатысушылар «Қалқаман» шағын ауданында коммуналдық қызметкерлерге көмектесіп, көшелерді, тротуарлар мен қоғамдық орындарды тазалады. Сонымен қатар олар жұмысшыларға ыстық тағам мен шай ұсынды. Бұл бірлескен жұмыс тұрғындардың бірлігі мен қалаға деген жанашырлықтың жарқын үлгісіне айналды.

«Таза бейсенбі» акциясы – еліміздің барлық өңірінде тазалықты сақтау және экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі.
