6 Маусым, 16:17 143 0 Білгенге маржан Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

«САРҚЫТТАН» САҚТАНСАҚ ДЕЙДІ

Сарқыт – дәстүрлі қазақ қоғамындағы ежелден келе жатқан салттың бірі. Бала кезімізде әжеміз асқа, тойға барғанда алдынан жүгіріп шығатынбыз. Той-томалаққа барған үлкен кісілер үйге сарқытсыз келмейді. Бұл «жұғысты болсын» деген жақсы ырымнан туған дәстүр болса керек. Алайда, ол кездегі ел қанағатшыл ғой, қамзолдың қалтасына салып бір-екі карамель кәмпит, бірер тоқаш әкелетін. Ал қазір бәрі басқаша.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстанның Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин сарқыт салуға да салмақты қарауға шақырып, уланудың алдын алу туралы мәселе көтерген еді. Әсіресе, Ораза, Құрбан айт мерекесі кезінде дастарқанды тез бұзылатын тағамдардан сақтау қажеттігін де көтеріп, әсіресе қаймақ пен майонез қосылатын салатттардан шектеу туралы ескерту жасаған. «Қазақта дәстүрлі «сарқыт» деген бар, бұл сарқытқа ет те салынады, жеміс-жидек те салынады, салаттар да салынады. Біздің ұсынысымыз, сарқытқа кәмпит, печенье, жеміс-жидектер, шығыс тәттілері секілді тағы да басқа құрғақ әрі жеңіл тамақтар салынуы керек. Мұндай қарапайым қағидаларды сақтасақ қана біз денсаулықты да сақтаймыз, мерекелік көңілді де бұзып алмаймыз», – деді бас санитарлық дәрігер.

Таяуда бұл мәселеге қайта оралып, Рамазан айында ораза ұстағанда қандай тамақтарға мән беру керектігіне тағы тоқталды. Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин: «Жазда 20 сағат бойы ауыз бекіту қал-жағдайдың нашарлауына алып келуі мүмкін. Соған байланысты денсаулықты көтерудің де ережелеріне сүйену керек.  Таң сәріде күрделі көмірсуларды және сұлы, бұршақ және күріш секілді жасұнықтарға мол тағамдарды тұтыну қажет. Сәресін құрмамен немесе сумен жабудың жақсы екенін бұл организмдегі қант пен тұз деңгейін қалпына келтіруге көмектеседі», – деді.

Сондай-ақ, ол ішек, асқазан ауруларын қоздыратын кезеңде сарқыт жеуден аулақ болу керектігін де қаперге салды. «Кез келген адам бұл ауру түрінен сақтанамын десе, той-томалақтан тез бұзылатын сүт, ет, балық өнімдерін үйге әкелмеу керек. Бұл тағамдар онсыз да тойға дейін ұзақ сақталады. Ал оны 6-12 сағат асқан соң тұтынбау қажет», – деді.

Алайда, қазақ пен сарқытты бөліп қарау мүмкін емес шығар. Және қазір дастарқаннан түк қоймай сыпырып-сиырып алып кететіндердің көп екенін ескерсек, бұдан тыйылу оңайға соқпас. Тойдан қайтқан қазақтар да бұзылған тағамды айыра алса керек-ті. Бекшин айтты екен деп, сарқыттан бас тартатын қазақты бүгін таппасымыз анық.

 

Д.Дүрмән

Соңғы жаңалықтар