ЖҮЙРІК ЖЫРАУ, СЫРЛЫ САЗ

ЖҮЙРІК ЖЫРАУ, СЫРЛЫ САЗ

ЖҮЙРІК ЖЫРАУ, СЫРЛЫ САЗ
ашық дереккөзі
Қазақтың жазу-сызуы дамымаған кезде ұлттың сөз өнері мен саз өнері халыққа ауызша таралып, бүгінге жетті. Жиырмасыншы ғасырдың бас кезіне дейін осы феноменальды құбылыстың басты тұлғаларының бірі – жыраулар болды. Солардың арқасында талай ғасыр жадта сақталып, кейінгі жүзжылдықта ғана қағазға түскен мол фольклорлық шығармалар – бүгінде ұлттық өнердің асыл қазынасына айналды. Арғы дәуірде, яғни, қазақ әдеби шығармалары жанрлық жағынан дамып, проза мен поэзияның іргесін бөле қоймаған кезде эпостық туындылар халыққа кең танымал болды. Елдік, ерлік, ғашықтық тақырыптардағы сюжеттер бір дастанның ішінде бүтін қамтылып, біртұтас жырланды. Сондай-ақ, насихаттық мәні мол терме-толғаулар да, тарихи жырлар да өлеңмен шығарылатын болғандықтан, бұлардың бәрін жыраулар шығарып, өздері орындады. Домбыраның үнімен жарыса төгілген сөз маржандары ел арасында жыраулардың абырой-беделін асқақтатты. Өйткені, кітап басып шығармайтын, театры жоқ елде әртістің де, ақынның да, әншінің де қызметін бір өзі атқарған жыраулар елдің рухани дүниесін байытушылар, тарихтағы түрлі оқиғалар мен тұлғалар туралы мәлімет берушілер еді. Қазақ ұлттық әдебиетінің басында тұрған жыраулар поэзиясын жасаушылар – жорық ақындары еді. Олар мемлекеттік идеологияны жүргізушілер, елді отан қорғауға, ұлтты сақтауға үндесе, кейін келе жыраулар ұғымы өзгеріп, уақыт өте келе халық эпосты жырлаушыларды жыраулар деп атай бастады. Жыраулардың әуелгі легі өз жанынан шығармалар тудыратын, дастандарды жырлап шығаратын ақындық қабілеті мықты өнер иелері еді. Бертін келе өз жанынан өлең шығармаса да, көлемді эпостық дастандарды айтатындар, домбырамен терме-толғауларды орындаушылар жырау атана бастады. Әрине, бір жырау мен екінші жырауды ерекшелейтін өзгешеліктер болды. Ол жыраулардың репертуарынан бөлек, жырларды орындағанда өзіндік мақам-сазбен жырлау арқылы көрінді. Ендігі жағында мақам-саздардың рөлі күшейіп, «ана жыраудың жолы», «мына жыраудың жолы» деген жолдар (яғни, мақам-саздар) арқылы әр өлкенің өзінің жыраулық мектебі қалыптаса бастады. Қазақ елінде, негізінен, Маңғыстау, Сыр бойы жыраулық мектебі деген мектептер қалыптасып, сол арқылы жыраулық өнер сабақтастығы тұтас жыраулар легін даралап шығарды. Ал ХХ ғасырдың басында өз ерекшелігі арқылы танылып әрі халық арасында үлкен беделге ие болған үшінші мектеп – Бесқала жыраулық дәстүрі кең қанат жайды. Қарақалпақстан және түркімен еліндегі қазақтардың жыраулық мектебінің даңқын асырған Теңізбай, Әбдімұрат, Қайырмақол Қалмырат, Өтім Балтуғанұлы, Жалғасбай Аралбаев, Сүгір Бегендікұлы секілді жыраулар бұл мектептің өзіндік ерекшелігін ашса, одан бергі жерде Қарасай Әбдімұратұлы, Наурызбек Нұржаубайұлы, Хайролла Иманғалиев, Алдаберген Тасқынбаев, өзбекстандық Қалдаш жырау т.б. көптеген жыраулар өткен ғасырдың екінші ширегінде қазақтың жыраулық өнерін асқақтатып, көнеден жеткен өнерді жаңаша түлетіп – халықтық өнердің бағын ашты. Ел арасында үлкен сұранысқа ие болған жыраулар өнері сол жылдарда қатты дамыды. Тойлар жыраусыз өтпейтін болды, магнитофон кассеталарына жазылған жыр-дастандар мен терме толғаулар халыққа кең тарады. Сол тұста репертуары көлемді, циклды дастандарға бай Қарасай Әбдімұратұлы мен терме-толғауларды апталап айтатын Наурызбек Нұржаубайұлы өте танымал болып, олардың орындауындағы шығармалар күйтабақтарға жазылды. Әдебиет-зерттеу институттары олардың репертуарындағы шығармаларды қағазға түсірді. Бір сөзбен айтқанда, жыраулық өнерді қайта тірілткен жыраулар – халықтық өнерге салқын қарайтын кеңестік идеология кезінде елдің рухани әлемін байытып, тарихи жадыны жаңғыртуға мол үлес қосты. Әрине, Бесқала жыр мектебі туралы өте көп айтуға болады, бірақ сөзіміз ол өнер мектебінің өткен-кеткенін түгендеуден гөрі, белгілі бір өнерпаздардың шығармашылығына арналатын болғандықтан, ендігі сөзді бесқалалық жыр мектебінің көрнекті өкілі, бүгінгі атақты жырау – Өсербай Сәрсенбайұлы туралы әңгімеге бұрғымыз келіп отыр. Өсербай Сәрсенбайұлы – жоғарыда атын атап өткен Наурызбек Нұржаубайұлының шәкірті. Әрбір жырау өз мақам-сазының жоғалмай, халыққа жетуіне және өзінің репертуарындағы жыр-дастандар мен терме-толғаулардың ұмытылып кетпеуіне мүдделі болғандықтан шәкірт тәрбиелейтін болған. Жыраулық өнерге бейімі бар жастарды қасына ертіп, ел аралағанда жас өнерпаздарды ара-тұра топқа қосып, ел алдында өнерінің жетілуіне, өнерпаз ретінде танылуына жағдай жасайтын болған. Міне осындай сыннан өтіп, бүгінде үлкен жырауға айналып отырған Өсербай Сәрсенбайұлы – бүгінде Бесқала жыр мектебінің айбарын асырып отырған үлкен өнер иесі. Әр өнерпаздың өнерге келу жолы болады десек, Өсербай жыраудың да өмір жолында жыраулық өнерді таңдауға себеп болған жайлар бар. Ол туралы Өсербай Сәрсенбайұлы былай дейді: «Біз бір әке, бір анадан үшеу едік. Үлкен ағам – Жаңбырбай (Шын аты Ықылас, халық Жаңбырбай деп кеткен). Екінші ағам Көшербай. Үшінші, өзім – Өсербай. Әкемнің аты – Сәрсенбай. Анамның аты – Орынбике. Әкем мен туған соң екі-үш айдан кейін қайтыс болыпты. Жаңбырбай ағам 1938 жылы туған. Көшербай ағам 1945 жылы туған, 8-класында қайтыс болды. Бізді үлкен ағам Жаңбырбай бағып-өсірді және анамның еңбегі орасан. Анам мен ағам көп қиындық көрді. Сонда да бізді қатардан кем қылмай оқытып, жоқшылықта киіндіріп, өнерге және спортқа баулыды. Кішкене кезімде, ағам Жаңбырбай Арал теңізінде балықшылықта жүргенде бір адамнан теңізде біреудің сынып қалған домбырасын алып, бекіренің желімімен желімдеп маған алып келді. Жерден жеті қоян тапқандай ауыл, көрші-қоба, ағайын балдар жиналып, сол домбыраны шерте бастадық. Содан көп ұзамай мен де домбыра тартуды үйрене бастадым. Жаңбырбай ағамның домбыра шертіп, анда-санда ән айтатыны бар еді, домбыраны ұстауды, қалай қағуды сол ағам үйретті. Бірақ, ол кезде ағам таң ата балық аулауға кететін де, кеш келетін. Кей кезде Аққала, Әжібай, тағы басқа да көптеген жерлерге балық аулауға кетіп, сол жақтарда он күндеп қонып қалушы еді. Сол уақыттары домбыраның құлағын келтіре алмай, нағашыларым Асанбай ағаға барып, құлақ келтіруді солардан үйрендім. Осылайша, біршама әндерді домбыраға салып айтатын да болдым. Мен Мойнақ ауданының бұрынғы Сталин колхозында туып, мектепке, бірінші класқа 1956 жылы бардым. Сталин колхозы кейін «ХХІІ съезд», одан кейін «Тік өзек» аталды. Бірінші әріп үйреткен мұғаліміміз Қожанияз аға, соғыс ардагері. Ұстазымыздың арқасында 1-3 класты жақсы бітірдік. Ән сабағында маған өлең, ән айтқызып, домбыра шерткізетін. Мектепке барар алдында ауылға Наурызбек жырау келіп, біздің үйде жатып, мені ән-терме, жырға баулыған еді. Ауылдағы тойларда жыр-терме айтып, беташарды атқаратын.  Кейін байқасақ, бұл Нәукең бізге жиен екен. Ауруханадан шыққан соң нағашыларын сағалап келген. Ферма басшысы болған атамыз Қайыпназар, Асанбай нағашым «Саған жаяу жүруге болмайды» деп Нәукеңе нағашылар атынан бір ат мінгізді. Себебі, Наурызбек ағамыз екі балдақпен жүретін. Әлбетте, Нәукең жаяу емес еді, әкесі Нұржаубай ағаның да  жылқысы  көп еді. Сонда да Қайыпназар атамыз нағашыларының ықыласын білдіргісі келіп, осындай сый жасады. Көп ұзамай Нұржаубай атамыз зейнетке шығып, менің 3-сынып кезімде-ау деймін,  Наурызбек аға Қоңырат қаласына көшіп кетті. Содан 7-8 айдай өткенде Нәукең шешемнен мені сұрай келді. Апам: «Бұл – ең кенжетай, сүт құрғатқан балам еді. Өзі әкесінен жас қалды. Өсербайымды Сізге бере алмаймын, үлкен екі баланың қайсысын қаласаң да алып кете бер», – деген екен. Бірақ, ол кісіге тек мен керек болыппын. Менде өнердің нышаны бар екенін Нәукең байқаған болса керек. Содан кейін ол кісі немере ағам Тазабай Мәсия жеңешеме үйленгенде келіп жырлап, содан соң Алтынбеков Ибрайымның баласы Жаңабай Тәрбия жеңешеме үйленгенде жырлады. Бұдан соң Наурызбек ағаны көрмедім». Дегенмен орта мектепті бітіріп, Нөкіс қаласындағы пединституттың дене тәрбиесі факультетін бітірген Өсербай Сәрсенбайұлының өнерге аңсары ауады да тұрады. Ақыры үлкен кісілердің ақыл-кеңесін тыңдап, Наурызбек жырауға барып, өнерін сынатып, батасын алады. Осылайша, жыраулық өнерге келген Өсербай Сәрсенбайұлы ұстазы Наурызбек жыраудың репертуарындағы барлық жыр-термелерді жаттап, ұстазының жолымен жырлап, елге танылады. Кейін Өзбекстанның Жызақ облысындағы Мырзашөлге қоныс аударды. Онда жүріп те жергілікті қазақтар арасына жыраулық өнерді насихаттады. Бірақ ол жерде ұзақ тұра алмай, Алматыға қоныс аударды. Себебі содан біраз жыл Қарақалпақстаннан Алматы жанындағаи Шамалған стансасына қоныс аударған ұстазы, даңқты жырау Наурызбек Нұржаубайұлы шәкіртін қасына шақыртқан еді. Сөйтіп Өсербай да атамекеніне келіп, Шамалған стансасының тұрғыны болды. Өсербайдың бүкіл қазаққа танылуына 1996 жылы Алматыдағы Республика сарайында Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына орай халықаралық айтыс және жыршы-термешілердің жарысына қатысуы себеп болды. Осы өнер додасында өзгеден оқ бойы озық көрінген әрі таудан құлаған селдей, төпелете терме айтуымен көрерменнің ықыласына бөленген Өсербай Әбіш Кекілбай, Ақселеу Сейдімбек бастаған әділқазылар алқасынан жоғары баға алған Өсербай Сәрсенбайұлы сайыстың бас жүлдесін алады. Сөйтіп мыңдаған адамдардың көз алдында өнер көрсетіп, әрі өнері теледидар арқылы бүкіл қазаққа танылған-ды. Репертуарында Қашаған Күржіманұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Майлықожа, Балқы Базар, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Шораяқтың Омарының, Кете Жүсіп т.б. көптеген жыр зергерлерінің туындылары бар Өсербай жырау бүгінде қазақ жыраулық өнерінің туын биікке көтеріп жүрген өнерпаз. Оның шәкірттері қазақ елінің әр аймағында өнер көрсетіп, ұстазының жолын жалғап жатыр. Бүгінде Ақтау қаласында тұратын Өсербай жырау әлі күнге шәкірт тәрбиелеп, жиын-тойларда жыр-дастандар айтып, терме-толғауларды төгілтуден бір тынған емес. «Жыраулық өнер – қазақтың ұлттық өнерінің шоқтықты бір саласы. Жыраулар әуеннен гөрі сөздің мағынасына мән береді. Өлеңді әуеннің жетегімен көпшіліктің құлағына сіңіре отырып, жас ұрпаққа әдебиетті насихаттау, оларды сөз асылын тануға баулу – жыраулық өнердің басты кредосы. Сондықтан сонау замандардан бүгінге аман-сау жеткен халықтық өнерді дамыту керек. Отанын, елін сүйетін азаматтарды тәрбиелеуге үлкен әсері бар бұл өнердің. Қазақ барда қазақтың жыраулық өнері өлмеуге тиіс», – дейді Өсербай Сәрсенбайұлы. Ия, кезінде академик ғалым Рахманқұл Бердібаев бүгінгі ірі жыраулардың мекені, қазақ жыраулық өнерін дамытқан, жыршылық өнерді ерекше қастерлейтін  эпикалық аудан деп биік баға берген Бесқала жыраулар мектебінің шоқтықты бір өнерпазы, дарынды жырау Өсербайдың өнер әлеміндегі жолы – ұлттық өнердің эстетикалық құдіретін көрсететін өнегелі өмір. Жыраулық өнердің сиқырлы мақам-сазымен жарыса айтылып, көңілге түрлі ой салатын салмақты жыр-толғаулар қазақ халқының рухани дүниесін байытуға ғасырлар бойы қызмет етіп келеді. Қазаққа рух беретін жыраулар көші тоқтамағай.  

А.Жұмағалиұлы