АЛТЫНСАРИН ОЙЫНЫҢ АЛТЫН КҮМБЕЗІ Немесе ендігі қазақ баласы қай қиырға көз тігуі керек?

АЛТЫНСАРИН ОЙЫНЫҢ АЛТЫН КҮМБЕЗІ Немесе ендігі қазақ баласы қай қиырға көз тігуі керек?

АЛТЫНСАРИН  ОЙЫНЫҢ АЛТЫН КҮМБЕЗІ Немесе ендігі қазақ баласы қай қиырға көз тігуі керек?
ашық дереккөзі
Кез келген халықтың ұлт болып ұйысып, мемлекет болып қалыптасқанша талай асауларды асып, талай өткелдерден өтетінін тарих дәлелдеген. Өйткені ел де адам сияқты, пайда болады, қалыптасады, дамиды. Төрт құбыласы түгел мемлекетке айналған бүгінгі қазақ елі осы кезге дейін заманның ырғағынан бірде қалып, бірде теңесіп отырған кездері бар. Бірақ соншалықты аштан өліп, көштен қала қойған кезі аз. Бес ғасырдан өтіп бүгінге жетті. Жай жеткен жоқ, азды-көпті жетістіктермен жетті. Ұлы дала төсінде туып, ер жеткендердің арасында ежелгі заманда да оқымыстылар аз болмаған. Әбунасыр әл-Фараби, Әбу Райхан әл-Бируни, Махмуд Қашқари, Ахмет Иүгінеки, Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн, Мұхаммет Хайдар Дулати, Қожа Ахмет Ясауи секілді аты-заты дүниежүзіне мәлім ғалымдардың бүгінде түбі бір түркі жұртынан шыққан ұлы тұлғалар екенін әлем мойындайды. Демек, заманнан ілгері – озық ойлылық түркінің бір бұтағы – қазақтардың да қанында барлығы тарихқа таңбаланған құбылыс. Алайда қай халықтың да пешенесіне үнемі бәйгінің алдында келу жазыла бермеген. Адамзат қоғамының екі мың жылдық тарихында дүниелік ғылымның қалыптасып, дамуына орасан зор еңбек сіңірген ата-бабаларымыздың даңқты жолдарын әрі қарай тоқтатпай, іліп әкетуге тарихтағы сан түрлі қан-қасаптардың кесірі тигенін білеміз. Оның зардаптарын ХХ ғасырдың бас кезіне дейін тартып, есімізді әрең жинағанымыз да есімізде. Бірақ соңғы жүзжылдықта ұлттың оқыған зиялылары ендігі өмірдің бар тірегі ғылым мен білімде екеніне халықтың көзін жеткізуге тер төгіп, соның ізгі әсерінен халқымыз қайта дүр сілкініп, заман ырғағына ілесті. Ол нәтижесіз болған жоқ. Саясатының түбінде шовинизм тұнған, 74 жылдық кеңестік кезеңде де рухын түсірмей, өзгелерден қалмауды басты мақсат тұтқан қазақ халқынан талай саланың талай білгірі шықты. Солайша қазақ ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттады. «Әр заманға – бір зауал» дейтін халқымыз қашанда заман әкелетін жаңалықтың жақсысын да, жаманын да дұрыс бағамдай білген. Өйткені заманмен бірге жақсы да, жаман да ере жүреді. Жаңа ғасырда руханиятта шегіністер болғанымен, ғылым мен технологияда өте үлкен ілгерілеу бар. Соның бастысы – күн сайын түрлене құбылған ақпараттық технологияның шексіз мүмкіндіктері. Бұрын қаншама жер басып жүгіріп, қолмен тындыратын жұмыстың талайын қазір алақанға ғана сыйып кететін смартфондар атқарады. Төлем төлеу үшін банкіге, хат жолдау үшін поштаға, билет алу үшін вокзалдар мен әуежайларға бармай-ақ шаруаңды тындыра бересің. Бір құрылғыда сағаттан бастап бейнекамераға дейін жинақталған. Ендеше, бүгінде ақпараттық технологиядан хабарың болмаса, сонау тас дәуірінен бір-ақ шығасың. Осының бәрі өркениеттің дамуы тудырған алапат өзгерістер. Бүгінгі білімнің сапасы да өзгерді. Мың жерден белгілі бір саланың білгірі болсаң да, ағылшын тілін білмесең, ақпараттық технология жетістіктерін игермесең – жарты адамсың. Демек, ендігі жағында заман талабына жауап бере алатын маман болмасаң, «екінші сұрыпқа» түсіп қалу қаупі бар деген сөз. Ал осы тұрғыдан келгенде, мемлекетімізде жаңа дәуір жетістіктеріне қол жеткізуде қарқын қалай, өзгеге есеміз кетіп, өркениеттің өгей баласы болып жүргеніміз жоқ па? Дәстүрлі нәрселерден бірден қол үзіп кете қою қиын, тіпті, олай етудің де аса қажеті жоқ. Тек бұрынғыны да естен шығармай отыра, жаңаны да ескеру керек. Дей келгенде, біздің білім саласында әлі күнге гуманитарлық, әлеуметтік салаға көбірек көңіл бөлініп, технологияға түсініп үңіле бермейміз. Үңілмейтініміз сонша, заманауи технологиямен айналысатын мамандарды қалай дайындап жатырмыз, олардың білім сапасы қандай, ақпараттық технология заманына олардың қолынан бәсекеге қабілетті жаңалықтар ашып, мемлекетке пайдасы тиетін нәрселер жасау келе ме, егер келіп жатса мемлекет олар үшін қандай жағдай жасау керек деген нәрселерді ойлай бермейміз. Ал біз не ары, не бері емес жағдайда жүргенде өзгелер несібемізге қол салып, аузымыздағыны жырып әкетіп жатыр. Бұл әрине мамандарға қатысы бар әңгіме. Бірақ заманауи білім алған талантты жастарға өз білімі мен талабын өркендетуге мүмкіндік берілмей отырғанда, өзгелермен қалай иық теңестіріп, бәсекелес боламыз? Ғылым мен техниканың дамуы үшін зерттеулер жүргізілуі, зерттеушілерге жағдай жасалуы керек екені белгілі. Бірақ ол жеке-жарым адамның емес, мемлекеттің күштеуімен жасалатын жұмыс. Мемлекет өз мамандарын дайындап, өз өнімін шығармаса, өзге елдің өнімін пайдаланып, ақшасы сыртқа кете бермек. Бұл құбылыс ІТ технология дәуірінде тіпті күшіне мінетіні анық. Бүгінде біз интернетте жарнамалық сайттар мен түрлі қызмет көрсететін смартфонымыздағы қосымшаларды пайдалану арқылы өзге елдің қазынасына ақша құйып жатқанымызды өзіміз де білмейміз. Әрине тұтынушыға шаруасы бітсе болды, бірақ солардың жұмсайтын ақшасы мемлекеттің қалтасынан шығатын қаражат екенін білсеңіз, неден қалай ұтылып жатқанымызды білер едік. Білер едік те, өзіміздей кісіге жем болмаудың қамын ойлар едік. Біздің пайдаланатын компьютеріміз, оның бағдарламасы, интернет-трафиктер, сондай смартфондар бүкіл қосымшаларымен шетелде шығарылған. Соның бәрін сатып алып отырмыз. Ол ақшаны біз еңбек етіп, мемлекеттен алып отырмыз. Ақпараттық технология заманында өнері мен білімі асқан елдер миымен ғана ақша жасайды, бірдеңені ойлап табады да, сонысы арқылы саусағын қимылдатпай-ақ, жатып алып ақша табады. Ал оған мүмкіндік беретін – білім мен технология. Ғаламтор қызметіне жүгінгенде біз сол қызметтерді пайдалану арқылы кімдердің бизнесіне ақша құйып жатырмыз, ол қызметтерді қайсы ел ұсынып отыр дегенге бас ауырта бермейміз. Шындығында, қалтамыздан шыққан әрбір тиыннан шетелдіктер сол заматта өз үлестерін қағып алып отыр. Сенбейсіз бе? Мәселен, сіз біреуге, не біреу сізге QIWI Кошелек арқылы ақша аударатын болсаңыз, ақшаның 5 пайызын төлем қызметі үшін ресейлік компанияға төлейсіз. Ал такси керек болып Яндекс такси,  inDriver немесе Uber компанияларының бірінің қызметін пайдалансаңыз, сіз төлеген ақшаның белгілі бір пайызы ресейлік не АҚШ-тық компанияның шотына түседі. Қазірде бәріміз білетін OLX.kz онлайн-жарнама платформасы арқылы жарнама берсеңіз не зат сатып алсаңыз төленген ақшадан Голландиялық компанияның үлесін қалдырып кетесіз. Сол сияқты, kolesa.kz, krisha.kz, market.kz секілді сайттар да өз қызметін пайдаланғаныңыз үшін төленген ақшадан өзіне тиын-тебен түсіріп отырады. Демек, интернет арқылы сауда жасау не жарнама беру сайттарын өзіміз жасап, жұмысын жөндеп жолға қоймағасын, мемлекеттің ішінде қалуы тиіс ақша сыртқа кетіп жатыр... «Ауадан ақша жасау» деген ұғым бар. Ол – белгілі бір өндіріс орынын құрмай-ақ, физикалық күштің қатысынсыз пайда табу деген сөз. Шын мәнінде, ақпаратық технология заманында басымен ғана жұмыс істейтіндердің интернет арқылы тапқан пайдасын, кейде мемлекет болып таба алмайтын жағдайға жеттік. Белгілі ІТ маман, әлеуметтік желі белсендісі Нұрлан Жанай бұл туралы қызықты мәліметтер келтіреді. Ол өзінің Telegram әлеуметтік желісіндегі «Пайдалы канал» атты арнасында жариялаған бір мақаласында былай дейді: «2017 жылы қазанда Скотт Галлоуэй (Scott Galloway) деген Нью-Йорк университетінің профессоры The Four: the hidden DNA of Amazon, Apple, Facebook and Google (ТӨРТТІК немесе әлгі төрт компанияның жасырын ДНК-сы) атты сұрапыл кітап шығарды. Кітаптағы негізгі идея мынада екен, төрт компанияның жалпы есептегендегі капитализациясы $3 трлн-ға жуық деп шамалайды. Дәл кешегі Ychart статистикасы бойынша төмендегідей: Apple – $1 трлн Amazon – $782 млрд Google – $749 млрд Facebook – $439 млрд

Төрттіктің жалпы капитализациясы – $2,97 трлн.

Енді 2018 жылғы әлемдегі елдердің жалпы ішкі өнімін (GDP) қарасақ, (АҚШ-та – $20 трлн, Қытайда – $13 трлн, Жапонда – $5 трлн, Германияда – $4 трлн, 5-орындағы Индияда $2.87 трлн екен. Төмендегі рейтингке қарасаңыздар, әлемдегі 10 мықты экономикасы бар елдің ішінде ең қарқынды 7.5 пайызбен дамып келе жатқан – Индия. Мына нәрсеге баса назар аудару керек, бір жыл бұрын кітап шыққанда The Four-ның капитализациясы ең тез дамитын Индиядан қалып келе жатқан, ал кешегі статистика бойынша озып кетті. Егер Facebook, Google, Amazon, Apple төртеуін бір мемлекет деп алсақ, АҚШ, Қытай, Жапон мен Германиядан кейінгі бесінші орында тұратын мемлекет болар еді. Бір қызығы, бұлардың ішінде үшеуі тауар шығармайды, онлайнмен ғана ақша табады. Бір Facebook-тың 2-3 сайт, әпликейшнымен-ақ (қосымша) тапқан пайдасы мұнай, газ, Менделеев кестесіндегі бар элемент табылатын бүкіл қазба байлығыңнан асып кетіп отыр». Көрдіңіз бе, ақпараттық технология заманында жер қазып, егін екпей немесе мал бағып, кен қазбай-ақ қыруар қаржы табуға болады екен. Әрине, басың істеп, бірдеңе ойлап тапсаң! «Басың істеп» демекші, қазақта басы істейтін жастар аз емес. Талайы шетелге кетіп, аты әйгілі компанияларда да жұмыс істеп жүр. Оларға онда ақшаны жақсы төлейді, бар жағдайын жасайды. Сол арқылы өзгелер біздің талантты жастардың миынан пайдаланып, байлығын еселей түсуде. Заманның даму жылдамдығы сұрапыл болып тұрғанда, кертартпалықтан құтылмасақ – өзгенің жұмысына жалданып, өзгенің жасаған нәрсесіне телмірумен өміріміз текке өтеді. Осыдан біраз бұрын белгілі ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев бір сұхбатында «Қазаққа ақын емес, технократ керек» дегені үшін қаптаған «руханиятшылардың» шабуылына ұшырады. Шынына келсек, ол кісі руханиятты жоққа шығармайтынын, бірақ мына заманда ғылым мен технологияны дамытпасақ, артта қалатынымызды ескерткен еді. Ал бізде ақын-жазушы болмаса, бар абыройымыз әдірам қалатындай туладық. Ақын-жазушылардың да керегі жоқ емес, тек қазіргі уақытта текке сөз сапырудан гөрі, ғылым мен технологияға ие болсаң ғана тамағың тойып, тұрмысың түзелетінін біле бермейді жұрт. Шынын айту керек, қазақта ақылды сөз көп, тіпті керегінен артық. Ендігі жағында ақылды сөз айтпасақ та, халқымыздың мақал-мәтелі ақылдың аштығынан өлтірмейтіні анық. Сондықтан жаңадан даналық айтып, сөз көбейте бергенше, айтылған ақылды да игеріп алу керек емес пе алдымен? Бүгінгі заман білім мен технологияны игергенге, соны өзіне қызмет еткізгенге ғана бағынатынына әбден көзіміз жеткен. Демек, құдай өзіміз секілді қылып жаратқан елдерге есеміз кетпеуі үшін жастарымызға еркіндік бермей болмайды. Сонда ғана мына елдің ақшасы өз қалтасында қалып, мемлекетте даму болады. PS: Сонау бір кезде алғаш рет бір өзі мектеп ашып, өзі кітап жазып және балаларға хат танытқан ұлтымыздың ұлы ұстазы – ақын, педагог Ыбырай Алтынсарин не деп еді? «Өнер-білім бар жұрттардың» қандай игілікке қолы жеткенін термелеп отырып, «Білгендерге осылар, бәрі-дағы анықтай, білмегенде танықтай; біз де бекер жатпалық, осыларға таныспай; желкілдеп шыққан көк шөптей – жаңа өспірім достарым, қатарың кетті-ау алысқа-ай...» деп, болашақтың кілті қандай адамның қолында екенін нұсқап-ақ кеткен жоқ па еді? Ал біз бір жарым ғасырдың аржағынан жарқырай көрініп тұрған Алтынсарин ойының алтын күмбезіне күн сайын көзіміз түссе де, есімізді жинап, озық ғылым-біліммен қаруланып, қатарымыздан қалмауға тырыспаймыз. Шындығында, бұл бүкіл мемлекет болып атқарар іс емес пе?

Ахмет ӨМІРЗАҚ