Баспана үшін ажырасу: себеп пен салдар

Баспана үшін ажырасу: себеп пен салдар

Баспана үшін ажырасу: себеп пен салдар
ашық дереккөзі
Адамнан айла артылған ба?! Тіпті, жылдар бойы баспана тауқыметін тартып келсе пәлен дей алмайсың. Шиеттей бала-шағамен біреудің босағасын сығалап жүргеннен гөрі, әрекет жасап бағуға тырысқан отбасы бәріне дайын екен. Оған соңғы кездегі орын алып жатқан жағдайлар дәлел. Елімізде үйсіз жүргендердің қатарын азайту үшін түрлі бағдарлама қабылданып, іске қосылды. Бірақ оған жолы болып, ілініп кетіп жатқандардың қатары көбеймей тұр. Содан болса керек, кейбір ерлі-зайыптылар пәтер алу үшін қағаз жүзінде «ажырасуға» дейін баруда. Алайда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтен әлеуметтік көмек алу үшін елімізде көпбалалы отбасыларда ерлі-зайыптылардың ажырасулары күрт көбейіп кеткенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек алу үшін көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетуіне байланысты бұл алаяқтықты тоқтатуға тапсырма берді. «Атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында көпбалалы ата-аналардың ажырасуы жиілеп кетті. Үкімет пен президент әкімшілігіне алаяқтыққа тосқауыл қою үшін цифрландыру жүйесін енгізуді жеделдету тапсырылды. АӘК – бұл мұқтаж азаматтарға берілетін мемлекеттің жәрдемақысы», – деп жазды ол өзінің Twitter-дегі парақшасында.  width= Бірде үш бөлмелі үйі бар құрбым: «Сендерге бір таптырмас ақыл айтайын ба?» деді. «Ол не, айтшы?!» деп жан-жақтан білуге асықтық. «Біз тұратын үйде тұратын біраз отбасының әйелі күйеуімен қағаз жүзінде ажырасып, аз уақыттың ішінде үй алды. Үш-төрт балаң болса жалғызбасты ана ретінде кезек тезірек жылжиды екен. Кейін «жаздым, жаңылдым, біз балалар үшін дәм-тұзымызды қайта жарастырдық» деп қосылуға болатын көрінеді..» деді. Әңгімесін аяқтаған ол іле-шала «Сендер де сөйтіп үй алып алмайсыздар ма?» деп қарады сұраулы жүзбен. Сол «таптырмас ақылды» тыңдап отырған құрбым екеуміз бір-бірімізге «Не істейміз?» дегендей аңтарылып қалдық. Өзі әзілге біртабан жақын құрбым да қарап қалған жоқ. «Сосын артық қыламыз деп тыртық болмай ма? Ертең күйеуім қайта қосылудан бас тартса, менің күнім не болмақ?» деді әзіл-шыны аралас. Шын мәнінде, қазір қағаз жүзінде ажырасушылар көбейіп кетіпті. Әу баста мұны құзырлы мекемелер де байқамаған тәрізді. Уақыт өте келе статистикалық деректе ажырасушылардың саны артқан соң арнайы зерттеу жүргізсе керек. Нәтижесі алақандағыдай. Әлбетте, осындай жолмен баспаналы болу бақытын бастан кешіп жатқандардың іс-әрекетін құптауға да, құптамауға да негіз бар. Себебі осы жүріспен жүре берсе, таяу арада үйлі болуы да неғайбыл. Дәл қазіргі кезде «жұмыртқадан жүн қырыққыш» болмасаң күнің қараң. Ал заңнамалық тұрғыдан алғанда, бұл заңды белден басу. Дәл осы жолмен үй алған келіншек: «Бұл бағдарлама туралы бірнеше жыл бұрын естігенбіз. Және өзіміздің достарымыздың арасында сөйтіп үй алған отбасылар бар. Енді не істейміз? Былай тартсақ та, олай тартсақ та, ақша жиналмай қойды. Сөйттік те, күйеуім екеуміз ажырастық. Бір жағынан қиын болды. Ата-енеміз, туған-туыстар не ойлайды деп жүріп, осы қадамға баруды шештік», – деді бізге берген пікірінде. Баспаналы болу – күйіп тұрған мәселе. Баспана үшін ажырасып, қайта некелескендердің нақты саны белгісіз. «Елімізде соңғы бес жылда 700 мыңнан астам неке қиылып, 200 мыңнан астам неке бұзылды. Оның ішінде 2018 жылы 138 мыңнан астам неке тіркеліп, 54 мыңнан астам неке бұзылған. Ал Ұлыбританияның беделді басылымы The Economist жариялаған соңғы «Әлем статистикасында» Қазақстан ажырасудан 10-орында тұр. Мұндағы дерек бойынша, мың адамға шаққанда Қазақстандағы ажырасу көрсеткіші – 2,7. Бірақ Қазақстан үйлену жағынан да алдыңғы ондықтың ішінде, яғни 9-орын. Мың адамға шаққанда үйлену көрсеткіші де соғұрлым жоғары – 9,7. Ажырасудан бірінші орында 5,3 көрсеткішімен АҚШ иелігіндегі Гуам аралы тұр. 4,7 көрсеткішімен Ресей – екінші; 4,1 көрсеткішімен Беларусь үшінші орында. Қазақстанның көршісі Қырғызстан бұл тізімде 48-орыннан көрінеді. Бұл елде мың адамға шаққандағы ажырасу көрсеткіші – 1,7. Ал Қытайдікі – 1,8. Ажырасудың салдарынан елімізде толық емес отбасылар, жалғызбасты ана, жалғызбасты әке, «тұл жетім» емес, «әлеуметтік жетім балалар» саны артқан. 2015 жылғы дерек бойынша, елімізде 400 мыңнан астам аналар, 40 мыңнан астам әкелер 1 миллионға жуық баланы жалғыз өздері әкесіз, не анасыз тәрбиелеп отыр. Елімізде ажырасу дерегінің ең көп тіркелген аймағы – Алматы қаласы мен Алматы облысы. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бүгінде 3 миллионға жуық қазақстандық баспанаға зәру. Бұл тек ресми статистика. «2018 жылғы дерекке келсек, 2018 жыл бойынша 3 мыңға жуық адам кезекке тұрды. Оның ішінде 1500-ға жуық адам әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың ішінде ең көп үлес алатын толық емес отбасы санаты бойынша 600 адам. 1-2 топтағы мүгедектер бойынша 250-ге жуық адам біздің кезекке тұрды», – дейді Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы бөлімінің басшысы Жандос Дәулетов. Тіпті, шенеуніктер де өз атындағы үйді жеке иелігінде қалдыру үшін әлгіндей қадамға баратын көрінеді. «Тәжірибе көрсеткендей, кейбір ҚР азаматтары мүліктік ниетте некелерін жалған бұзуға барып жатады. Бұл әсіресе, көрсеткішке қарайтын болсақ, шенеуніктердің арасында көп. Себебі осыған дейін бұрын тұрып жатқан пәтерін сақтап қалады, сонымен қатар құқықтық тұрғыда пәтерсіздер категориясына жатады. Бұл осы азаматтарға жаңадан пәтер алуға мүмкіндік береді», – дейді заңгер Ахметжан Бейсембек.   Ажырасу мәселені түпкілікті шеше ме?  Елімізде 2019 жылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек беру қолға алынды. Нұр-Сұлтан қаласында бес бірдей баланың айдың-күннің аманында отқа орануы көптен бері қордаланып келген мәселеге қоғам болып, ел болып көңіл бөлуге түрткі жасады. Осы жан ауыртарлық оқиғаның себебі мен салдары зерттеліп, түптің түбінде ата-анасының балаларды қараусыз қалдырып, жұмыс істеуіне мәжбүр болған жайттың жай-жапсары анықталды. Айналып келгенде, баспананың жоқтығы мен жалақының мардымсыздығы әке-шешенің күндіз-түні тынбай жұмыс істеуіне итермелеген. Бұдан кейін Үкіметке көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек беруді қолға алу шарасы жүктелген еді. Қазірдің өзінде бұл көмекті бермеу үшін де түрлі қитұрқы жолдарға барып жатқандар туралы мәлімет көп. Жер-жерлерде көпбалалылардың тұрмыстық деңгейін анықтау мақсатында жұмыс істеген арнайы комиссиялар ата-әжелерінің зейнетақысы мен үйдегі жиһаздарды, тауықтың жұмыртқасына дейін кіріс қатарына есептеп, жәрдемақыны қайткен күнде де бермеудің амалын қарастырғаны наразылық туғызды. Әрине, бұл заң тұрғысынан қарағанда, дұрыс емес. Алайда, олар да заңды амалсыздықтан, шарасыздықтан бұзуға мәжбүр болғанын да ескеру керек. Көптеген отбасының өз шаңырағын шайқалтуына атаулы әлеуметтік көмекті алу басты себеп болғанын бұдан бұрын Шымкент шаһарындағы сот мекемелері хабарлады. Бір соттың өзіне аптасына 10-15 арыз түсетін көрінеді. Ал әр қалада қанша сот бар екенін ескерсеңіз, еліміз бойынша осы тектес қанша арыз түсетінін бағамдай беріңіз. Қазағы көп, қаймағы бұзылмаған өңірде ажырастыруды талап етіп соттың алдын бермей жүрген көпбалалы аналар мен мемлекеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатқан әкелердің көбеюін алаяқтық әрекетке жатқызуға болмас, сірә!? Мұның түбі тереңде екенін неге сезінбейміз? Бұл көпбалалы отбасылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының күрт төмендеп кеткенін айғақтайтын нақты көрсеткіш емес пе?!   Атаулы көмек кімге беріледі? Атаулы әлеуметтік көмек – бұл аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Заң бойынша ақшалай атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке тұлғаларға, мүгедектерге ғана беріледі. Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге өтініштерді қабылдау 2019 жылғы 1 сәуірден басталды. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса – кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді. Өтініш беру  және сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Басқа құжаттар қажет емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, егер сіз құжаттарды уәкілетті органға 20 сәуірде тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз. Сондай-ақ, АӘК тағайындау үшін тұрғылықты мекенжай бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу болу қажет. Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшелері есепке алынады. Алайда, министрлік  «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңына отбасы құрамын нақтылау бөлігінде толықтырулар енгізуде. Осылайша, 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады. Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789  теңгеден аспаса, отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді. Мысал ретінде екі ересек ата-ана мен алты кәмелет жасқа толмаған баладан тұратын отбасын алайық. Ай сайынғы табысы: 1) Әкесінің жалақысы – 150 000 теңгені құрайды; 2) Көпбалалы отбасыға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – 10 504 теңге; 3) «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көпбалалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 16 160 теңге. Отбасының ай сайынғы табысы – 176 664 теңге. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік  жәрдемақы мен «Күміс алқа» жәрдемақысы алып тасталды. Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы былай есептеледі: 150 000 теңге 8 адамға бөлінеді =18 750 теңге. Тиісінше, отбасы АӘК көрсету критерийлеріне сәйкес келеді. Балаларға АӘК мөлшерін есептеу: 20 789 теңге×6 бала = 124 734 тг. Ата-аналар үшін АӘК мөлшерін есептеу: 2 0789 тг. – 18 750 тг.= 2039 тг; 2 039×2 = 4 078 тг. АӘК жиынтық мөлшері 124 734 тг. + 4 078 тг = 128 812 теңге. Егер бұрын отбасы АӘК көрсету критерийіне сәйкес келмесе, онда 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасы 128 812 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда  ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан  түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне жатпайды деп айқындай алады. Яғни, әкімдіктер өз қалауы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты ескермеуге құқылы. АӘК тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде мыналар есепке алынбайды:
  1. 4 және одан да көп баласы бар көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  2. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  3. баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  4. студенттердің стипендиясы;
  5. жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайын 16 160 теңге (6,4 АЕК) мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінде 235 мың ана осындай құрметті атаққа ие. Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар: - көлік құралдарына салынатын салықты және жер салығын; - тұрғылықты мекенжайын тіркеу, паспорт және жеке куәлік алу кезінде жасалатын нотариаттық және заң тұрғысынан маңызды әрекеттер үшін мемлекеттік баж салығын және т.б. төлеуден босатылады. Сонымен қатар, 5 және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған аналар 53 жасында зейнетке шығуға құқылы. Бұдан басқа, министрлік азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі, оны АӘК алушыларға жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Әлеуметтік пакетке жергілікті атқарушы органдар есебінен көрсетілетін 11 әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет шарасы кіреді, оның ішінде 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, балалар лагерлерінде тегін демалу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту, мектеп формасымен, оқулықтармен және оқу керек-жарақтарымен қамтамасыз ету және т.б. бар. Бірыңғай әлеуметтік пакетті енгізу елдің барлық өңірлерінде мұқтаж азаматтарға бірдей әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және басқа да жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы толық ақпаратты жұмыспен қамту орталықтарынан, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан, ауылдық әкімдіктерден, сондай-ақ 111 call-орталығы арқылы алуға болады. Жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болады.   Шолпан Бостанқызы, заңгер: – Көпбалалы аналардың 21 мың теңгені алу үшін ажырасуға дейін баруын алаяқтыққа баламас едім. Себебі, үкіметтің өзі осындай жағдайға әкеп отыр. Егер мемлекет тәуелсіздік алғалы бері аналардың құқықтық жағдайын реттеу туралы заңды қабылдап, ана мен балаға жағдай жасалса, бүгін мұндай оқиғаға куә болмас едік. Анаға деген жауапкершілікті сақтап отырған жоқпыз. Оларды жазаға тарта да алмайды. Әрине, аналардың осы жолмен атаулы көмекті алуға деген ұмтылысы заңсыз. Алайда заңсыз жолмен жасалған әрекет болса, тексерсін. Әкімдік міндетті түрде комиссия тағайындап, соңғы кезде неге ажырасу дерегі көбейіп кеткенін анықтап, жауапкершілікке тартуы керек. Бірақ отбасы бұл жолға амалсыз барады ғой, мұны да ескеруі қажет. Мемлекет жағдай жасамаған соң осындай келеңсіздіктер орын алуы заңдылық.   Гүлсім Төлегенова, есепші: – Үкімет бағдарламасы бойынша жалғызбасты ана болсаң тезірек баспана алуға мүмкіндік бар екен. Жалпы, осы кеңестік кезеңнен келе жатқан заңдық норманы өзгерту керек. Меніңше, 4 балалы отбасы еш анықтамасыз көпбалалы отбасыға жатқызылуы тиіс. Әр балаға жәрдемақы тағайындау кезінде отбасының табысы есепке алынбауы. Егер әкесі 500 мың айлық алса да, үкімет 4 баласы бар отбасына еш құжат жинатпай-ақ, атаулы көмекті бергені жөн деп санаймын. Мұны төлеуге мемлекеттің жағдайы бар. PS. «Баспана мен атаулы көмекті алу үшін ажырасу дерегі көбейді» деп президенттен бастап дабыл қағып жатқанда бұл түйткілге селқос қарау мүмкін емес. Бәлкім, аузымыздың суы құрып айтатын Ресейдің «Ана капиталы» жобасын елімізге енгізу керек шығар. Тіпті, әлгі 21 мың теңгені көпбалалы отбасының «дүниесін» есептеп, шырылдатпай-ақ берген абзал болар. Қысқасы, қандай жолмен болса да, ана мен баланың жағдайы жасалуы тиіс. Адам капиталы артпай, демография өспей, еліміздің әлем алдындағы абырой-беделі де биіктемек емес.

Динара Мыңжасарқызы