Дін бостандығын қамтамасыз ететін негізгі қағидат

Дін бостандығын қамтамасыз ететін негізгі қағидат

Дін бостандығын қамтамасыз ететін негізгі қағидат
ашық дереккөзі
Мейрам ИМАНБАЕВ, Қазақстан дінтанушылары конгресінің сарапшысы, саясаттану ғылымдарының кандидаты: Дін бостандығын қамтамасыз ететін негізгі қағидат   – Мейрам Өткелбайұлы, осы күнделікті өмірімізде көп айтатын зайырлылық қағидатының маңызы туралы айта кетсеңіз? – Шынында да, зайырлылық туралы күнделікті өмірде көп айтатынымыз да, оған жиі жүгінетініміз де рас. Неге? Өйткені, зайырлылық – заманауи қоғамда мемлекет пен діннің, дін мен мемлекеттің арасындағы байсалды қатынастарды орната алатындығын дәлелдеген маңызды қағидат. Егер адамзат тарихына мемлекет пен діннің қарым-қатынасы тұрғысынан қысқа шолу жасар болсақ, осы екі ұғымның үздіксіз тайталасын көрер едік. Осы ретте, зайырлылық қағидатын енгізген Батыс өркениеті тарихында христиан діні бастапқыда қуғындауда жүрген діннен Орта ғасырларда монополиялық сенімге айналған сатыдан өткенін көрер едік. Мұндай үрдісті белгілі бір ерекшеліктерімен мұсылман Шығысына да телуге болады. Бір сөзбен айтқанда, тарихи дамуда мемлекет дінді өзіне толықтай бағындырған кезеңнен де, дін мемлекетті уысында ұстаған дәуірлер де болған. Әрине, бұл жерде мемлекет пен діннің арасындағы үздіксіз тайталастар туралы айтқанда мен бір тарапты ақтап алуды немесе екінші тарапты даттап қаралауды мақсат етіп отырған жоқпын. Менің айтпағым – жаңа заманда Еуропа өркениетінде бастау алған зайырлылық құндылықтары уақыт өте келе мемлекет пен діннің арақатынасына өркениетті межені – яғни мемлекеттің діннің ішкі ісіне араласпайтындығын, ал діннің мемлекет саясатына килікпейтіндігін анықтаған қағидатты белгілеуге алып келді. Зайырлылық қағидатының басты мәні де, маңызы да осында ғой деймін. – Қазақстанда зайырлы қағидаттарды ілгерілетуде қандай құндылықтар басшылыққа алынады? – Жалпы, біз зайырлылық қағидатын ілгерілету туралы айтқанда оны қоғамдағы басқа үдерістер мен үрдістерден бөліп қарастыра алмаймыз. Яғни, зайырлылықты ілгерілету қоғамдағы саяси демократияландыру, құқықтық мемлекет оранту тәрізді маңызды құндылықтармен қатар жүреді. Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда аталған осындай қатынастар мен құндылықтар мемлекет пен қоғам алдында тұрған жаңа межелерді белгілейтін, соған қол жеткізудегі идеялар сабақтастығын қамтамасыз ететін және қоғамды ортақ мұраттарға жұмылдырып отыратын негізгі идеологиялық басымдықтар болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп қазақстандық мемлекеттің қалыптасуы мен қызмет етуінің негізгі қағидасын бекітті. Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның кіріспесінде «..Қазақстан Республикасының өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ұждан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін....негізге алады» деп жазылған. Еліміздің дін саласын реттейтін заңнамада аталған тезистің көрініс табуы елімізде мемлекеттік діннің жоқ екендігін, ешбір діннің міндетті еместігін және ешбір дінге қандай да бір артықшылық берілмейтінін білдіреді. Мемлекет осы тұрғыдан алғанда барлық конфессияларға теңдей қатынас жасайды. Атап айтқанда: - мемлекет дінмен қатынаста бейтараптылық қағидасын сақтай отырып, өз азаматтарының дінге қатынасын қадағаламайтын және заңға қайшы әрекеттер орын алмаған жағдайда діни ілімнің мазмұнына және діни рәсімдерге араласпайтын ұстанымды басшылыққа алады; - мемлекет толеранттылық қағидасы арқылы діни сенімге құрметпен қарап, өз азаматтарымен қатар ел аумағында заңды түрде тұрып жатқан шетелдік және азаматтығы жоқ адамдардың ар-ұждан және діни сенім еркіндігінің сақталуына кепілдеме береді; - мемлекет тепе-теңдік қағидасын ұстана отырып, дін ұстанушылар мен діни бірлестіктердің барлығының заң алдында теңдігін кепілдендіреді. Қазақстан тәуелсіздік жылдары зайырлылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, өзінің дін саласындағы саясатын пәрменді жүзеге асырып келеді. Әрине, біздің елімізде дін саласында бәрі идеалды, ешқандай мәселе жоқ деуден аулақпын.. Десек те, елімізде дін саласындағы саясатты іске асыруда мемлекетіміз «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», өз жолымен келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы, еліміздің Конституциясында көрініс тапқан зайырлы құндылықтарды ілгерілету мемлекеттік органдардың алдында тұрған маңызды міндет болып табылады, өйткені зайырлылық – Қазақстанның заманауи құқықтық мемлекет ретінде өмір сүруінің негізгі өлшемі. – Елімізде зайырлылық қағидатын орнықтыру мен ілгерілетудің заңнамалық тұғыры қалыптасқанына қанықтық. Ал бізде зайырлы құндылықтарды ұстанудың қалыптасқан дәстүрі бар ма? – Қазіргі күнде қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлі сенімін насихаттау ісінде мемлекетіміздің зайырлы құрылысынан бастау алатын құндылықтар мен өмір сүру үлгісінің лайықты деңгейде насихатталуы әртүрлі деструктивті діни идеялардың таралуының алдын алуда және оларға қарсы тұруда пәрменді әдістердің бірі екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Меніңше, халқымыздың даму тарихымен етене қалыптасқан салт-дәстүрлер мен діннің қарым-қатынасы және арақатынасы туралы айтқанда біржақтылыққа салынбай, шамамен соңғы бір ғасыр ішінде қалыптасқан зайырлы қағидаттарға негізделген өмір сүру ортасы мен құндылықтарын да дәстүрлі салт-дәстүрлеріміз ретінде қарастыруымыз тиіс деп есептеймін. Бұл жерде зайырлы өмір сүру үлгісін мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміздің бір бөлігі ретінде қарастырудың өзектілігі неде деген сауал туындайтыны анық. Мен ондай сұрақтарға былай жауап берген болар едім: халықтың күнделікті өмірімен біте қайнасып, өз өміршеңдігін танытқан кез-келген оңды құндылықтар уақыт өте келе сол халықтың салт-дәстүрінде берік орын алады немесе, керісінше, уақыт көшінен қалып қойған салт-дәстүрлер қатарынан орын алады. Бұл өмір заңдылығы. Осы тұрғыдан алғанда, зайырлылық қарапайым тұрғыдан алғанда соңғы бір ғасыр ішінде біздің күнделікті өмірімізге еніп кеткен және үйреншікті өмір сүру үлгісіне айналған ұлдар мен қыз балалардың теңдей және қатар білім алуынан бастап, олардың қоғамдағы барлық салада бірдей еңбек ете алаулары мен өздерін жүзеге асыра алу мүмкіндіктерін қамтиды.Осы құндылықтар бүгінгі күнде біз үшін үйреншікті әрі қол жетімді қағидалар болғанымен, мұның артында өткен ғасырдың басында жаңашылдыққа ұмтылған қазақ қоғамының заманауи жетістіктерге жетемін деген үлкен үміті жатқанын да білгеніміз абзал. Осы шынайылықты түсіну бүгінгі көтеріліп отырған мәселе желісіндегі тағы бір ойға түрткі болады: кез-келген мәдениет және соған негізделген салт-дәстүрлер мен нормалар қатып қалған ұғым емес, керісінше ол замана дамуымен өзгеріске түсіп, өзара байытылып отыратын категория. Осы жерде халқымызда бар «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген тәмсіл осыны меңзесе керек. – Ал зайырлылық қағидаттарын ұстану шегінде қандай да бір туындап отырған мәселелер бар ма? – Жалпы, еліміздің тұрғындарының мемлекеттің дін саласында жүргізіп отырған саясатын қолдау деңгейінің жоғары екенін өткен сұхбатымда айтып кеткен болатынмын. Осы тұрғыдан қарасақ, елімізде зайырлылық қағидаттарының сақталуына алаңдайтындай негіз жоқ. Десек те, жекелеген діни ұйымдар мен діндарлардың ұстанымдарының зайырлылық қағидаттарына қайшы келіп жататындығын айта кеткен жөн. Ондай мәселелер қатарында орта мектептерде білім алып жүрген жекелеген оқушылардың діни себептерді алға тартып сенбі күндері мектепке барудан, еліміздің Әнұранын орындаудан, жекелеген пәндер мен сабақтарға қатысудан бас тартуы тәрізді жайттарды айта кетуге болады. Соңғы жылдары жекелеген азаматтардың діни себептерді алға тартып, заңды некеге тұруға немқұрайдылық таныту жайттары да жиі кездесіп отыратынын айта кету керек. Осы орайда, еліміздің азаматтары біздің мемлекетімізде әлеуметтік қатынастар, соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттары діни нормалармен емес, зайырлы заңнамалармен реттелетіндігін түсінуі керек. Мәселен, еліміздің заңына сәйкес некеге тұру міндетті түрде мемлекетпен тіркеледі. Бұл некеге тұрған азаматтардың құқықтары заңды түрде қорғалады деген сөз. Ал, некелерін діни жолмен қидырып, оны заңдастырмаған қыз балалар мен әйел адамдардың құқықтарын мемлекет жеткілікті деңгейде қорғай алмайды. Жалпы, мемлекеттің бұл мәселелердегі ұстанымы айқын – дін бұл салаларға араласа алмайды және араласпауы тиіс. Осы орайда, мемлекеттің зайырлы қағидаттарды ілгерілетуге бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының арқасында мұндай келеңсіздіктерге дер уақытында лайықты жауаптар беріліп отырғанын айта кету керек. Мен осы жерде мынаны баса айта кеткім келеді: мемлекеттің жоғарыда айтқан білім беру, денсаулық сақтау, отбасы және неке институттарына қатысты талабы еліміздегі жалпыға ортақ адам құқығын сақтау және қамтамасыз ету мақсатынан туындайды. Сондықтан еліміздің азаматтары мемлекетіміздің конституциялық құрылысына және мемлекеттік органдар мен мекемелердің талаптарына мойынсұнулары қажет. Осы ретте, мемлекетке қатынаста талаптардың негізсіз өсе беруі ақыр соңында жағдайдың мемлекетке де, діни салаға да, азаматтарға да жағымсыз бағытта өрбуіне алып баруы мүмкін екенін естен шығармаған абзал. Адамзат тарихына оған мысал боларлық жағдайлар мен оқиғалар жетіп артылады. Сондықтан, діни бірлестіктер мен діндар азаматтарымыздың мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына құрметпен қарап, елімізде орныққан діни бостандықты лайықты бағалай алғандары жөн ғой деймін.. Азаматтар зайырлы мемлекеттің талабы мен өздерінің діни ұстанымдарының арқатынасын сақтауға баса мән беруі қажет. Олардың мемлекетіміздің зайырлы құрылысы азаматтарға діни бостандықпен қатар бірқатар міндеттер мен жауапкершіліктер жүктейтіндігін ұмытпағаны абзал. – Соңғы сауал – діннің қоғамдағы орнын қалай көрер едіңіз және осы тұрғыда мемлекет нені басшылыққа алуы керек деп санайсыз ? – Дін – ол сенім. Әлемдік және дәстүрді діндердің барлығы жалпыадамгершілік құндылықтарды басшылыққа алатындықтан кез келген елге тән дәстүрлі діннің сол қоғамның рухани тұрақтылығын сақтау мен нығайтудағы орны мен атқаратын функциясы аса маңызды. Сондықтан қазіргі күндегі заманауи қоғамдағы дін ұстанатын азаматтар тарихи қалыптасқан мәдениетіміз мен салт-дәстүрлерімізді ұлықтайтын, адам мен қоғамның заманауи дамуы мен прогресін басты орынға қоятын, демократиялық принциптерге негізделген адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының жүзеге асуына мүдделі болуы тиіс. Ал, мемлекет қоғамдағы діннің орны мен рөлін орынды бағалай отырып, өзінің зайырлылық принципіне беріктігін ұдайы көрсетіп отыру тиіс деп есептеймін. Өйткені зайырлы мемлекет жағдайында ғана дін мен діндарлардың құқықтары мен бостандықтары шынайы қамтамасыз етіліп, олар өз сенімдеріне сәйкес еркін өмір сүре алады. – Сұхбатыңызға рахмет! Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы