ЖАСТАР ИГІЛІГІНЕ – ЖАТАҚХАНА

ЖАСТАР ИГІЛІГІНЕ – ЖАТАҚХАНА

ЖАСТАР  ИГІЛІГІНЕ –  ЖАТАҚХАНА
ашық дереккөзі
636
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бес әлеуметтік бастамасының үшінші тармағын жастардың білім алуы және студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне арнаған болатын. Соған сай еліміздің барлық өңірлерінде студенттерге арналған жатақханалар санын арттыру жұмыстары қызу жүргізілуде. Нұрсұлтан Назарбаев Бес әлеуметтік бастаманы жариялау барысында: «Бәрімізге белгілі, басқа қаланың жастары қаланың шетіндегі ескі үйлерді жалдауға мәжбүр. Осыдан кейін сапалы білім алу туралы сөз қозғау мүмкін бе?», – деп студенттердің жағдайына тоқталған еді. Елбасы айтқан олқылықтың орнын толтыру үшін жоғары оқу орындарына еуропалық компаниялармен бірлесіп жатақхана салу тапсырылды. «Бүгінде колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету өте өзекті мәселе. Мұны шешу үшін колледждер мен жоғары оқу орындары мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында девелоперлік компаниялармен жатақхана салу жұмысын жолға қоюы керек. Мемлекет өз тарапынан білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестицияның бір бөлігін біртіндеп өтеуге кепілдік береді. Осы орайда, 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдары өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола жоятын болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгінде елімізде 204 мың басқа қалалардан келіп оқитын студенттер бар, олардың 101 мыңына жатақхана қажет. Сондықтан, қазіргі уақытта «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру аясында студент жастардың баспана жағдайларын жақсарту мықтап қолға алынып отыр. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі еліміздегі студент жастарға қанша жатақхана орны қажет екендігін анықтады. Ведомство дерегінше, бүгінгі таңда қажеттілік шамамен 83 мың орынды құрайды. Ең үлкен үлесі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысына – 11 мың орыннан, Нұр-Сұлтан қаласына – 17 мың және Алматы қаласына – 23 мың орыннан келеді. Алдағы екі жылда Алматы шаһарында 20 мың орындық 42 жатақхана салынады. Оның бесеуі биыл қолданысқа берілмек. Жалпы елдегі университеттердің 39-ы Алматыда орналасқан. Оларда өзге өңірлерден келген 93 мың студент оқиды. Сондықтан қалада жатақхана құрылысына ерекше мән беріліп отыр. Студенттік үй салуға аумағы 15 гектар болатын 25 жер телімі бөлінген. Оның ішінде 11 жер телімін әкімдік мемлекеттік қор есебінен берсе, қалғандары университеттерге жасаған ревизиядан кейін анықтылды. Нәтижесінде, қалада алдағы екі жылда 20 мың орындық 42 жатақхана салынатын болады. Ал Батыс Қазақстан облысында студенттер үшін 5 жатақхана салынады. Қазіргі уақытта өңірдегі 4 жоғары оқу орнында 30 811 студент оқып жатыр. Мұндағы аграрлық техникалық және инновациялық технологиялар университеті өз студенттерін толық қамтамасыз етіпті. Ал жоғары оқу орындарында оқитын 500 студент пен колледждерде білім алып жатқан 1300 шәкірт жатақханаға мұқтаж. Соңғы екі жылда Қызылорда облысында әкімдіктің қолдауымен 6 колледждің оқу ғимараттары, оқу-өндірістік шеберханалары мен жатақханаларына күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттердің игілігіне пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы жергілікті  бюджет қаржысы есебінен 429 млн теңгеге Қармақшы ауданындағы аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, қазір өңірде 10 772 студент білім алып отырған 3 жоғары оқу орны, 20 985 студенті  бар  29 колледж жұмыс жасайды. Солардың ішінде  11 колледж студенттеріне барлығы 1 375 орынды қамтитын және Қызылорда медициналық жоғары колледжіне қосымша 1 жатақханаға қажеттілік туындап отыр. Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында Маңғыстау облысында да студенттер жатақханалары бой көтеруде. Мәселен, үстіміздегі жылдың ақпан айында Ақтау қаласында 210 орындық үш қабатты жатақхананың тұсауы кесілді. Облыста жыл соңына дейін 460 орындық тағы екі жатақхана ашылуы тиіс. Ал 2021 жылдың соңына қарай Маңғыстау облысындағы студенттерді жатақханамен қамту 100 пайызға жеткізілмек. Биыл Түркістан облысында да жоғары оқу орындары және орта арнаулы кәсіптік колледж студенттерін жатақханамен қамту мәселесі шешімін таппақ. Бүгінде өңірде 153 мыңнан астам студент білім алуда. Солардың 11 330-ы жатақхана орнын қажет етеді, яғни, 28 жаңа жатақхана құрылысын салу қажет. Оның ішінде жоғары оқу орындары студенттері үшін 7 800 орындық 17 жатақхана, ал колледж студенттеріне 3530 орындық 11 жатақханаға қажеттілік бар. Бүгінгі күні 9 колледжге жатақхана құрылысын салу үшін жер 5 гектар жер бөлініп отыр. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асатын болады. Бұдан бөлек әкімдіктермен бірлесе отырып, жатақханаларды салуға жер телімдерін бөлу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда білім беру мекемелерінің аумағында немесе оларға жақын маңдағы жерлерден 134 жер телімі бөлінген. Сондай-ақ, министрлік жатақханалар құрылысының механизмін анықтады. Ол айтарлықтай қарапайым әрі түсінікті. Құрылыс салушы жатақхана жобасын әзірлейді. Кейін Қаржы орталығымен мемлекеттік тапсырысты алу үшін келісімшарт жасасады. Бұдан соң банктен қарыз алады. Жатақхананы пайдалануға берген соң мемлекеттен өтемақы төлемдерін алады. Жатақханалар жобаларын әзірлеу рәсімін жеңілдету үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті үлгілік жоба әзірледі, ол бүгінде барлық әкімдіктерге таратылған. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Бизнестің жол картасына жатақханалар құрылысын қосу арқылы банктерде несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мәселесін пысықтап жатыр. Осындай игі істердің арқасында Қазақстан тарихында алғаш рет биыл 9 196 орынға арналған 29 жатақхана пайдалануға беріледі. «Еліміздің тарихында бұған дейін осындай көрсеткіш болған жоқ. Ұзақ уақыт бойы салынған жатақханалардың мақсатты құрылысы жүргізілді. Жылына көп дегенде 2-2,5 мың орын пайдалануға берілетін. Аталған жобаны іске асыруда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану өз тиімділігін көрсетті», – дейді ҚР вице-министрі Бибігүл Асылова.  Вице-министрдің айтуынша, жатақханалар салу жобасының жалпы құны 152 млрд теңгені құрайды. Бүгінде жоба толықтай қаржыландырылған.  

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары