Бәріңізге белгілі, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы әлемдік ақпарат құралдарындағы басты тақырыпқа айналғанына біраз уақыт болды. Дональд Трамп президент болғанға дейін де Қытайды «әділетсіз сауда саясатын жүргізіп отыр» деп айыптап келген. Сондықтан, ол билікке келісімен Қытаймен арадағы тиімсіз сауданы азайтуға күш салды. Оның нәтижесін қазір күллі әлем бақылап отыр.
Дегенмен, халықаралық сарапшылар Трамптың америкалық сауда нарығындағы Қытаймен арадағы тиімсіз сауданы азайтуды ғана емес, Бейжіңнің әрі қарай дамуына кедергі келтіруді көздейтінін айтады. Ал баж салығын арттырып, Қытай тауарларының өз нарықтарындағы бәсекеге қабілеттілігін төмендету Трамп үшін қолда бар мүмкіндік болғанға ұқсайды. Сонымен, өткен жылдың қаңтар айында Дональд Трамптың әкімшілігі бастады. Ол күннен қуат алатын батареялардың импорттық тарифін 30 пайызға дейін көтеріп жіберуден өрбіді. Ал оларды негізгі жеткізуші Қытай еді. Бұған Бейжің жауап ретінде 2 сәуірде АҚШ-қа қатысты 128 тауар позициясының баж салығын едәуір өсірді. Сондай-ақ, Ақ үй басшысы Қытайдан келетін 1300 түрлі тауарға баж салығын арттыратынын мәлімдеді. Бақандай 25 пайызға. «Мұндай әрекетке бару біздің де қолымыздан келеді» деген сыңаймен Қытай да тарифті көтеруге әзір екенін жеткізді. Алайда дәл осы кезде екі ел өкілдері келісімге келіп, тіл табысуға ниет еткен. АҚШ келісімге келуге аса құштар болмады ма, әйтеуір, соңында Трамп өз дегенін жасады. Яғни, АҚШ-қа келетін Қытай тауарларына баж салығы 25 пайызға көтерді. Вашингтонның бұл қадамын Қытай да қайталап, Америка импортына салықты 25 пайызға арттырды.
Дональд Трамп өз дегенінен қайтпайтынын ұғындырғысы келгендей өткен қыркүйекте баж салығын тағы 10 пайызға көтеріп, Қытай тауарларынан түсетін салық мөлшерін 200 млрд долларға жеткізді. Тіпті, Трамп қарсы тарапқа сес көрсетіп, Бейжің бұған жауап қайтаратын болса, салықты 267 млрд долларға дейін арттырудан тайынбайтынын айтты. Әуелден «өз мүддемізді қорғаймыз» деп мәлімдеген Қытай АҚШ-тың әрекетін жауапсыз қалдырмайтынын күллі әлем іштей білді. Көп күттірген жоқ, Қытай да АҚШ-тан жеткізілетін 60 млрд доллар көлеміндегі тауарларға баж салығын 10 пайызға дейін арттырды. Бірақ мұны Қытай тарапы «мәжбүрлі шара» деп түсіндірді. Содан бері бір-біріне жауап қайтарып, салық мөлшерін арттырудан қалыспай келе жатқан қос алып арасындағы сауда соғысы әлі де аяқталмады. Өткен жылдың соңында екі тарап келісімге келіп, тыныштық орнай бастағандай болып еді. Тіпті, Қытай тарапы дау-дамайдың оң шешімін табатынына үмітті екенін де мәлімдеген. Алайда ахуал қайтадан бұрынғы қалпына түсті. Мамыр айындағы келіссөздердің сәтсіз аяқталуы жағдайды одан әрі ушықтыра бастады.
Сауда соғысы: кімге қалай әсер етеді?
Қазір бүкіл әлемдік ақпарат құралдары да, сарапшылар да, тіпті, қарапайым жұртшылық та сауда соғысының салқыны кімдерге қаттырақ сезілетінін болжаумен әлек болып жүр. АҚШ пен Қытай арасындағы соңғы келіссөзден кейін АҚШ президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі Лари Кодлау сауда тартысынан екі елдің де зардап шегетінін ашып айтты. Әсіресе, бұл тұрақсыздық кәсіпкерлер мен қарапайым халыққа айрықша сезілмек. Мәселен, Қытайдан соя бұршағы, жүгері, бидай сынды дақылдарды алып жүрген фермерлер үшін айтарлықтай шығын болары айтпаса да түсінікті. Бірақ Трамп оларға көмек көрсетуден қашпайтынын айтып, фермерлерге субсидия беру үшін Конгрестен 15 млрд доллар сұрайтынын хабарлады. Десек те, қазір америкалық кәсіпорындар тауарларын Қытайдан өзге елдерге экспорттаудың жолдарын қарастыруды бастап кетті.
Ал БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының өкілдері АҚШ пен Қытай арасындағы мұндай текетірес халықаралық сауда жүйесіне кері ықпал ететініне сенімді. Ұйым сарапшыларының айтуынша, АҚШ-тың Қытай тауарларына енгізген кедендік салығы үшінші мемлекеттерге әсер етіп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, АҚШ пен Қытай былтыр бір-бірінен импорттайтын тауарлардың жартысынан көбіне қосымша кедендік салық енгізген. Ал 2017 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 640 миллиард долларды құраған.
Қалай дегенмен де, қазір сауда соғысынан кейін халықаралық экономикалық ахуалдың қандай боларын нақты айту мүмкін емес. Тіпті, екі алпауыт ел арасындағы текетірестің қашан және қалай аяқталары да беймәлім. Бір білетініміз, бұл екі елдің бір-бірін көшбасшылықтан ысырып тастауы қиындау болады. Өйткені экономикалық тұрғыдан қауқарлы қос мемлекет оңайлықпен жеңіліске ұшырай қоймайды. Ал АҚШ пен Қытай арасында қалыптасқан бұл текетірес Қазақстан секілді дамушы мемлекеттердің экономикасы да айналып өтпейтіні ақиқат.
Әсел ӘНУАРБЕК