БОЛОННЫҢ ТАЛАБЫ ОРЫНДЫ

БОЛОННЫҢ ТАЛАБЫ ОРЫНДЫ

БОЛОННЫҢ ТАЛАБЫ ОРЫНДЫ
ашық дереккөзі
Болон үдерісі жайындағы «Túrkistan» газетінде  көтерілген мәселеге ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауабы
Қазақстан Республикасы жоғары білім беру саласы 2010 жылы ресми түрде Болон декларациясына қосылғаны мәлім. Болон декларациясы принципіне негізделіп, еліміз мамандар дайындаудың бакалавр – магистр – РһD доктор моделіне өтті. Міне, осы моделдің соңғы сатысында оқып, ғылым докторы атануға міндеттенген тұлғаларға ғылыми жұмысы туралы жазған материалдарын «Scopus» деректілік базасына кіретін шетелдік импакт-факторлы журналдарға жариялау міндеттелген. Бүгінде бұл мәселеде гуманитарлық ғылымдар саласында РһD докторлығын қорғайтындарға қиындық туып отыр. Осы мәселе туралы халықаралық «Túrkistan» газетінің 2019 жылғы №13 (1287), 4 сәуірдегі санында «Болонның берері не, қиындығы қандай?» деген тақырыппен газет тілшісі Ахмет Өмірзақтың мақаласы жарық көрген еді. Мақалада Болон үдерісіне қатысты гуманитарлық ғылымдар саласында қолбайлау болып отырған жайттарға қатысты белгілі ғалымдардың пікірлері де қоса берілген-ді. Қоғамның қызығушылығын туғызған материалға орай «Túrkistan» газетінің редакциясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидиноваға хат жолдап, мына сұрақтарға жауап беруін сұраған-ды:  
  1. Болон үдерісіне өткелі бері гумантарлық және әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша РһD докторлығын қорғау бойынша пайыздық көрсеткіші қандай, яғни осы кезге дейін докторантура оқығандардың неше пайызы ғылым докторы атанды?
  2. Болашақта гуманитарлық және әлеуметтік ғылым салалары бойынша РһD докторлығын қорғайтындарға импакт-факторлы журналдарға материал жариялауды міндеттеу тоқтатыла ма?
  Редакция көтерген мәселеге назар аударған ҚР Білім және ғылым министрлігіне алғысымызды білдіре отырып, төменде министрліктің жауабын назарларыңызға ұсынамыз:
  1. РҺD докторантура бағдарламасына қабылдау 2005 жылдан басталып, 2008 жылы оны бірінші түлектер аяқтаған болатын. Сол кездегі заңнама бойынша философия докторы РҺD дәрежесі академиялық дәреже ретінде есептелген және тиісті дипломдарды Жоғары оқу орындары өздері берген.
2011 жылы Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңында философия докторы РҺD дәрежесі ғылыми дәреже ретінде бекітілді. Сондықтан философия докторы РҺD дәрежесін алу үшін қойылатын талаптар Ғылыми дәрежелер беру ережесінде (ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы  №127 бұйрығы) бекітілді. Докторантура бағдарламасын меңгеретін докторанттар жарияланымдарына қойылатын талаптардың бірі ретінде – халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда мақала жариялау осы кезден бері енгізілген. 2011-2018 жылғы гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша докторантура түлектерінің 57% философия докторы РҺD дәрежесіне ие болды, бұл осы жылдары жалпы докторантура бітіріп, тиісті дәреже алған түлектер санынан шамамен 52%-дан жоғары.
  1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығымен бекітілген Дәрежелер беру қағидаларына сәйкес докторанттың 7 жарияланымының біреуі халықаралық рецензияланатын журналда жариялануы қажет. Бұл ретте гуманитарлық бағытта жазылған диссертациялар үшін таңдау көбірек болады – шетелдік журнал Сіаrіvаtе Аnаlytics ақпараттық компаниясының деректер базасында (Wеb оf Sсіеnсе Соrе Соllесtion) нөльдік емес импакт-факторға ие немесе индексацияланатын болуы керек немесе Sсорus, JSTOR базаларына кіру қажет.
Жоғарыда көрсеткендей, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласы бойынша философия докторы РҺD дәрежесіне ие болған түлектер үлесі жалпы көрсеткіштен жоғары. Сондықтан уақытында қорғалмайтын диссертациялар проблемасы ЖОО-да докторанттарды даярлау сапасы мен бақылау мәселесіне жатады. Сlаrіvаtе Аnаlytics және Скопус базасына кіретін шетелдік басылымдардың негізгі өлшемшарттары – мақаланың сапасы мен оның бірегейлігі, халықаралық немесе жаһандық көзқарас, қорытындылардың шынайылығы мен объективтілігі, логикалық мазмұндалған дәлелдемесі. Сонымен қатар, базаларда индексациялану үшін журналдар жарияланымдардың халықаралық сипатын және авторлардың кең географиясын көрсетуі тиіс. Шетелдік рейтингілік басылымдарда жариялану мүмкіндігі докторанттарды даярлау бағытына тәуелді емес. Бұны жоғарыда көрсетілген гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы философия докторы РҺD дәрежесіне ие болған докторанттар үлесінен байқауға болады. Бұл ретте докторантураның білім беру бағдарламасы рейтингілік шетелдік басылымдарда диссертациялар нәтижелерін жариялау үшін жеткілікті мүмкіндіктер жасайды. Докторантура бойынша Мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартына сәйкес докторлық диссертация бойынша ғылыми консультанттардың бірі болып шетелдік ғалым тағайындалады, сондай-ақ, даярлау бағытына қарамастан барлық докторанттар шетелде ғылыми тағылымдамадан өтуге тиіс. Сlаrіvаtе Аnаlytics және Скопус деректер базасында гуманитарлық бағыттар бойынша рейтингтік журналдардың саны докторанттардың авторлардың зерттеулеріне сәйкес келетін журналды табуға жеткілікті. Сlаrіvаtе Аnаlytics деректер базасында импакт-факторы бар журналдардың 22%-ы әлеуметтік ғылымдарға қарайды. Скопус базасында әлеуметтік (гуманитарлық) ғылымдар және өмір туралы ғылымдар бойынша басылымдар 24% бен 15%-ды құрайды. Сонымен бірге докторанттардың ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін сапасы жоғарылау рейтингтік журналдарды іріктеу үшін Дәрежелер беру қағидаларына библиометриялық көрсеткішті, яғни  Sсорus базасы бойынша СiteScore процентилін пайдалануды көздейтін өзгерістер енгізілуде. Осылайша, философия докторы (РҺD), бейіні бойынша доктор дәрежелеріне үміткерлер үшін ұсынушылардың халықаралық рейтингтік басылымдарда жариялану талабының болуын орынды деп санаймыз.  

«Түркістан-ақпарат»