20 Мамыр, 11:46 270 0 Өнер Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

"Eurovision-2019" бас жүлдесі Нидерланд әншісінде

18 мамыр күні Тель-Авивте финалы өткен "Eurovision-2019" ән байқауының бас жүлдесін Arcade әнін шырқаған Нидерланд әншісі Дункан Лоуренс жеңіп алды.

Екінші орынды - италиялық әнші Алессандро Махмуд, үшінші орынды - ресейлік әнші Сергей Лазарев иеленді. Махмуд - "Сольди" әнін, Лазарев - Scream әнін айтқан.

Байқау жеңімпазы Лоуренс - 25 жаста. 2014 жылы Нидерландтағы "Дауыс" байқауына қатысып, жартылай финалға жеткен. Осыдан соң рок-академиясында оқып, 2019 жылы тәмамдаған.

Ресейлік әнші Лазарев "Eurovision" байқауына осымен екінші рет қатысты. Ол 2016 жылы Стокгольмде өткен байқауда You Are The Only One​ композициясын айтып, үшінші орын иеленген еді.

Алдыңғы жылдардағыдай биыл да байқау төңірегінде шу шыққан. Украина "іріктеу кезеңінің тым саясиланғанын" айтып, қатысудан бас тартқан. Бұған дейін кейбір елдер Израилдің палестиналықтардың құқығын бұзатынын алға тартып, байқауды бұл елде өткізбеуге шақырған. "Eurovision" қарсаңында Израилдің өзінде де наразылық акциялары өтті. Оған қатысушылар байқаудың діни мереке өткізуге кедергі жасағанына қарсылық білдірді.

Соңғы жаңалықтар