Атаулы көмекті кімдер алады?

Атаулы көмекті кімдер алады?

Атаулы көмекті кімдер алады?
ашық дереккөзі
232
Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жұмысы қалай атқарылып жатқанын айтты. Ел ішіне жасалған жұмыс сапарында әлеуметтік сұрақтарға жауап берді. Оның қалай шешілетіні жөнінде айтылды. «Сіздер білетіндей, министрліктің қасында мемлекеттік органдармен бірлесе құрылған жұмыс тобы бар. Осы өткен 4 айдың ішінде жұмыс тобы 11 отырыс өткізді. Жалпы, қазіргі таңда 160 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ол шамамен, 806 мыңдай адам. 10 мың отбасыға АӘК тағайындалған жоқ. Себебі, олар берілген талаптарға сәйкес келмейді. Яғни, табыстары белгіленген критерийден асып тұр», – деді Бердібек Сапарбаев. Министрдің айтуынша, бүгінде сәуір-мамыр айына атаулы әлеуметтік көмек үшін 23 млрд теңге қарастырылған. «Жалпы, жыл бойы атаулы әлеуметтік төлемді төлеу үшін 130 млрд теңге қарастырылған. Орта есеппен әрбір отбасыға 105 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бір айта кететін мәселе: әлеуметтік желіде кейбіреулер бұл төлем бірінші тоқсанда төленеді деп жатыр. Қайталап айтарым: төлем жыл бойы төленеді. Бірақ, оның ережесіне сәйкес табыс жыл сайын, тоқсан сайын нақтыланып отыратын болады», – деді министр. Алматы облысында 40 мың көпбалалы отбасының 11 мыңы ғана атаулы әлеуметтік көмек алған. Көпбалалы аналар көтерген атаулы әлеуметтік көмек пен баспана мәселесі қазір атқарушы биліктің ғана емес, тұтас қоғамның бас ауруына айналған сияқты. Анығында бұл жайындағы пікір екіге жарылып тұр. Бір қауым жұрттың көзқарасы әлеуметтік әлжуаз топтардың жағдайын мемлекет жасауы керек дегенге сайса, екінші тарап «әркім өз күнін өзі көріп, жағдайына қарай бала тууы керек» деген ұстанымда. Әрине, мемлекет әлеуметтік мәселені шешуге мүдделі, оған барлық мүмкіндікті қолдануда. Бірақ билік үшін адамдардың жаппай патерналистік көңіл күйде болуы тиімді емес. Осы жерде 1 сәуірден құжат қабылдау шарасы басталған атаулы әлеуметтік төлемге қатысты жұрт ішінде жағымсыз сөз көбейіп тұрғанын айтуымыз керек. Әлеуметтік қызмет пен әкімдік тарапы көмекке мұқтаж немесе жәрдем алуға ниетті көпбалалы отбасының табысын есептеу кезінде сауын сиыр мен тауық санын түгендеп, тіпті жеміс ағашын да өнім беретін кіріс көзіне жатқызуы көпбалалы аналардың ашу-ызасын туғызып отыр. Ең қызығы, отбасы мүшелерінің атына рәсімделген несие мен мүгедек балаға берілетін арнайы жәрдемақы да әулеттің табысы болып есепке алынуын ешкім түсіндіріп бере алған жоқ. Біз бұл жөнінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов мырзадан сұрадық. Ол «Алматы облысында 40 мың көпбалалы отбасы бар екен. Оның 11 мыңы ғана атаулы көмекті алған. Мысалы қазір Жетісу өңірін 2 миллионға жуық адам мекендейтін болса, оның ішіндегі 165 мың бала көпбалалы отбасында туып, өскендер. Көптің көңілін елеңдеткен атаулы көмек мәселесі неге оңтайлы шешілмей отыр?» деген сауалға төмендегідей жауап берді. Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі: – 1 сәуірден атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын тағайындауға 17 503 өтініш қабылданды, ауыспалы контингент бойынша автоматты қайта санау 6074 отбасын құрайды, яғни АӘК алушылардың жалпы қамтылуы 23 557 отбасын (112 160 отбасы мүшесі) құрайды. 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 13,5 млрд теңге бөлінді (РБ-12,1 млрд. теңге, ЖБ-1,4 млрд теңге), оның ішінде сәуір айына 906 млн теңге қарастырылды. 5 мамырға атаулы әлеуметтік көмек 21 886 отбасына жалпы сомасы 2 млрд 30 млн теңгеге төленіп, 100% игерілді, 1619 отбасына кірісінің артуына байланысты бас тартылды. Жұмыс тұрақты бақылауда.

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары