БІР МАҚАЛАНЫҢ ӘСЕРІ

БІР МАҚАЛАНЫҢ ӘСЕРІ

БІР  МАҚАЛАНЫҢ ӘСЕРІ
ашық дереккөзі
549
«Газет халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегенді айтқан қазақ тілінің, қазақ ғылымының ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы не деген зерек, ойшыл еді. Шын мәнінде, қай кезде де халықтың арасында қоғамдық пікір қалыптастыратын, жағымды-жағымсыз пікір қалыптастыратын да бұқаралық ақпарат құралдары екені айқын. Бүгінгі жаһандану заманында, озық технология заманында интернет, әлеуметтік желілер қаншалықты алға шығып кетсе де, газет-журналдардың да құны түспегенін осы бір ақсақалдың мына пікірінен терең аңғарғандай болдық. – Сіздердің газеттеріңізді жыл сайын жаздырып алып, өзіме ұнаған, қажет деп санаған мақалалардың астын сызып отырып оқитын әдетім бар. Ал өткен жылдың қараша айындағы №47 санында жарияланған мына бір мақала бір әулеттен тараған он перзентіме де газет жаздыртуыма себеп болды,– деген Қойшыбек қажы Сұлтановтың әңгімесі қызықтыра түсті. Үнсіз ғана бас изеп, ықылас танытқанымызды көрген ол кісі де ағынан жарыла түссін!.. – Иә, өзіндік бағыт-бағдары, оқырманға айтары бар басылым дедім ғой, өткен жылдың қараша айында «Үш бөлек нәрсе – бір ұқсастық» деген мақала жанымды қатты толқытты. Авторы – Халықаралық В.Пикуль атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, жазушы Кәмила Құдабаева. Адам баласы жас ұлғайып, қарттыққа бет бұра бастаған шақта осындай қайырымдылыққа, мейірімділікке шөлдеп, өз кіндігіңнен тараған перзенттеріңнен ғана емес, айнала-төңірегіңнен бауырмалдықты сезінсең жан-дүниең алай-дүлей күй кешіп, мына жарық дүниенің, тіршіліктің қадірін одан сайын түсіне түседі екенсің, ал түсінген сайын болмысыңды әлдеқандай бір қимастық билеп, жанарыңа жас толатыны бар. Осы мақаланы оқып, еңкілдеп жылап алғаным бар. Қатты әсерлендім,– деген ақсақалдың даусы дірілдеп, тамағына келіп қалған өксікті жасыра алмады. Өмірбойы ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде мал дәрігері ғылымының кандидаты, сексеннің бел ортасынан асқан  профессордың өте нәзік, әсершіл жанынан шығып отырған сырлы сырына біз де риза болыстық. Түркістан жоғары аграрлық колледжінде ұзақ жылдар шәкірт-мамандар дайындаумен шұғылданып келе жатқан білікті ұстаздың тұла-бойы тұнған мейірімділік, адами қасиеттері, әсіресе соншама ұстаз-студенттерінің алдында  жанарына келіп қалған жасқа да ыңғайсызданбай, осы бір мақаланы әсерлі әңгімелеуі өзі тәрбиелеп отырған кез келген шәкіртіне де үлгі демеске амалыңыз жоқ. Кәсіби маман даярлауда өскелең ұрпаққа білім мен тәлім-тәрбие ісінде көрегендікпен  жол көрсетіп жүрген ақылман ұстаздың бұл әрекеті осынау қатыгездеу заманның жастарына үлгі-өнеге, әрине. Қойшыбек қарияның кабинетіндегі жұмыс үстелінің астындағы газет қиындысына біз де қызыға үңілдік. «...Жыл өткен сайын адамның жасына жас қосылатыны – жаңалық емес. Тек бір қиыны – адам бұрынғыдай сәл нәрсеге болса да қуанып, лапылдап, ішкі дүниең баяғыдай лезде құлпырып шыға бермейтіні ме дерсің... Ал жалпы дүниенің жалғандығын ұққан соң... адамның айналасына бұрынғыдай қызығушылығы қатты кемитін, тіпті жоғалатын тұстары да жоқ емес. Сондықтан да осынау өмірді бағалаудан, адамдарды шынайы құрметтеуден, өзің өмір сүріп отырған қоғамның кемелдене түсуіне титтей де болса үлес қосудан артық, әрі құнды ештеңе жоқ болса керек... Себебі – осы өмірге келгенің бекер емес шығар...» («Түркістан». 2018. 22 қараша) Үш түрлі мемлекеттен, үш түрлі қоғамнан бір-біріне ұқсас үш оқиғаны тілге тиек ете  отырып, автор жер бетіндегі қандай оқиға-келеңсіздік болмасын оны адами мейірімділік қана жеңе алатынын, сондықтан да бір-бірімізге деген шынайы сезімнің өлмеуі үшін күресе білуіміз қажеттігін шегелеп жазғаны тек қана қажы Қойшыбек көкемізге ғана емес, талайларға ой салар мақала болғанына тағы бір көз жүгіртіп өттік. – Газеттеріңіздің Руханият бетіндегі оқырмандарға ой салып қана қоймай, жалпы тәлім-тәрбиеге де үлесін қосатын дүниелер көп болғай. Көңілшек адаммын, әсершіл болуым да әбден мүмкін. Дегенмен, мақалада айтылғандай, жас ұлғайған сайын көңіл-күйге әсер ететін дүниелерді оқығанда, шыны керек, өз басыңды емес, артыңда келе жатқан әулетіңнің болашағы көп толғандырады екен. Болашақ осылардікі, солар мейірімді болса екен, түйсікті болса екен дейсің. Он баланың әкесімін, бәрі де жоғары білімді, саналы-салиқалы отбасын ұстап отырған азаматтар. Менің әлгіндегі босаңсыған көңіл-күй ауанын жандарымен түсінген болар, бір әулеттен он шаңырақ биылғы жылғы он екі айға түгел газетке жазылды,– деді Қойшыбек ақсақал өсіп-өніп отырған ұл-қыздарына деген ризашылығын жасыра алмай. – Осылай газет бетіндегі бір мақаланың «әлегі» оқырмандарыңыздың санын көбейтіп жатыр,– деп әңгімесін аяқтады. Туған өлкесінде қатардағы мал дәрігерінен парторг-профессорлыққа дейінгі ұзақ жылдар шәкірт тәрбиелеудегі абыройлы еңбегінің, іскерлігінің, қызметке адалдығының, еліне-жеріне деген перзенттік махаббатының үлгісіндей – ұл-қыздарының да қас-қабағына қарап, ата-ана көңілінен шығуының өзі бір ғанибет қой. Қазақта әдемі бір қанатты сөз бар, «Әдемі қартаю» деген, осы бір сөз қарт ұстазбен әңгіме барысында ойымызға қайта-қайта оралып отырды. Сексеннің сеңгіріндегі ақсақалдың әлі де қызметтен қалмай, студенттерге еліміздегі ең бір қажетті сала – ауыл шаруашылығы мамандығынан дәріс оқып, колледждің қоғамдық жұмыстарынан да қол үзбеуі – осы бір сөздің құндылығын арттыра түскендей әсерде қоштастық.  

Таңсұлу  АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары