1830
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВТЕРІ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КООПЕРАТИВТЕРІ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ауыл шаруашылық кооперациясы туралы» заңнама жобасы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауыл шаруашылығы кооперациясы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Себебі Қазақстанда кооперация құрамындағы шаруа және фермерлік шаруашылықтардың үлесі 1,5 пайыздан аспайды, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 140 пайызға жеткен.
Кооперацияның даму үрдісін тежейтін негізгі себептер: коммерциялық емес формада құрылған ауыл шаруашылығы кооперацияларда пайданы үйлестіру мүмкін еместігі; ауыл шаруашылық серіктестіктерімен суды пайдаланушы ауылдық тұтыну кооперативтері үшін жеңілдетілген несиелендіру мен арнайы салық режимі түрінде мемлекеттік қолдаудың жоқтығы. Бұған қоса, кооперациялардың қызметі ашық емес, ал ішкі процедуралар артық реттелген.
Жалпы, кооперация сөзiнiң мағынасы ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердiң экономикалық тұрғыдан iрiленуiн бiлдiредi. Фермерлердiң бiрiгуiнiң арқасында еңбек өнiмдiлiгi артады, нарықта өнiм тапшылығы азайып, баға тұрақталады. Iрiленген шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан берiлетiн түрлi жеңiлдiктерге қол жеткiзу оңайға түседi. Фермерлердi кооперативтерге бiрiгуге ынталандыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлiгi агроөнеркәсiп кешендерiне төленетiн субсидия нормативтерiн жоғарылатудың механизмдерiн қайта қарастырады. Шаруа қожалықтары кооперативтерге бiрiксе, пайдаланылмай жатқан егiстiк жерлер игерiлiп, өнiм түсiмдiлiгi артып, егiн шаруашылығы дами түсетіні белгілі.
Ауыл шаруашылығы кооперативтерiнiң қауымдастығы – өз мүшелерiнiң қызметiн үйлестiрудi және олардың ортақ мүлiктiк және өзге де мүдделерiн қорғауды қамтамасыз етедi. Ол ауыл шаруашылығы кооперативтерiнiң ерiктi түрде бiрiгуi арқылы құрылады. Оның мүшесi жарғысында көзделген ақша түрiнде мүлiк (пай) жарнасын енгiзедi, сөйтiп, сол бойынша дивидендтер алады. Өзi енгiзген мүлiк (пай) жарнасының құнына қарай тәуекелдерге барып, залалын көтередi. Кеңесшi даусы болады. Бiр сөзбен айтқанда, кооператив мүшесi – жарғыға сәйкес құқықтары мен мiндеттерi белгiленген заңды немесе жеке тұлға.
Ауыл шаруашылығы кооперациясы кооперативтер мен олардың қауымдастықтарының жүйесiн құрайды. Қауымдастық жүйе кооператив мүшелерiнiң әлеуметтiк-экономикалық және басқа да қажеттiлiктерiн қанағаттандырады, кiрiстерiн арттырады. Ауыл шаруашылығы және балық өнiмдерiн өндiру, оларды қайта өңдеу мен өткiзу және сақтау, сондай-ақ, қажеттi өндiрiс құралдарымен, материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етедi. Жабдық мәселесiнде бәсекелестiк орта құрып, өнiмдi өндiрушiден тұтынушыға тiкелей жеткiзiп берудi үйлестiредi. Кооператив мүшелерiнiң қажеттi ресурстарды тиiмдi шарттар бойынша сатып алуына, өндiрiстiк және өзге де шаруашылық қызмет түрлерiн қаржыландыруға жәрдемдесiп, олардың мүдделерiн қорғайды. Сонымен бiрге, жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, гербицид, пестицид, ветеринарлық препараттар, жемшөп, ауыл шаруашылығы техникасы, технологиялық жабдықтар, қосалқы бөлшектер, құрылыс және ауыл шаруашылығы өндiрiсiне арналған өзге де iлеспе материалдарды алу жағынан көмектеседi.
ҚР «Әдiлет органдары туралы» Заңға сәйкес, заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу, филиалдар мен өкiлдiктердi есептiк тiркеу, сондай-ақ, бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiн жүргiзудi әдiлет департаментi жүзеге асырады. Сондықтан ауыл шаруашылығы кооперативiнiң заңды тұлға ретiнде жұмысы мемлекеттiк тiркеуге алынған сәттен басталады. Кооператив коммерциялық ұйым болғандықтан, жарғысында көрсетiлгендей, қызметтiң бiрнеше түрiмен айналысуға құқылы. Ол кемiнде үш құрылтайшының шешiмi бойынша құрылады. Ережеге сәйкес, оған мүшелiкке кез келген азамат қабылдана алады. Мүлiк (пай) жарналарының мөлшерi мен санына қарамастан бiр мүше – бiр дауыс құқығына ие болады.
Бұдан басқа шектеусіз барлық аграрлық кооперативтер үшін арнайы салық режимін қолдану ұсынылып отыр. Ауыл шаруашылығы ұйымы ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер гербицидтерді, ауыл шаруашылығы өнімі мен оны қайта өңдеу өнімдерін алып, машина-трактор паркінің қызметтерін пайдаланып, өзіндік құн бойынша кооперативте өз өнімін қайта өңдеу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, бірігу есебінен кооператив мүшелері өз табыстарын тауарлардың ірі топтамасы мен ұзақ мерзімді жеткізулерге қатысу арқылы ұлғайта алады. Мұнымен бірге, ауыл шаруашылығы кооперациясы көлеңкелі экономиканы қысқартуға бағытталған. Халықаралық тәжірибеге сай ауыл шаруашылығындағы көлеңкелі экономиканың мәселелерін шешу ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту. Сондықтан «Ауыл шаруашылығы кооперативтерi туралы» Заңды шаруалар өз пайдаларына жаратуы керек.
Жәнібек Әшім