Өңірлердегі үйлестіру кеңестерінің кәсіпкерлерге тигізер көмегі көп – Эльдар Жұмағазиев

/
Өңірлердегі үйлестіру кеңестерінің кәсіпкерлерге тигізер көмегі көп – Эльдар Жұмағазиев
«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясы жанынан Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Бұл кеңес бизнес өкілдері, партия және мемлекеттік органдар арасындағы жүйелі диалог алаңына айналды. Кеңестің негізгі міндеті – кәсіпкерлердің түйткілді мәселелерін сараптау, заңнамалық бастамаларды әзірлеу, түйіні тарқамаған түйіткілді шешуге жәрдемдесу және бизнес қауымдастықпен тұрақты кері байланыс тетігін қалыптастыру, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осындай жұмысты өңірлерде жолға қою мақсатында әкімдіктердің қатысуымен аймақтық үйлестіру кеңестері құрылды. Қазірдің өзінде Павлодар, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында үш отырыс өткізілді.

Кездесулер қорытындысы бойынша кәсіпкерлерден 120-дан астам ұсыныс пен сұрақ түсті. Қазірдің өзінде бірқатар ұсыныс Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттық сауалдарына енгізілді. Кеңестің жұмысы мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы тұрақты диалогты қалыптастыруға және бизнестегі мәселелерді жедел шешуге бағытталған.

Павлодар облысында өткен өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысына партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев қатысты. Сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдігінің өкілдері және 70-тен астам кәсіпкер жиналып, өзекті мәселелерді талқылады.

«Біз кәсіпкерлер өздерінің мәселелерін ашық айтып, нақты шешу жолдарын ұсына алатын, ал өз кезегінде мемлекеттік органдар сол ұсыныстарға лезде жауап беріп, тиісті шараларды жүргізетін жаңа диалог алаңын іске қосып отырмыз», – деді ол.

Талқылау барысында «Ткачук» шаруа қожалығының басшысы Сергей Ткачук ауыл жастарының қалаға көшуі өзекті мәселеге айналғанын айтып, ауылдағы жас кәсіпкерлер үшін несие алу шарттарын жеңілдетуді ұсынды. «ECO CITY PAVLODAR» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Махаббат Анаева жер учаскелерінің электронды картасын қайта іске қосу қажеттігін атап өтті. Ал «РАИП» ШҚ басшысы Нұркен Нұрғалиев «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаражаттың тек 20%-ы ғана мал шаруашылығына бағытталатынын айтып, сұранысқа сай үлесті қайта қарауды ұсынды. Барлық мәселе партия мен мемлекеттік органдардың бақылауына алынды.

Эльдар Жұмағазиев жұмыс сапары барысында дәстүрлі қазақ өнімдерін – құрт, көже және талқан өндіретін «ЭкоДом» кәсіпорнына барды. Ол мұндай өндірістерді қолдау жергілікті бизнесті дамытуға, ұлттық дәстүрді сақтауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болатынын айтты.

Сонымен қатар Павлодар облысының аудан және ауылдық округ әкімдерімен кездесуде «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Жоба аясында Шарбақты ауданында 17 кәсіпкер 192,3 млн теңге көлемінде несие алған, Железин ауданында 13 жоба 132,4 млн теңгеге іске асқан, ал Тереңкөл ауданында 19 қатысушыны біріктірген «Альтаир» кооперативі құрылған. Бұл нәтижелер бағдарламаның ауыл тұрғындары үшін нақты қолдау тетігіне айналғанын көрсетеді.

Шығыс Қазақстан облысында партия Хатшысы кәсіпкерлермен кездесіп, өңірдегі бизнестің өзекті мәселелерін талқылады. Қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктердің басқа өңірлермен салыстырғанда аз екенін, бұл теңсіздік тудырып отырғанын айтты. Сондай-ақ өңірдің жалғыз логистикалық мүмкіндігі саналатын өзен көлігіне субсидия бөлу мәселесі көтерілді. Барлық ұсыныс партия мен тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдады. Сауалда кедендік рәсімдеу мерзімінің ұзақтығы отандық өндірушілердің жұмысына кедергі келтіріп, бизнес тұрақтылығына қауіп төндіріп отырғаны айтылды. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы «Альприма» ЖШС партияға жүгініп, 4 тамыздан бері 3 тонна мата кеден қоймасында 50 күннен астам уақыт тұрғанын хабарлаған. Партияның араласуымен мәселе жедел шешіліп, кәсіпорынның жұмысы қалпына келтірілді.

Ақмола облысында өткен кездесуде ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері талқыланды. Кәсіпкерлер салық, несиеге қолжетімділік және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағыттарындағы ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру және бизнес пен әкімдіктер арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері қаралды.

Сонымен қатар партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің Ақмола облысына сапары барысында Зеренді ауданындағы рұқсат етілмеген қоқыс орындарын жою мәселесі көтерілді. Талқылау нәтижесінде Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл мәселе бойынша депутаттық сауал дайындап, оны Мәжілістің пленарлық отырысында айтты. Депутат ауылдық жерлерде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесінің біркелкі емес екенін атап өтіп, қоқыс полигондарының типтік жобаларын әзірлеуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл шешім полигондарды заңдастыру үдерісін жеделдетіп, ауылдардағы қалдықтарды басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлер көтерген мәселелер бойынша Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке бірқатар сауал жолдады. Мәселен, депутат Дүйсенбай Тұрғанов ауылдық жерлердегі кәсіпорындарға ҚҚС қайтару мәселесін көтерсе, Нартай Сарсенғалиев әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін кеңейтуді ұсынды.

Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, өңірлерде үйлестіру кеңестерін құру – бизнес, билік және қоғам арасындағы жүйелі диалог орнатудың маңызды қадамы.

«Диалог тұрақты әрі нәтижелі болуға тиіс. Кәсіпкерлер мен аграршыларды қолдау – «AMANAT» партиясының стратегиялық басымдығы. Өйткені дәл осы сала өкілдері ұлттық экономиканың негізгі тірегі», – деді партия Хатшысы.

Үйлестіру кеңесі мен оның аймақтық алаңдарының жұмысы кәсіпкерлердің пікірін ескеруге, бизнес мәселелеріне жедел әрекет етуге және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген міндеттерге сай отандық бизнесті тұрақты дамытуға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары