Әлемге үлгі болған Джасинда Ардерн

Әлемге үлгі болған Джасинда Ардерн

Әлемге үлгі болған Джасинда Ардерн
ашық дереккөзі
Осыдан он шақты күн бұрын Жаңа Зеландияда болған терракт әлем жұртын дүрліктірді. Жұма намазы уақытында екі мешітке шабуыл жасалып, 50 адам оқиға орнында қаза тапты. 40-тан астамы жарақаттанды. Қаза тапқандар қатарында үш жастағы баладан жетпістегі қартқа дейін бар. Қанды оқиғадан кейін мұсылман әйелдері көшеге шығуға қорқып қалған. Оларды қолдау мақсатында Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джасинда Ардерн қаза тапқандардың жақындарымен кездесуге басына орамал жауып келді. Сондай-ақ, жерлеу рәсіміне де діні бөлек болғанымен, бастарына орамал таққан 15 мың жаңа зеландиялық қатысты. Тіпті, «The Guardian» басылымының жазуынша, осы жағдайдан кейін Жаңа Зеландияда басқа конфессиядан ислам дініне өтушілер көбейген. Бастысы, Жаңа Зеландиядағы оқиғаға «лаңкестік» деген баға берілді. Ал қылмыскер қылмыс жасағаннан кейін 1,5 сағат ішінде ұсталып, темір торға қамалды. Бірақ сот БАҚ өкілдеріне оның бет-жүзін көрсетуге тыйым салған. Ең негізгісі, бұл оқиғаның мән-жайын анықтауға Жаңа Зеландияның корольдік тергеу комиссиясы кіріскен. Мұндай комиссия тек шұғыл жағдайларда құрылады. Оның құрамына арнаулы қызмет өкілдері, полиция қызметкерлері, сондай-ақ, кеден және көші-қон қызметінің мамандары кіреді. Бұған дейін Жаңа Зеландия жер бетіндегі жұмаққа теңеліп келген. 2018 жылы елдер мен аймақтардағы өмір қауіпсіздігін сипаттайтын Әлемдік Бейбітшілік индексінде Жаңа Зеландия алдына тек Исландияны жіберіп, өзі 2-орынды иеленген. Ұлтының 50 пайызы христиан, 1 пайызы мұсылман дінінің өкілдері. Ал 40-тан астам пайызы өздерін ешқандай діни наным-сенімге жатқызбайды. Жалпы, әлемде терроризм мұсылмандардан таралады деген теріс пікір бар екені белгілі. Бірақ күні кеше Жаңа Зеландияда болған қанды оқиға терроризмнің дін талғамайтындығын тағы да дәлелдеді. Өзін «ақ нәсілді ұлтшыл» деп атайтын Австралия азаматы 28 жастағы Брентон Таррант мешітке кіріп, жұма намазына жиналған қалың жұртты қырып салды. Қаныпезерлігі соншалық, жазықсыз адамдарды атып жатқанын 17 минут бойы фейсбук желісінің тікелей эфирінен көрсеткен. Шабуылға дейін ол әлеуметтік желіде 74 беттік ұлттық манифестің мәтінін жариялаған. Онда мұсылмандарды айыптап, мигранттарды «жаулап алушы» деп атаған. Әлеуметтік желіде Таррант әлемнің кез келген жері қауіпсіз емес екенін көрсеткісі келгендіктен, шабуылды Жаңа Зеландияда ұйымдастыратынын айтқан. Адам сенгісіз бұл видео алғашқы 24 сағаттың ішінде 1,5 миллион қолданушыға тарап үлгерген. Полиция өкілдері мен кей қолданушылар тарапынан түскен көп сындардан кейін видео желіден мүлдем өшірілді. Осы оқиғадан кейін Жаңа Зеландияның премьер-министрі Джасинда Ардерн қару айналымы туралы жергілікті заңнамаға өзгеріс енгізу қажеттігін мәлімдеді. 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап елдегі қару-жарақтың еркін сатылымына шектеу қойылмақ. Ардерннің айтуынша, шабуылдаушы 2017 жылдан бастап қаруларды еркін сатып алып жүрген. Ал шабуыл жасаған күні Таррантта бес қару болған. Олардың бәрін Тарант заңды түрде интернеттен онлайн сатып алған. Жалпы, Жаңа Зеландия тұрғындары жартылай автоматтық қару сатып алуға рұқсат беретін лицензияны 16 жастан бастап ала береді. Елдегі 1,5 миллион азаматта атыс қаруы тіркелген. Жаңа Зеландия заңдарының бір ерекшелігі – қарудың көп санаттарын тіркеудің қажеті жоқ. Лицензия алу үшін инспекция мен медициналық тексеруден өту жеткілікті. Осы іспен айналысып жатқан полиция басшысы Майк Буштың айтуынша, Брентон Таррант шабуылды жалғыз ұйымдастырған. Одан бөлек іске қатысы бар деген үш ер және бір әйел адам ұсталды. Бірақ олардың қару-жарақ туралы заңды бұзғаны болмаса, бұл іске қатысы жоқ болып шықты. Ал қамауға алынған Таррант заңгер көмегінен бас тартып, істеген ісіне еш өкінбейтіндігін айтқан. Жаңа Зеландиядағы оқиғадан кейін Лондондағы мұсылман емес қарапайым тұрғындар мешіттердің алдына барып: «Достарым, сіздер құлшылық қылғанша мен сіздерді күзете тұрамын!» деген жазба жазылған қағаздарды ұстап тұрды. Ал жаңазеландиялық тұрғындар бастарына орамал жауып: «Егер де осындай жағдай қайталанатын болса, мен шабуылшы мен мұсылманның ортасына тұрамын. Террорист орамалға бола ажырата алмай, мені де оп-оңай ата салады. Ал түптеп келгенде, біздің айырмашылығымыз жоқ. Себебі бәріміз – адамбыз», – дейді. Бұған дейін 2017 жылы Мьянмадағы жергілікті будда дінін ұстанушы әскерилердің қолынан 400-ге жуық бейбіт мұсылман тұрғынның қаза тапқаны ел есінде. Бұл ресми дерек қана, ал қаза тапқандардың нақты саны белгісіз. Ашин Виратху бастаған мұсылмандарға қарсы топтың асқан жауыздықпен жасаған жантүршігерлік әрекеттері әлем мұсылмандарының үлкен наразылығын тудырды. Бірақ БҰҰ бұл оқиғаны геноцид емес, этникалық тазалау деп атады. 2018 жылы Ауғанстанда хафиз (құранды сақтаушы, жатқа білуші) балалардың мектеп бітіру кешінде оларға әуе шабуылы жасалып, 6-18 жас аралығындағы 100 бала бірден ажал құшты. Бірақ әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары бұл оқиғаға назар аудармады. Неге? Себебі мұсылмандардың жаппай өлімі үйреншікті жағдайға айналғандай. Ал содан бір ай бұрын Британияда уланған Скрипаль ісін халықаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Өткен жылы Индонезиядағы су тасқынынан қаза тапқан мыңдаған мұсылманның өлімі, Италияда опырылған көпір салдарынан қаза тапқан 35 адамның өлімінің көлеңкесінде қалды. Яғни, мұсылмандар өліміне жеңіл қарау жалпы әлемдік көзқарасқа айналып бара жатқан секілді. Оған жоғарыда келтірілген жайттар айқын дәлел. Әзірге Жаңа Зеландияның ұстанып отырған бағыты бұған дейін лаңкестік орын алған мемлекеттердің бағытымен салыстырғанда әлдеқайда дұрыс. Енді 5 сәуір күні өтетін сот отырысы әділетті шешім шығарса, Жаңа Зеландия мен оның басшысы Джасинда Ардерн бүкіл әлемге үлгі болары сөзсіз.