1 маусымнан бастап 1,5 миллион адамның жалақысы көтеріледі

1 маусымнан бастап 1,5 миллион адамның жалақысы көтеріледі

1 маусымнан бастап 1,5 миллион адамның жалақысы көтеріледі
ашық дереккөзі
1 маусымнан бастап 1,5 миллион адамның жалақысы көтеріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Таяуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалақыны көтеру мерзімін ағымдағы жылдың 1 шілдесінен 1 маусымға жылжыту туралы тапсырма берген болатын. Яғни, бір айға алға жылжып отыр», - деді министр. Оның атап өтуінше, осыған орай аталған мақсатқа қосымша 37,8 млрд теңге  бағыттау жоспарланған. «Алушылар контингентінің аясы бұрынғыша, яғни 1,5 млн адам. Білім беру саласында - балабақша тәрбиешілері, олардың көмекшілері, колледж оқытушылары, мұғалімдер, әдіскерлер, психологтар және басқа да жұмысшылар. Денсаулық сақтау саласында - дәрігерлер, орта және кіші медициналық қызметкерлер, медбикелер, лаборанттар, санитарлар, жұмысшылар, жүргізушілер және басқалары. Әлеуметтік салада, мәдениет пен спортта, ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда - азаматтық қызметшілер, әкімшілік және техникалық қызметкерлер, жұмысшылар, сонымен қатар орта және төмен буындағы облыстық, аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілер», - деді ол. Осы орайда министр шығыс көлемінің өзгеруіне қатысты ұсыныстар Мемлекет басшысының келісіміне жіберілгендігін айтты. «Бұл 37,8 млрд теңгені құрайды және Мемлекет басшысының келісіміне жіберілді. Содан кейін таяу күндері аталған сома 2019 жылға арналған нақтыланған бюджетте қабылдануы үшін Парламентке жіберіледі. Бюджет қазіргі уақытта Парламент қарауында жатыр», - деді Ә.Смайылов.