28 Ақпан 2019, 11:32 689 0 Қоғам Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Елбасы жазған тарихи туынды талай көрерменді асқақ рухқа бөледі

«Нұр Отан» партиясының мерейтойлық съезіне еліміздің барлық аймақтарынан келген делегаттар «Алтын тақ» тарихи туындысының алғашқы көрермендері болды. «Қазақ хандығы» киносериалының екінші маусымы кинонұсқасының тұсаукесері Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Фильмді көрермендер ерекше ықыласпен қабыл алды. Тарихи туындының авторы – ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұсаукесер салтанатын ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Қазақ хандығы» киножобасы Елбасының бастамасы бойынша қолға алынды және халықтың рухани жаңғыруына бағытталған. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетті, ұлттық кодты сақтай білу, олар сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтындығын атап өткен болатын. Фильмде тарих қана емес, көшпенді халықтың бай мәдениеті, оның тыныс-тіршілігі бейнеленген. Сонымен қатар, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер фильмде көрініс тапқан», – деп атап өтті.

Көп сериялы фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Екінші маусымның оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының астанасы – Сығанақ үшін таласы айналасында өрбиді. Бұл қазақ хандығындағы ең күрделі кезеңдердің бірі.

Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдіраш. Ол «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз», «Сталинге сыйлық», Елбасы жолы киноэпопеясының: «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» атты кинотуындыларының авторы. «Қазақ хандығы» сериалының бірінші маусымы отандастарымыздың тарихқа деген қызығушылығын оятты. Шығармашылық топтың атына көптеген алғыс хаттар келіп түсті, ғаламтор және әлеуметтік желілер арқылы жылы лебіздер алдық. Көптеген пікірталастар мен сындар да болды. Халық тарапынан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғардық. Бұл біз үшін өте маңызды», – деп атап өтті фильмнің режиссері.

10 сериядан тұратын тарихи сериалдың екінші маусымының сценарийін жазуға бірінші маусымның авторлары Тимур Жақсылықов, Смағұл Елубай, Рүстем Әбдіраш қатысқан. Тарихи киноның түсірілімдері Алматы облысында, мамырдың басында басталған. Кейінірек түсірілім тобы Түркістан облысында орналасқан «Елтай» ауылы маңындағы «Иір су» жайлауына ауысты. Түсірілім тобы режиссер Рүстем Әбдіраштың бастамасымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағын – төрелердің ауылын жасап шыққан. Шайбанилер мен Қазақ хандығының үлкен ұрыс сахнасы да жайлауда түсірілді. Сонымен қатар, түсірілім тобы Қазақстанның тарихи қалалары – Тараз және Түркістанда болды.

Бұл маусымда киносериал тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда бұл, әрине, әлдеқайда қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп, көрерменге қызықты болады деген ойдамын», – деді фильмнің бас продюсері Арман Әсенов.

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты түсірілген сериалдың бірінші маусымының телевизиялық тұсаукесері 2017 жылдың наурызында өткен-ді. Сондай-ақ, сол жылы қаңтар айында «Алмас қылыш» атты кинонұсқасы жалпыұлттық прокатқа шықты. Ал «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі биыл наурыз айында көрерменге жол тартады.

Соңғы жаңалықтар