Қалағаңның «қаһары»

Ұлан-ғайыр уақыт  өлшемімен қарағанда, қас қағымдай көрінгенімен, жиырма бес жыл – газет үшін бір дәуір ғой. Сол дәуірде» бастан өткен бір қызықты еске түсірейін. Ұжымның белді қызметкерлерінің бірі, белгілі жазушы  Нұрқасым  Қазыбеков  қақ-соқпен ісі жоқ, бірақ қажет жерінде ойын ірікпей айта алатын алғыр азамат еді. Арадағы он шақты жыл айырмашылыққа қарамастан, екеуміз еншісі бөлінбестей дос болып кеткенбіз. Газетте ол бөлім меңгерушісі, мен жауапты хатшы қызметін атқардым.

Ұжым біреу болғанымен, адам әрқилы келеді ғой. Бастыққа хабар-ошар жеткізгенсіп, жақтырмайтын адамынан есе қайырғысы келетіндер де кездеседі. Серкеміздің сеніміне кіріп алған сондай біреу менің де басқан ізімді бақылап, жеккөрінішті етіп баққаны бар. «Шыны қайсы, өтірігі қайсы?», – деп сұрайды Қалағаң мені өзіне шақырып алып. Мен ақ екенімді дәлелдеп әлек болам. Сонымен бірер ай тыныштықта өтеді. Дауыл алдындағы тыныштық…

Артынша «Бастық шақырып жатыр», – деген хабар жетеді. Тағы да сыпсыңның сырын ашуға арналған әңгіме. Бұл жолы ақталуға болмайды. Ол – арзандықтың белгісі. Мен «өсекші де тынышталсын, өзім де тыным табайын», – деп, қызметтен босауға арыз берем. Ал Қалағаң болса қос орынбасары Бейбіт пен Дидахметті шақырып алып, «Ана ақымақты ақылға шақырыңдар»,– дейді де, менен түскен қағазды қоқыс тастайтын қобдиға жібереді.

Осыдан аз уақыт өткен соң, күтпеген оқиға орын алды. Бас редакторым үй-іші жағдайына қатысты комхоз жақтағы шаруаларды реттеп келу үшін отбасының бүкіл төлқұжатын маған тапсырған. Тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп редакцияға келсем, бастық орнында жоқ екен. «Келген соң берермін» деген оймен столының суырмасына салдым да, түскі үзіліске кеттім. Қайтып келгенде көргенім – бөлменің есігі жабық та, құлпы ашық тұр. Ал… суырмадағы құжаттар ізім-қайым ізін суытқан…

Екі көзіммен жер шұқып тұрып болған жайды бастыққа баян етуге тура келді. Үлкен кісі кең еді ғой. Ренжіді. Бірақ кешірді. Сол кездегі дәстүр бойынша, газетке құжаттардың жоғалғаны жөнінде құлақтандыру берейін бе, – деп едім, «енді Қалтайдың құжаттары жоғалды» деп бүкіл Қазақстанға жар салайын деп пе едің», – деп тыйып тастады. Көңілімде «осы келеңсіз жағдай әлгі сөз тасушылардан келмеді ме екен?» деген күдік қалды.

Әрине, кінәмді бастық кешкенмен, мен өзімді-өзім кеше алмай жүрдім. «Үлкен кісінің құжаттарын жоғалтып әуреге салдым-ау және жауым жырақтан емес, жақыннан шықты-ау» деген ауыр ой еңсемді езіп біраз уақыт жүрдім де, қызметтен кететінім жөнінде екінші мәрте арыз жаздым. Бұл жолы аға арызымды қанағаттандыратынын білдіріп, түскі үзіліске, үйіне кетті. Жалғыз қалған мен әлдебір жақтан редакцияның шаруасымен кешігіп келген Нұрқасымға жаңалығымды жеткіздім. Нұрекеңе бұл қатты әсер етіп, «апырай, ә, апыр-ай, ә» дей берді. Ендігі қызықты қараңыз. Осы сәтте әшейінде түстіктен түс аумай оралмайтын бастығымыз  біз отырған бөлмеге кіріп келмесі бар ма (шамасы кабинетінде ұмыт қалып қойған бір қағазын алуға келген болар)…

Менің кететінімді естіп, бұлан-талан болып отырған Нұрекең: «Қалаға, мына Абзалды жұмыстан неге шығарып жатырсыз? Мұндай баланы күндіз қолыңызға шам алып жүріп таппайсыз ғой. Мұны шығарсаңыз, мені де шығарыңыз», – дегені. Ол аз-кем аңтарылып тұрып қалды да: «Ә, солай ма, онда жұмыстан сен де шықтың, Нұрқасым», – деді. Сөйтті де бұйрықтың  мәтінін дайындап қоюды өзіме тапсырып, өз «жаназамызды» өзімізге шығартқандай жалт бұрылып жүре берді. Мені қойшы, араша түсемін деп қосарлана кеткен Нұрекеңе обал болды.

Аз-кем уақыттан соң сабамызға түскен біз әлгі тосын мінезді болмысы биік ағаның бір қырына баладық. Өйткені бұған дейін оның аялы алақанының жылуын талай мәрте сезініп, қайтарым күтпейтін қайырымынан талай мәрте қуат алған едік. Бүгінде Қалағаң да, Нұрекең де мәңгілік мекенінде тыным тауып жатқанымен, олар шаңырағын көтерген «Түркістан» ширек ғасырдың шебін аттап, ұлт рухының жалауындай желбіреп келеді. Тәңірім оған ғасыр жүгін қажымай тартар қуат бергей!

Абзал БӨКЕН,

«Түркістанның» өткен ғасырдың тоқсаныншы

жылдарындағы қызметкері

Back to top button