Долларға байланған дәрі-дәрмек бағасы қыматтайды

Долларға байланған дәрі-дәрмек бағасы қыматтайды

Долларға байланған дәрі-дәрмек бағасы қыматтайды
ашық дереккөзі
629

Халық үшін аса қажетті тауарлардың бірі – дәрі-дәрмек екені белгілі. Ал өткен аптада еліміздегі фармацевтика саласындағы ірі компанияның бас менеджері Франк Хамалян дәрілік препараттар бағасының 50 пайызға дейін өсуі мүмкіндігін мәлімдеді. Сала мамандары елдегі экономика тұрақтанбаса, дәрі-дәрмектің құнын өсіруге мәжбүрміз деп отыр. Бұл отандық фармацевтикалық компаниялардың дәрілік өнімдеріне де байланысты. Өйткені олар шикізатты шетелден тасымалдайды.

Дәрі-дәрмек те долларға тәуелді

Франк Хамалянның мәлімдемесі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін жаңа бағалар ең бірінші Ақтөбеде көрініс тап­ты. Ақтөбе қаласына шетелден тасы­малданатын дәрілердің бағасы шарық­тап, Хамалян айтқан 50 пайызға әп-сәтте жетіп барыпты. Ал Еуропадан әкелінетін дәрілік препараттар бағасы доллардың бағамына байланысты шарықтап отырған көрінеді. Мамандар мұның нарық заңы екенін айтуда. Сондай-ақ, әрбір компания дәрі-дәрмек бағасын қаншалықты көтеретінін өздері шешеді екен. Кейбір компаниялар доллармен сатылатын дәрілерден бас тартып, оның орнына бағасы арзан шикізаттарды тасымалдауға бел буып отыр. Бір айта кетерлігі, Ақтөбеде әзірге отандық дәрі-дәрмектердің бағасы өзгеріссіз. Алайда Қазақстандағы дәріханаларда сатылатын дәрілік препараттардың тек 30 пайызы ғана отандық өнімнің еншісіне тиесілі. Қалған 70 пайызы шетелден жеткізіледі. Демек, еліміздің дәріханаларындағы 70 пайыз дәрі-дәрмектің бағасы көтерілді деген сөз. Алматы қаласы фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті Зүрият Сыбанқұлова: «Көптеген дәрі-дәрмекті шет елден аламыз және оны доллармен сатып аламыз. Сондықтан біз оларды қымбаттатуға мәжбүрміз. Бұрын алынған дәрілер әзірге ескі бағада сатылуда. Бірақ 1-2 аптада елімізге жаңадан дәрі-дәрмек келіп түседі. Олардың бағасы қымбат болады», – деген осыдан бір ай уақыт бұрын. Доллар көтерілгеннен кейін шетелдік фирмалар өз өнімдерін жаңа бағамен сатылымға шығарған. Ал қазақстандық дәрі-дәрмек саудасымен айналысатын кәсіпкерлер шығынға батпас үшін медициналық өнімдердің құнын қымбаттатуға мәжбүр.

Жыл басында ҚР Денсаулық сақ­тау және әлеуметтік даму ми­нис­­трлігі журналистерді жинап, «Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы көтерілмейді» деп мәлімдегені есте. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Ерік Байжүнісов: «Ағымдағы жылдың сәуір айында біз заң жобасына қосымша өзгертулер енгізбекпіз. Соның арқасында дәрі-дәрмектің ұлттық формулярын жасап шығарамыз. Оның ішінде 7 мыңнан астам дәрінің өз атауы жазылып, нақты бағасы белгіленбек. Бұдан кейін бір де бір дәріхана белгіленген бағадан аса алмайды», – деген еді. Сол кезде Ерік Байжүнісов «Самұрық-Қазына Фармация» серіктестігінің 90 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек алып қойғанын және барлық фармокологиялық компаниялармен келісімшарт алдын ала жасалғандығын айтқан. Әрі вице-министр келісім­шарт­та валюталық тербелістер туралы айтылмағандықтан, биылғы жылы бағаның шарықтайтындығы туралы ақпарат шындыққа жанас­пай­тындығын сенімді түрде мәлімдеген болатын. Бірақ вице-министрдің дегеніндей болмады. Қара күз келіп, көптеген ауру-сырқаудың қылаң беретін тұсында дәрі-дәрмек бағасы естен тандырарлықтай қымбаттамақ.

Ал фармацевтер үстіміздегі жыл­дың тамыз айында-ақ дәрі-дәрмек бағасын ұстап тұруға уәде ете алмайтындықтарын ескерткен. «Бізде дәріханалардың барлығы нарықтық экономикаға сай жұмыс жасайды. Мемлекеттіктер тек ауруханаларда болғандықтан, бізде ешбір дәріханада қор жоқ. Барлығы қоймаларға байланыс­ты. Әдетте, тек бір-екі күндік қор жасайтыны болмаса, көбірек жинамайды. Яғни, бір ай бойы ұстап тұратындай бізде қор жоқ. Сол себепті бағаны көтермейміз деген уәде бере алмаймыз», – деген ҚР фармацевтика ісін қолдау және дамыту қауымдастығы президентінің орынбасары Марина Дурманова.

Мұндай қымбатшылық биылғы жылдың 30 наурызында арнайы меморандум бойынша бекітілген 200 медициналық өнімге де әсер етуі мүмкін. Себебі бұл тізімге енген дәрі-дәрмектің бірқатары шетелдік фирмаларға тиесілі. Жыл соңына дейін еліміздегі дәрі-дәрмектің бағасын өсірмеу туралы меморандум да қымбатшылыққа кедергі бола алмады. Тіпті, дәрі-дәрмек бағасын бақылауда ұстау үшін медициналық препараттарға мониторинг те жарияланған.

Жалған дәрі жарға жықпасын...

Сырқаттардың қалтасын да, жүй­кесін де жұқартқан қымбатшылық отандық дәрілерге де салқынын тигізе бастағандай. Соңғы аптада Қазақстанда шығарылатын дәрілік өнімдердің бағасы 10 есеге дейін қымбаттап кетті деп дабыл қаққан жұрт наразылықтарын білдіруде. Қым­баттап жатқан отандық дәрі­лер елімізде шығарылғанымен, сыртқы қорабы шетелде жасалады екен. Отандық препараттарды қымбаттатудың сыры сол дәрінің қорабында болып тұр. Ал мамандар сөзіне сенсек, дәрінің қорабын шетелден әкелмеске амал жоқ. Өйткені Қазақстанда дәрінің қорабы жасалмайды. Тіпті, сұйық дәрілер құйылатын құты да шығарылмайды. Мұны сала мамандары растап отыр. Демек, енді Алматы мен Шым­кент­те өндірілетін отандық дәрілерді Ұлыбританияда жасалған қорабы үшін қымбат бағаға сатып алуға тура келеді. Қазірдің өзінде дәріханалардағы отандық дәрілердің бағасы импорттық тауарлардан кем түспейді.

Әлбетте, бағасы қымбат дәрінің сапасы жоғары болса жұртшылық наразылық тантпас еді. Алайда бізге бұл жағы да күмәнді. Бұлай деуіміздің өз себебі бар. 2013 жылы еліміздегі фармацевтік өнімдердің дистрибьюторлары қауымдастығы дәрі-дәрмек саласындағы сапаға байланысты мынадай деректер ұсынған еді. Қазақстандықтар жылына 120-130 миллион теңгеге жасанды дәрі-дәрмектер сатып алады екен. Қып-қызыл ақшаға сатып алған дәрі дертке ем емес, ауру үстіне ауру жамаса, бұған кім жауап береді? Сондықтан, елімізде сатылатын дәрі-дәрмектің бағасы мен сапасына қатаң бақылау қажет. Оның үстіне отандық дәрі-дәрмектің нарықтағы үлесін арттыруды қолға алатын уақыт әлдеқашан жеткен. Сапасы сын көтермейтін дәрі-дәрмек былай тұрсын, халықаралық брендтерге ие медициналық өнім түрлерінің жалған, қолдан жасалған нұсқалары да нарыққа дендеп кеткен. Мәселен, соңғы 10 жылда ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жалған препараттардың 40-тан астам түрін анықтаған. Оның ішінде «Фарингосепт», «Но-шпа», «Плавикс» «Эссенциале Н форте», «Мезим форте», «Виагра», «Сумамед» сынды халықаралық брендтердің атынан шығарылған жалған өнімдер жиі ұшырасқан. Контрафактілі өнімдер фармацевтикалық қызметтің 500-ден аса объектісінен тәркіленген. Көлеңкелі бизнестің қазаны тек Қазақ­станда қайнап жатқан жоқ. Халық­ара­лық фармацевтика өндірушілері ассо­циациясының деректеріне сүйенсек, дамыған елдердің фармацевтикалық нарығының 5-7 пайызы жалған дәрілер үлесіне тиесілі. Ал АҚШ-тың азық-түлік өнімдері мен дәрілік препараттарды бақылау жөніндегі басқармасының өткен жылғы деректері бойынша, жалған әрі сапасыз дәрілердің әлемдік айналымы 75 млрд. АҚШ долларын құрапты. Сондай-ақ, Еуропа елдерінде соңғы жылдары 7 миллионнан астам жалған препараттар тіркелген. Сол жалған өнімдердің 51 пайызы Азия елдерінің еншісінде.

2016 жылдың алғашқы күнінен бас­тап Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше мемлекеттерде дәрі­лік заттар мен медициналық бұй­ым­дардың ортақ нарығы өз жұмысын бас­тамақ. Сондықтан, келер жылдан бастап одаққа мүше елдерде тек «GMP» стандарттарына сай ке­летін медициналық өнімдер ғана таратылады. Сол арқылы дәрі­лердің сапасы жоғарылап, баға қол­жетімді болады. Осы орайда, Қазақстанда дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы тұңғыш рет 2019 жылға дейін халықаралық стандарт талаптарына сәйкес тіркеуден өтті, сондай-ақ, Еуропаның дәрілік заттарды бақылау бойынша ресми зертханалар желісіне кірді.

Отандық дәрі-дәрмек қашан көбеймек?

Ресми деректер елімізде 7 мың түрлі дәрілік зат бар екендігін айтады. Дәрілік заттардың көпшілігі Германия, Франция, Ресей елдерінен тасы­мал­данады. Ал өзімізде өндірілетін медициналық өнімдердің үлесі тым аз. Отандық дәрі-дәрмек үлесін арт­тыру мәселесі талай рет күн тәр­тібіне шығарылғанымен, «баяғы жартас – сол жартас». Тіпті, ел Үкіметі Қазақстандағы дәрі-дәрмек өндірісінің үлесін 50 пайызға жеткізу мақсатында «2010-2014 жылдарға арналған фармацевтика өндірісін дамыту туралы» бағдарлама да қабылдаған. Аталмыш бағдарлама елімізде дәрі шығаратын өндіріс орындарын көбейтуді көздеп, бағдарлама шеңберінде 12 дәрі шығаратын шағын зауыт салынуы тиіс болатын. Алайда мұның барлығы сөз жүзінде қалған тәрізді. Оған фармацевтика нарығындағы отандық дәрі-дәрмектің бүгінгі үлесі дәлел. Әлі күнге дейін еліміз дәрілік заттардың 70 пайызын шетелден сатып алуда. Ал Қазақстанда шығарылатын дәрілердің 90 пайыздан астамы неғұрлым ірі 6 зауыттың үлесіне тиеді. Олардың қатарында «Химфарм» АҚ, «Глобал Фарм БК», «Нобел АФФ» АҚ, «Ромат» фармацевтикалық компаниясы, «Нұр-Май Фарм» ЖШС, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» тәрізді кәсіпорындар бар.

Алғашқы бағдарламадан нә­ти­же болмады. Десек те, сала ма­мандары жақсылықтан үміт үз­беген тәрізді. Өйткені үсті­міз­­дегі жылдың көктемінде «ҚазақстанФармМедИндустрия» қау­ым­дастығының президенті Серік Сұл­танов 2016 жылдың басында отандық дәрі-дәрмек саны жағынан Қазақстан нарығының 50 пайызын жаулайды деп сенімді түрде мәлімдеме жасады. «Біз қазір өзіміздің отандық дәрі-дәрмектің қазақстандық өндірісін белсенді дамытып келеміз. Мысалы, 2008-2010 жылдары біз 8-10 миллиард теңгеге отандық дәрі-дәрмекті шығарсақ, қазір ол 36 миллиард теңгеге жетті. Бұдан бөлек, қазір қазақстандық кәсіпорындарға шетелдік ірі инвесторлар тартылды. Тікелей инвестицияның жалпы көлемі 300 миллион доллардан асады. Бұрын нарықтың шағын болуына байланысты инвесторлар да болған жоқ», – деген Серік Сұлтанов.

«ҚазақстанФармМедИндустрия» қауымдастығының сөзіне сенсек, отандық дәрі-дәрмектердің экспорты жыл сайын 5-7 пайызға өсіп келеді. Медициналық өнімдердің жалпы көлемінің 10 пайызы экспортталады екен. Еліміздегі жоспар бойынша дәрі-дәрмекті шығару көлемінің 30 пайызы – мемлекеттік тапсырыс, 30 пайызы – экспорт, 40 пайызы – бөлшектеп сатуға арналған. Жалпы, елімізде науқастарды отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тиімді жүйесі үшін барлық базалық жағдайлар жасау жұмыстары қолға алынғанымен, бұған импорт жол берер емес.

Қазақстандағы фармацевтика саласындағы жұмыстар 63 жыл бұрын бастау алса да, нарықтағы отандық өнімнің үлесін реттей алмай отырмыз. Ал елдегі дәрілік заттарды тұтыну соңғы 10 жыл ішінде жан басына шаққанда 4 есе артыпты. Ал отандық фармацефтикалық компаниялардың өндірген өнімі қажетті дәрі-дәрмектің тек үштен бір бөлігін ғана қамтамасыз ете алады.

Ақ халаттылар 2012 жылы Қазақс­тан Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына енсе, дәрі-дәрмектің бағасы күрт қымбаттайды деген болжам жасаған. Толықтай дамымаған отандық фармацевтика саласы бұл кезде бәсекелестікке төтеп бере алмай, импортқа басы бүтін тәуелді болып қалу қаупі бар екендігін де тілге тиек еткен. Мұндай келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа препараттарға патент алу керек. Сонда ғана импортқа тәуелділіктен арыламыз. Бірақ Қазақстанның фармацевтика саласы әлі де отандық өндірісті жандандыра алмай отыр.

Қалай десек те, дәрі бағасы бұ­дан былай қымбаттамаса, төмен түс­пейтіні анық. Ал денсаулығын оңал­туға тырысқан науқас қымбаттаған дәрі-дәрмекке қалай қол жеткізбек? Қарапайым халық үшін дәрі-дәрмектің қым­баттауы қашанғысындай жығыл­ған­ға жұдырық болғалы тұр.

Серіктес жаңалықтары