Жапон қазаққа жақындай түсті

Жапон қазаққа жақындай түсті

Жапон қазаққа жақындай түсті
ашық дереккөзі
296
Апта басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездесті. Мәртебелі мейманның бұл келісі екі елдің ынтымақтастығын тың серпінмен жандандыра түсті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ең әуелі Қазақстанға алғаш рет келген Жапония премьер-министрі Синдзо Абэні Үкімет басшысы лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, қазіргідей әлемдік экономикадағы күрделі ахуал кезеңінде қызметінің табысты болуына тілектестік білдірді. Мемлекет басшысы екі ел бір-бірінің оң бастамаларына үнемі қолдау білдіретінін атап өтті:  «Біздің елдеріміз ядролық қаруды сынау мен қолданудың қасіретті зардабын жақсы біледі. Сол себепті мен жаһандық антиядролық қозғалыс жөнінде бастама көтердім және осыған орай сіздің бастамаларыңызды біз толық қолдаймыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Жапония мен Қазақстанды байланыстыратын өзге де салаларға тоқталды. Астана құрылысы жапон архитекторы К.Курокаваның бас жоспары бойынша, ал елордадағы жаңа халықаралық университетті дамыту Жапония өкілі – ректор Ш.Катсудың басшылығымен жүзеге асырылып келе жатқанына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан-Жапония қарым-қатынастарын одан әрі дамыту мәселелеріне көңіл бөлді:

 – Екі ел арасында экономикалық тұрғыдан да, саясат саласында да келіспеушілік жоқ. Қазақстан сіздің елмен барлық бағыт бойынша ынтымақтасуға ниетті. Сіздің Орталық Азия елдеріне сапарыңыз маңызды әрі дер кезінде жасалып отыр. Біз өзара іс-қимылдың «Жапония – Орталық Азия» пішімін қолдаймыз және оны қажет деп санаймыз», – деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ қонақжайлылық пен ілтипатты қабылдауы үшін Қазақстан тарапына алғыс айтты. «Мен Премьер лауазымында болған 9 жыл ішінде Қазақстанға бірінші рет келіп отырмын. Бұрын біз түрлі халықаралық шараларда үш рет кездестік, бұл – біздің төртінші кездесуіміз. Осындай тығыз байланыстар арқылы қарым-қатынастарымызды белсенді түрде дамытып отырғанымыз мені қатты  қуантады», – деді ол.

Қазақстан Президенті мен Жапония премьерінің екіжақты кездесуі жапон делегациясымен кеңейтілген құрамдағы келіссөздермен жалғасты. Нұрсұлтан Назарбаев  келіссөздер барысында Синдзо Абэнің Либерал-демократиялық партия төрағасы ретінде ұсынған өз елін дамыту бағдарламасын айрықша бағалайтынын жеткізді.

– Біз сізге бағдарламаңызды лайықты жүзеге асыру жолында табыс тілейміз. Қазақстан мен Жапония – бір-бірінен алыс жатқан, бірақ жақын дос елдер. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап сіздің елмен жан-жақты қарым-қатынастарды дамыту біздің сыртқы саясатымыздың маңызды басымдығының бірі болып саналады. Астана мен Токио ұдайы сенімді серіктес болып келеді. Біз әрдайым бір-бірімізді қолдаймыз, ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ, атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде одақтаспыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан мен Жапонияның сауда-экономикалық даму және инвестициялық өзара ықпалдастық көрсеткіштері жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2013-2014 жылдарда елдеріміз арасындағы тауар айналымы 2 миллиард доллар болса, 2015 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 600 миллион долларды құрады. 10 жылда Қазақстанға келген жапон инвестициясының көлемі шамамен 5 миллиард доллардай болады. Сонымен қатар, Жапония ресми көмек ретінде Қазақстанға 1,2 миллиард доллар берді.

Бүгінде елімізде жапондармен  бірлескен 50 кәсіпорын тіркелген, құны 700 миллион доллардан асатын 6 бірлескен жоба іске асырылуда. Осындай сомада тағы 10 жоба қарқынды ілгерілету сатысында тұр. Мұнымен қоса, Қостанайда «Тойота» автомобильдерін құрастыру зауытын ашу да екі елдің әріптестігін нығайта түскенін атап өткен жөн.

Кеңейтілген келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Жапония қарым-қатынасына тың серпін беретін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтсақ, Қазақстан мен Жапония арасындағы стратегиялық әріптестікті тереңдету және кеңейту туралы Бірлескен мәлімдемеге, Ядролық сынаққа жан-жақты тыйым салу туралы шарт жөніндегі Бірлескен мәлімдемеге қол қойылды. Сонымен қатар, екі елдің қаржы барлау басқармалары арасындағы хаттама бекітілді.

Сондай-ақ, сол күні Нұрсұлтан Назарбаев пен Синдзо Абэ Қазақстан-Жапония бизнес-форумына қатысты. Жиында сөйлеген сөзінде Елбасы екі ел әріптестігінің негізгі салаларына тоқталды:

– Қазақстан мен Жапония – стратегиялық әріптестер. Біз экономикалық байланыстарды өте жоғары деңгейде құра алдық. Қазақстанда көлік, тау-кен, металлургия, xимия, машина жасау салаларында құны 750 млн. доллар болатын жапон капиталының қатысуымен 50 компания жұмыс істейді. Қазіргі уақытта басқа да инвестициялық жобалар бойынша 700 млн. долларға келіссөздер жүргізілуде. Олардың ішінде этанол өндірісі, онкологиялық ауруларды диагностикалау орталығының құрылысы, «Тойотаның» жаңа модельдерін шығару, терминалдар құрылысы және тағы басқа мәселелер бар. Біз сіздердің әріптестікті жалғастыруға және одан әрі инвестициялауға деген ниеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Біздің әріптестіктің маңызды салаларының бірі атом энергетикасы екені анық. Біз жоғары сұрыпты уран өнімін әлемдік нарыққа, соның ішінде Жапонияға жеткізуге мүдделіміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның шетелдік инвесторлар үшін қандай мүмкіндіктер ұсынып отырғанын да атап өтті: «Қазақстанда «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясаты жүзеге асырылуда. Ол – Астананы оңтүстікпен, шығыспен, батыспен, солтүстікпен жалғайтын инфрақұрылымдық бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі транзиттік-логистикалық xаб болады. Біз Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азияны жалғай аламыз. Біз Қытайдың Ляньюньгань портында терминал салдық. Қазіргі уақыт­та Ляньюньгань портынан Қазақстанға 300 мың контейнер жүк тасымалдануда. Болашақта Қытайдан Еуропаға бағытталатын ол жүктердің көлемін 500 мың контейнерге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз».

Нұрсұлтан Назарбаев мәртебелі меймандарды еліміздің тартымдылығын ұлғайту, бизнес ортаны жақсарту, xалықтың жағдайын жақсартуға бағытталған 5 институттық реформаны жүзеге асыру үшін жасалған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының мақсат-міндеттерімен де таныстырды: «Қазақстанда индустриялық-инновациялық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр, 770 жаңа кәсіпорын ашылып, 75 мың жұмыс орны құрылды. Биыл оның екінші бесжылдығы басталды. Ол алты басым бағыт бойынша өтеді, өңдеуші өнеркәсіп: мұнай-xимия, металлургия, xимия, машина жасау, құрылыс материалдарын жасау, тамақ өнеркәсібі. Осының барлығына жапон кәсіпкерлері инвестиция құя алады. Инвесторлар жер салығынан босатылады. Сонымен қатар, 20 елдің кәсіпкерлеріне визасыз режім енгізілген. Оның ішінде Жапония да бар», – деді Елбасы.

Жапония мен Қазақстанның ынтымақтастық аясын кеңейтуге септігін тигізер тағы бір шара – «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі. «Көрмеге қатысатынын қазіргі таңда 42 мемлекет пен 4 халықаралық ұйым ресми түрде растады. Жапония Үкіметі де «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатынын құптады, бұл үшін ризашылық білдіреміз. Осы ретте, Жапонияның осынау халықаралық көрмені өткізудегі басымдық жасалған 20 мемлекеттер тобының тізіміне енетінін атап көрсеткім келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бизнес-форумға негізінен автокөлік жасау, авиация және ғарыш, электроника, xимия өнеркәсібі, қаржы және жылжымайтын мүлік, экспедициялау, жүк тасымалы, азық-түлік, денсаулық сақтау салаларын қамтитын 500-ден астам компания қатысқанын айта кетейік. Жиында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланып, Қазақстан мен Жапонияның шетелдік инвесторларын мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды. Мұнымен қоса, Қазақстан-Жапония инвестициялық жобаларының көрмесі өткізілді.

Жиында сөз алған Синдзо Абэ, ең әуелі, Қазақстанның қонақжайлылығына, елордамыз – Астананың ерекше сәулетіне сүйсінгенін айтты. Ұшақ бортынан түнгі Астананың сұлулығына таңғалғанын жасырмады. Содан кейін мәртебелі мейман негізгі мәселеге ойысты. Ол Жапония Қазақстанның экономикалық реформаларында маңызды рөл атқара алатынын атап өтті. Қазақстанның шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарта отырып, экономиканы әртараптандыру саясатын оң бағалайтынын білдірді. «Мен дәл осы экономика реформалары бойынша Жапонияның атқаруы тиіс маңызды рөлін байқап отырмын. Жапония компаниялары шетелдерде түрлі салалар бойынша бизнесті өрістетудің теңдессіз тәжірибесін меңгерген, біздің компаниялар бүкіл әлемде жұмыс орындарын құру мен жергілікті кадрлар даярлау мәселесінде өздерінің үлестерін қосып келеді. Сондықтан да мен басқа емес, дәл біздің жапондық компаниялар Қазақстанның экономикалық реформаларына қуатты қолдау жасай алады деген нық сенімдемін», – деді Жапония премьер-министрі.

Форум қорытындысы бойынша тараптар бірқатар құжаттарға, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығындағы машина жасау саласын қайта қаржыландыру, автокөлік терминалын жасау және өзге де бағыттар бойынша меморандумға қол қойылды.

Ресми басқосулардан соң Нұрсұлтан Назарбаев Синдзо Абэге Астананың көрікті орындарын таныстырды. Құрметті қонақпен бірге «Қазақстан» Орталық концерт залына, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрына барды.

Жапония премьер-министрінің сапары «Назарбаев Университетінде» түйінделді. Синдзо Абэ Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге білім ошағының оқу корпустарын аралап, университетті дамыту перспективаларымен танысты.

Жапония үкіметінің басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, университет оқытушылары мен студенттеріне дәріс оқыды. Ол Қазақстан өнеркәсібін жаңғырту үдерісінде кадр даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, Жапония осы бағытта қолдау көрсетуге даяр екен жеткізді. Дәріс соңында Жапония Премьер-министріне «Назарбаев Университетінің құрметті докторы» дипломы  табысталды.  Қонақ үшін де, қонақжай халық үшін де игілікке толы болған сапарға тараптардың көңілі тоқ.

Серіктес жаңалықтары