2260
Қара киік, қош келдің!
Қара киік, қош келдің!
Бүгінгідей – ғылым-білім жетістігі күллі ғаламшар тұрғындарына ортақ игілік болатын жағдайға жеткенше, әр халықтың дүниенің сыры мен құрылысы туралы білімі мен болжамдары әртүрлі райда көрініп, өзінше дамыды. Қарапайым есеп-қисаптар мен космогониялық түсініктерге (астрономия, ғарыштық денелер туралы ұғым) дейінгі аралықтағы түрлі құбылыстар туралы әр халық өзінше ой жүгіртіп, топшылау жасады. Бұны жер бетіндегі халықтардың жаратылыс жайындағы, табиғат құбылыстары туралы ежелгі аңыздарына қарап та анық тануға болады.
Бүгінгідей жазуы-сызуы болмаған (немесе бір кезде болған жазулары ұмытылған) халықтар күнтізбені қалай жасады, ай-жылдарды қалай айырды? Мәселен, қазақтар уақыт мезгілін құбылысына белгілеп (құланиек, таңсәрі, күн шыға, сәске, түс, бесін, кеш, т.б.), айға қарап (жаңа туған ай, он төртінен толған ай, өліара) айдың күндерін шамалаған. Сондай-ақ, аптаның жеті күнін бөлекше атап (дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі), жылдың он екі айына да өзінше ат берген (қаңтар, ақпан, наурыз, көкек, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан). Ал жылдарды циклды «жыл қайыру» тәсілі арқылы біліп, болған оқиғалардың қай кезде орын алғанын, адамның жасы нешеде екенін айтып отырған.
Жыл дегеніміз – жердің күнді бір айналып шығуына кететін уақыт. Ол уақыт – он екі айға немесе елу екі аптаға, 365 күнге бөлінеді. Әр жыл бүгінде ресми қолданыстағы григориан күнтізбесі бойынша қаңтар айының бірінен басталады. Демек, әлемнің көп бөлігінде жыл санау қаңтар айынан басталады деген сөз. Ал көптеген елдер сияқты, ертеде қазақтар үшін жыл басы – наурыз айының 21-іне тура келген. Себебі 21 наурызда күн мен түннің көктемгі теңелуі болады. Содан бастап күн тез ұзарып, күн райы жылына бастайды. Жан-жануарлар түлеп, өсімдік атаулы бүршік жарып, тіршілігін жаңартады. Халқымыз табиғаттағы осы құбылысты негізге алып, жаңа жылдың келуіне философиялық ой дарытқан. Расында жыл келгенде табиғат жаңармаса, оның несі жаңа жыл?
Қазақ халқы жыл санауға мүшелдік циклды алған. Ол – қайталанып келетін 12 жылдан тұрады. Әр жылдың өзіндік атауы бар, ретімен айтсақ: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз – қаракиік. Қазақ неге жыл есебін бұлай жүргізген? Оны тап басып айту қиын, тек ол туралы халқымызда мынадай аңыз бар: Ертеде аңдар жыл басы болуға таласыпты. Сонда олардың әрқайсысы өзінің артықшылығын айтып, жыл басы өзі болуы керектігін дәлелдеп, басқаларымен келіспейді. Ақыры олар «шығып келе жатқан күнді кім бірінші көрсе, сол жыл басы болсын» деген уәжге тоқтайды. Осылайша «бәрінен бойым биік, шыққан күнді қалайда бірінші болып көремін» деген түйеден қулығын асырған тышқан, түйенің өркешіне өрмелеп шығып, шыққан күнді бірінші болып көргенін сүйіншілеп, айқайлайды. Солайша қалған аңдар да күнді көргенін кезекпен айтып, жан-жануардың 12 түрі жылдардан өздерінің орнын иелепті. Ал «жылдың басы болмасам, жылға кірмей-ақ қойдым» деп өкпелеген түйе жылға енбей қалыпты. «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты» деген мәтел осыдан қалған дейді аңыз. (Бұл аңызбен қазақ мектебінде оқитын баланың бәрі таныс, мультфильм де түсірілген). Бұл аңыздың қай дәуірде шыққаны белгісіз, шамасы, жыл қайыру пайда болғаннан кейін 12 жылдың неге 12 жан-жануардың атымен аталатынын түсіндіру үшін ойлап табылған миф сияқты. Қалай десек те, әлі күнге дейін халқымыз әр жылға өзінше мінездеме беріп, кей жылдардың қолайсыз, кей жылдардың жайлы болып келетіні туралы жорамал жасайды, таң қаларлығы сол – «Халық айтса, қалп айтпайды» дегендей, кейбір жылдар расымен қиындығы басым болып келсе, кей жылдарда молшылық болып, елдің есінде жақсылығымен қалады. Мысалы, Сыр сүлейі, атақты шайыр Ерімбет Көлдейбекұлы айтқан «Жыланда жыламаған жан қалмайды, жылқыда жылыспаған ел қалмайды, уа, дарийғ, көрер ме қойдың жазын» деген өлең жолдары да осындай жағдайларға байланысты айтылған көрінеді. Мысал ретінде келтірсек, ХХ ғасыр басында 1917 жылы қазан төңкерісі болып, көп қан төгілуі арқылы большевиктер Ресейде билік басына келсе, келесі жылдан бастап жаңа режимге көнбеген халықтың жан-жаққа қашуы басталды. Сол сияқты, 1929 жылы (жылан жылы) Қазақстанда жергілікті халықты күштеп отырықшылыққа көшірудің соңы аштыққа ұрындырды. Сол кезде қазақтар басы ауған жаққа көптеп босып, қырғынға ұшырады. Ал 1941 жылы (тағы да жылан) басталған екінші дүниежүзілік соғыстың халқымызға қандай қасірет әкелгенін білеміз. Демек, 12 жылда бір қайталанып отыратын қазақтың жыл қайыруындағы жылдардың әрқайсының бір жануардың атын иеленуінің де сыры бар.
Халқымыздың көнеден келе жатқан болжамы бойынша, «тышқан жылы – молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштықтың жылы, сиыр жылы – ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарымен есте қалатын жыл, барыс жылы – ауыртпалығы да, жақсылығы да аралас жыл, қоян жылы – қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы, ұлу жылы – кейде жайлы, кейде жайсыз, жылан жылы – елге жайсыз жыл, жылқы жылы – көшіп-қонулар көп болады, қой жылы – халыққа жайлы, береке мен молшылыққа кенелетін жыл, мешін жылы – сəтсіздеу, жайсыз оқиғалар орын алатын жыл, тауық жылы – қауіп-қатер жиі болатын жыл, ит жылы – тауықтан келген ауыртпалық жеңілдейтін жыл, доңыз (қаракиік) жылы – еңбектің берекесін келтіретін жыл» екен.
12 жылға аты берілген жан-жануарлардың аты, оған халық берген сипаттама туралы айта келіп, олардың арасындағы бір-екеуінің аты туралы ерекшелеп айта кету керек. Неге? Себебі оның біреуінің (мешін) атауы туралы нақты ұғым жоқ, екіншісін (доңыз) халқымыздың діни сеніміне, бәлкім, басқа бір себепке орай атын өзгертіп айтады. Оның қисыны да жоқ емес, мәселен, мешінді біреулер маймыл деп түсіндірсе, халқымыздың ежелден келе жатқан аңызында мешінді «азып кеткен адам» деп түсіндіреді. Сол секілді, қасқырды малдың жауы санап – егер атын атаса аязды күні құтырып, малды қырып кетеді деген нанымға сәйкес, оны «ит-құс», «бөрі» т.б. атаулармен атайтыны секілді, доңызды да қазақ жыл қайырғанда «қаракиік» деп айтады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, діни сенімге де байланысты шығар, себебі дастарқан басында харам нәрсенің атын атау – ырысыңды қашырады деп ырымдайтын қазақ доңызды отбасында атамау үшін «қаракиік» деген атау берген секілді. Тағы бір қызығы, «қаракиік» деген атау түркітұқымдас басқа да елдерде кең қолданылады.
Кейінгі кезде «қаракиік» атауына байланысты БАҚ-тарда жарияланған бірен-саран материалдарда айтылып қалып жатыр. Дегенмен оны теріске шығарушылар да (қазақта «қаракиік» деген жыл атауы болмаған деген секілді) жоқ емес. Ал шынында болмаған ба? Болмақ түгілі, жылды «доңыз жылы» демей, «қаракиік жылы» деп атаған екен. Мәселен, белгілі мәшһүртанушы ғалым, профессор, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Айтмұхамбет Тұрышев 2008 жылы жарық көрген «Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы метрологиялық терминдер» деген ғылыми еңбегінің «Халық метрологиясы» деген бөлімінде, Мәшүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларына сүйене отырып, «қаракиік жылы» деген ұғымды былайша түсіндіреді:
«Қаракиік жылы. Бұлардың хажыға барған жылы, баяғы жұт қояннан бұрын, қаракиік жылы еді (Мәшһүр-Жүсіп., 11).
Жылы ит болғандар «опадар», жылы доңыз болғандар «қара киік» – деп сыпайылау да бар (опадар – деп таныстыру түркімен мен қарақалпақта да бар) (Қ. Халид, 1992: 195). Қара киік: доңыз (жыл аты) – (Свинья – название года по Зодиаку): Мен қара киік жылы туыппын. (С. Аманжолов, 428). Доңыз жылы киіктердің қатты жұт болып қырылып қалуына байланысты да қара киік жылы деп аталуы мүмкін. Қара сөзінің өліммен байланысты екендігі айтылды. Қараңыз: ақ сүйек пен қара сүйек бөлімін. М-Ж. Көпеев Құнанбайдың бас болып – 120 адамның басы болып, қажыға барғанын сөз қылып отыр. Оның ішінде Қишыл Қыстаубай да болған. Құнанбай қажыға барған жыл 1874 жыл – дейді Мәшһүр-Жүсіп. 1874 жыл ит бітіп, 1875 доңызға кірер шақ. Біз 22 наурызбен есептеп отырмыз. Демек, қаракиік жылы 1874 жыл болған сияқты».
Көріп отырғанымыздай, бұдан бір жарым ғасыр әріде өмір сүріп, сол кездегі қазақтың тарихы мен салт-дәстүрі жайында баға жетпес құнды еңбектер жазып қалдырған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өзі «доңыз жылын» «қаракиік» деп атаған екен. Демек, «қаракиік» атты жыл атауын бұрынғының адамдары өз орнымен дұрыс қолданған.
Қаракиік атауы, негізінен, жабайы шошқаға байланысты айтылған, жылға енгені сол деген түсінік бар халқымызда. Ал «қаракиік» атауы қайдан шыққан десеңіз, жабайы доңыз – асыранды доңыз сияқты іркілдеген семіз болмайды. Ашатұяқты жануар. Ашық алаңда көп жүрмейді. Ашық жерден көріп қап қуғандарға қара шалдырмай, қалың қамыс арасына немесе ну жынысты тоғайға сіңіп кетеді. Сірә, ылғи теңеумен, шендестірумен сөйлейтін қазақ киіктей тез жүгіретін, тұрқы қара жануардың жылдамдығына қарай «қаракиік» деп атап кеткен шығар. Кейін ислам дінін қабылдағаннан кейін бабаларымыз доңыздың атын атамай, бұрынғы атауымен айту қайтадан әдетке енген болса керек. Қалайда, доңыз, шошқа деуден көрі «қаракиік» атауы құлаққа жағымды, жатық естіледі. Ал «Қаракиік» атауының ұмыт бола бастауы, соңғы жүзжылдық шамасында болуы мүмкін. Өйткені халыққа асыранды шошқа таныс болды. Шошқа өсіруді ұлтына, жеріне қарамай міндеттейтін елде өмір сүрдік. Оқулықта орыстың «свинья» деген сөзін «шошқа» деп аударып оқытты. Мультфильмде, кинода шошқаны көрсететін. Бір сөзбен айтқанда, ата-бабамыз атын айтпай өткен жануарды біздің жатырқауымызға мүмкіндік болмады. Ендеше «қаракиік» ұмытылмай қайтсін?! Демек, тәуелсіз мемлекетте тәуелсіз сана қалыптастырып, бабамыздан қалған ұғым ретінде де, жылдың не жануардың аты ретінде де «қаракиік» сөзін тірілтудің маңызы зор.
Дана халқымыз «Құдайдың күнінің жаманы жоқ» дейді ғой, сол айтпақшы, халқымыз тарихында «қаракиік» жылында болған оқиғаларды саралап көрсек, оның ішінде жұртымыз үшін жайлысы да, жайсызы да болған екен.
Ғасыр басындағы алғашқы «қаракиік» жылында, яғни, 1911 жылы 4 қаңтарда Алматыда (ол кезде Верный) 10 балдық жер сілкінісі болып, содан 452 адам қаза тауып, 1094 үй қираған. 1935 жылы елімізде колхоздастыру толығымен аяқталды, соның себебінен көшпелі халық аштыққа ұшырап, біразы шетке босып кетті. 1959 жылы «Теміртау қақтығысы» болды. 1983 жылы Қазан қаласынан ұшып келген ТУ-134 ұшағы Алматы әуежайына жетпей, тауға соғылып апатқа ұшырады, соның салдарынан 90 адам мезгілсіз қаза тапты. Әрине, бұлардың қай-қайсысы да елемеуге болмайтын қайғылы оқиғалар, бірақ тарихта «қаракиікті» қазақ жұрты үшін сәтті жыл дегізе алатын небір қуанышты жағдайлардың болғанын да көруге болады.
1729 жылы қазақ-жоңғар шайқасында қазақтар жағы ірі жеңіске қол жеткізіп, ғасырлар бойы соғысумен келе жатқан басты қарсыласының мысын басқан. Одан кейінгі жерде қазақтар жоңғарларға есе жібермеген. 1923 жылы – қазақ елі Ресейдің құрамындағы автономиялы республика болса да, сол жылдың қазан айында елімізде іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу туралы декрет қабылданып, ол сталиндік қуғын-сүргін жылдарына дейін өз күшінде тұрды. Сол кезден бастап еліміз тұрғындарының туу туралы куәлігі, паспорты, білімі туралы аттестаты қазақ тілінде толтырыла бастады. 1947 жылы карточкалық жүйе жойылып, ақша реформасы жасалды. Соған сай халықтың еңбекақысы өсіп, тауарлар бағасы арзандады. Және сол жылы Алексей Бодня деген қойшы еліміз аумағынан тұңғыш рет БҰД (белгісіз ұшатын дәлеңке) көрген. 1959 жылы елімізде міндетті сегізжылдық орташа білім беру жүйесі енгізіліп, ол – бүгінге дейін қазақ жұртының сауаттылық деңгейін жоғары қалыпта ұстап келе жатыр десек, 1971 жылы 28 маусымда – бір кезде Қазақстанның оңтүстігіндегі КСРО басшылығының өкілімен Өзбекстанға берілген жерлердің бір бөлігі елімізге қайтарылғаны да тарихи жеңісіміздің бірі.
Биылғы келген «қаракиік» жылынан да үмітіміз көп. Өйткені қашанда жақсылыққа сенгіш қазақ халқы «қаракиіктің» келісін жамандыққа балаған емес. Сондықтан болар, халқымыз осы жылда дүниеге келгендерді ырысы, ризығы мол жаралған, ақкөңіл, ашық-жарқын, жолы ашық болып туады деп санаған және дұшпанынан үстем, аз ғана досын сақтай білетін тұрақты адам болады деп сенген. Жұлдызшылардың болжауынша, жылы «қаракиік» болған адамдар байсалды, сырбаз, еңбекқор, қарапайым да қажырлы, жұрт алдында беделді келеді екен. Тумысынан адамдармен қарым-қатынаста қайырымды да мейірімді келетін «қаракиіктер» жұртқа жамандық ойламайтын, көп жағдайда өзгеден зиян шегіп қалатын көрінеді. Демек, келген жылдың жақсылығы көп деп сенейік! Жаңғырған рухымызбен бірге бабалардан қалған мұраның бірі – «қаракиік» атауы да қайта оралып, халқымыздың бұл жылдан күткен жақсылығы молайып, ырысы таса берсе – нұр үстіне нұр!