АҢЫЗ АДАМ ЖӘНЕ АСҚАҚ РУХ

АҢЫЗ АДАМ ЖӘНЕ АСҚАҚ РУХ

АҢЫЗ АДАМ ЖӘНЕ АСҚАҚ РУХ
ашық дереккөзі
1059
Белгілі жазушы, әдебиет сыншысы, драматург Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтуде. Сондай бір әсерлі кеш Алматыда, ҚР Ұлттық кітапханасында «Парасат Падишасы» атты тақырып аясында өтті. Кеш барысында ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан Асқар Сүлейменовтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Парасат Падишасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Бүгінде кітапхананың дерекқорында жазушының 300-ден астам кітаптары сақталған. Шараны жазушы, публицист, ғалым Бейбіт Қойшыбаев жүргізді. «Әдебиетке сонау алпысыншы жылдары келген Асқар Сүлейменов өзінің айшықты ойлары, пікірлерімен зиялы қауымды елең еткізді. Сынды өткір жазатындығымен көзге түсті. Бұл еркіндік аңсаған, жаңалыққа құмар жастардың әдебиетке жаңаша қарауға кіріскен кезі болатын. Ол әдебиетке жаңашылдығымен келді. Ғабит Мүсірепов кезінде Асқарды түсініп, түйсініп оқу керектігіне аса мән берген болатын. Асқар Сүлейменов шығармалары сол кездегі жазалаушылардың, көтерілісшілердің әрекеттері арқылы ұлттық сананы оятуға зор еңбек сіңірді. Ілияс Есенберлиннің «Қаһары», Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», т.б. туындылардың ұлттық сананы серпілтуге әсері мықты болды. Бұл шығармалар жастар қозғалысын рухани тұрғыдан дайындады. Асқар Сүлейменов шығармашылығы әлі де зерттеп, зерделеуді қажет етеді», – деп атап өтті жазушы. Ал академик Өмірзақ Айтбайұлы болса, алыста қалған сағынышты жылдарға шегініс жасады. «...Күн демей, түн демей телефон соғып, «Сағындым, «Қосбасар» мен «Теміртасты» тыңдағым келеді деп, таң бозына дейін жалықпай тыңдаушы еді ғой... Асқар Сүлейменов қазақтың сазына ғана емес, жалпы музыка әлеміне тереңдеген жан еді. Еуропаның классикалық шығармаларын талдай білетін ерекше дарыны болатын. Кез келген күйшінің тағдыры, болмысы тұрғысында тереңнен шертетін шешендігі де, көсемдігі де өзіне тән қасиеті еді. Мен қазақтың домбырасына, күйіне осыншама ғашық жанды алғаш кездестіруім», – деп өткен күнді есіне алды. Сондай-ақ, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов: «Сол бір кезеңде әдебиеттің өзі өзгерістерге үлгере алмай жатты. Асқардай тұлға шығармашылық дарыны, ағартушылық көзқарастарымен ерекшеленді. Қазақшаға шорқақтау азаматтар бір ортаға тоғысқанда үлкен демеу болып, рухани көсемімізге айналды. Елге оралғанда кеудемізден итермей, қазақыландыру үрдісін саналы түрде жүргізе білді», – деді. «Асқар Сүлейменов ұлттық рухани жаңғыруға, ойдың, өнердің түлеуіне үлкен үлес қосқан санаткер тұлға. Өз кезеңінің рухани көшбастарларының бірі болған ол қай жерде қызмет етсін мейлі, қашанда ұлттық мүддені ту етті», – деп атап өтті еске алу кешінің қатысушылары. Қаратаудың қос перзентінің есімі Түркістан қаласында да ұлықталды. Қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, әдебиет сыншысы Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығы мен жазушы, драматург Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Қаратаудың төл перзенттері» атты еске алу кеші өтті. Кеш аясында Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебінде Тәкен Әлімқұловтың 100 жылдығына орай мектеп оқушыларының қатысуымен шара және «Ұлы даланың дара даналары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ «Мәдениет үйінде» өткен шара Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының әртістері Тәкен мен Асқар образында өлең оқып, «Қаратаудың төл перзенттері» поэтикалық композициясымен ашылды. Қаратаудың талантты ұлдарын еске алуға арналған мерейтойлық кешке ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлы мен Қазақстанның Мемлекеттік және «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, жазушы Есенғали Әбдіжаппарұлы, сондай-ақ, Шешенстан Мемлекеттік және Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлықтарының лауреаты, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбекұлы, Созақ ауданының әкімі Салыхан Сабырұлы бастаған делегация, ХҚТУ-нің студенттері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Замандас қаламгерлер сөз зергерлерінің шығармашылығы, қатар жүрген кездері туралы естеліктер айтты. Олардың артында қалған мол мұрасы, қазақ әдебиетінде қалдырған еңбектері халық үшін құнды дүниеге айналады дейді қаламгерлер. Кеште облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, Тәкен Әлімқұловтың жұбайы Есімкүл Әлімқұлова мен Асқар Сүлейменовтің ұлы Әлішер Сүлейменовке облыс басшысы Ж.Түймебаевтың атынан сый-сияпат табыс етті. «Құлагердей қаламгерлердің атын ардақтау, құрмет тұтып қастерлеу, биікке көтеру, мұра етіп қалдырған алтын қазыналарын келешек ұрпаққа жеткізу, баршамыздың парызымыз. Әдеби шоғырда орны бөлек сөз сәйгүлігі, қазақтың қара сөзінің зергері атанған көрнекті жазушы, ақын Тәкен Әлімқұловтың туғанына 100 жыл және де тумысы бөлек тұлға, өзгеше дарын иесі Асқар Сүлейменовтің 80 жылдығына арналған мерейлі мереке Қазақстан көлемінде аталып өтуде. Елім деп еңсесін тіктеген, ұлтым деп ұйқысы қашқан айтулы тұлғалардың тұғыры қашан да биік», – деді Мәлік Отарбаев. Шара соңы облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

«АДАСҚАҚПЕН» БІРЖАНҒА  ЕСКЕРТКІШ СОҚҚАН...

Ал 23 желтоқсан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында «А.Сүлейменов және театр» көрмесінің ашылуы өтіп, жазушының «Адасқақ» циклі бойынша сахналанған «Біржанның соңғы әні» спектаклі қойылды. Спектакльдің бас кейіпкері – қазақтың атақты әнші-композиторы Біржан сал Қожағұлұлы. Өмірбаяндық емес, өнербаяндық көркем қойылым оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтеді. Өмірінің соңында дерт меңдеген Біржан сал. Өмір-өнер елестері. Абаймен, Ақанмен кездесулер, рух түлетер қауышулар, кетісулер... «...Өтерінде, кетерінде шыр айналды...» пәни дүниедегі өксік-өкініштер... Өнер адамының ұстанымы жайындағы көзқарас қақтығыстары... Құмсағаты түгесіле бастап, жаны мұрнының ұшына келген Біржан сал ән-зар шығарады. Әнмен мінәжат етеді. Ол ән-зар һәм мінәжат – «Теміртас». Қазақта теңдесі жоқ музыкалық жоқтау. Реквием... Осылайша, А.Сүлейменовтің «Адасқақ» повесі отыз жылдан кейін драма тілімен сөйледі. «Адасқақтың» сахналық нұсқасын жасап, ықшамдаған белгілі әдебиет сыншысы, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова болса, қатпары қалың, астары мол күрделі шығарманың бас-аяғын қамтып, режиссура тілімен тәпсірлеген Әубәкір Рахимов. Ілгеріректе А.Сүлейменовтің «Төрт тақта – жайнамаз», «Қыздай жесір – штат қысқарту», «Жетінші палата», «Кек» секілді философиялық мәні терең пьесаларын сахналаған Ә.Рахимовтың бұл тұрғыда тәжірибесі жеткілікті. Спектакльдің инсценировкасын жасаған Ә.Бөпежанова шығарманың өзегін сақтай отырып, Біржан өмір сүрген кезеңге тән ахуалды, Ақан – Біржан – Абай тізбегін көтеретін ең маңызды диалог-діңгекті дұрыс іріктей алғаны туындының толық, біртұтас сахналық шығарма болуына мүмкіндік берген. Біржан секілді күрделі әрі терең, қазақ музыка әлеміне ерекше әсер еткен қуатты құбылысқа «Адасқақпен» ескерткіш соққан Асқар Сүлейменов оның қарапайым қалыпқа, жалпақ ұғымға сыя қоймайтын жұмбағын шешуді діттегенін осы спектакль анық аңдатады. Біржанның өзі өмір сүрген қоғамның шартты заңдылықтарына мойынсұнбай, тіршіліктің мәнін өнердің биігінен табу үшін бәрінен безініп, рухани арпалыспен ғұмыр кешкені белгілі... Асқар Сүлейменов – ұлттық рухани жаңғыруға, ойдың, өнердің түлеуіне зор үлес қосқан санаткер тұлға. Өз кезеңінің рухани көшбастарларының бірі болған ол қай жерде қызмет етсін мейлі, қашанда ұлттық мүддені ту етті. «Қазақфильм» киностудиясында оның сценарийімен «Адамдар мен арғымақтар», «Құлагер» фильмдері түсірілді, ол «Қыз Жібек» фильмінің редакторы ретінде көп жұмыс тындырды, М.Әуезов театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен жылдары ұлттық классиканың жаңаша интерпретациялануына үлес қосты. Білім иесі, халық әдебиеті мен салт-дәстүрдің, музыка мен жыр әлемінің, театр мен кино, бейнелеу өнерінің білгірі, сөз зергері А.Сүлейменов ел есінде. Оның есімі Түркістан облысының Созақ ауданындағы өзі оқыған және Сарыағаш қаласындағы мектептерге, 80 жылдық мерейтойына орай Түркістан қаласындағы бір көшеге берілді.

Серіктес жаңалықтары