692
Игілік жылы жадымызда қалды
Игілік жылы жадымызда қалды
Еліміздің 2018 жылы саясат сахнасындағы басты жетістігі – БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі. Бұл – Тәуелсіздігінің 27 жылдығына қадам басқан Қазақстан мемлекеті үшін зор мәртебе. Әлем елдерінде орын алып жатқан түрлі кикілжің мен қақтығыстарды шешуге ат салысып, баршаның мүддесін қорғауға тырысқан Қазақстан бұл істі де абыроймен атқарды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «...Біз саясатта, экономикада, спорт саласында маңызы зор халықаралық шараларға бастамашы болдық. Татулық пен тұрақтылықтың мекені – Қазақстан ел мен елдің арасын жақындатты. Қазақстан 2018 жылды БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұңғыш рет төрағалық етумен бастады. Бұл жас тәуелсіз мемлекет үшін үлкен абырой. Бұл – қазіргідей күрделі кезеңде елімізге артылған үлкен сенім және зор жауапкершілік», – деді.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етті
[caption id="attachment_74505" align="alignnone" width="1024"] [/caption] Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы Қазақстанның басты мақсатының бірі – әлемдік соғыс қаупінің алдын алу. Бұдан бөлек Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты парадигмалық манифесінде айтылған БҰҰ-ның 100 жылдығына орай 2045 жылы жанжалсыз әлем құруды жүзеге асыру да негізгі бағыттың қатарында. Бұған қол жеткізу үшін БҰҰ-на мүше мемлекеттер ядролық қарусыз әлемді құру мәселесін, әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанжалдар мен шиеленістерді шешуге бірлесе ұмтылуы керек. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты үндеуінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев: «Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Оны баршаңыз білесіздер. Семей ядролық полигонын жабу және қуаты жөнінен төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімімізді бүкіл жер шары біледі және қолдайды. Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты. Бұл тек біздің еліміздің ғана емес, сондай-ақ, бұған дейін ешқашан халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін органда өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия субөңірінің де табысы», – деп атап өткен болатын. Қазақстан 1992 жылдан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше бола бастады. Сол кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен тәуелсіз елдің Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамына кіру туралы баяндамасы әзірленген еді. Осы баяндамадан кейін-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Қазақстан Ұйымның қызметіне маңызды үлес қосатынына сенім білдірген. Қазақстан БҰҰ-на мүшелік еткен 25 жыл ішінде ауыр да күрделі жолды жүріп өтті. Сындарлы сыртқы саясатының арқасында еліміз әлемдегі беделді ұйымның құрметті мүшесіне айналды. Жалпы, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесіне жолдаған саяси Үндеуінде БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құру мақсатында халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ, бейбітшілік, қауіпсіздік және даму арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ете отырып, ғаламшарды соғыстар мен шиеленістерден арылту ісінде күш-жігерді біріктіру және ынтымақтасу қажеттігіне баса назар аударғандығы белгілі. Бұл – тарихи оқиға. Бұл – Елбасы бастаған отандық дипломатияның тарихи жеңісі, бүкіл әлем таныған сыртқы саясаты сындарлы ел екеніміздің айқын көрінісі. Бүгінгі нәтиже – халықаралық деңгейдегі Қазақстанның ғаламдық және өңірлік мәселелерді реттеуге, ядролық қарусыздану мен таратпау мәселелерін ілгерілетуге қосқан бірегей үлесінің жарқын дәлелі.Сарыарқаның төріндегі әсем қала
Мемлекет басшысы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында жазғандай, Астананы көшіру Қазақстанды жаңа Тəуелсіз мемлекет ретінде орнықтыруда зор рөл атқаратынына сенімді болды. Бұл біріншіден, Қазақстанды геосаяси жоспар тұрғысынан нығайту үшiн қажет едi. Шындығында, егемен ел, Тәуелсіз мемлекет атану да, ұлы істі қолға алып, елдің дербес астанасын таңдау мен оны салуға күш-жігерін жұмсау да зор бақыт. Иә, қазақ ұлтының ұлы тұғыры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт. Осыдан тура 24 жыл бұрын астананы ауыстыру идеясы алғаш жария етілгенде, бұл тым «ұшқары» пікірдің қаптаған қарсыластары түгіл, ат төбеліндей жақтастары да айналасы 20 жылдың ішінде ел кіндігі – Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көтереді деп ойламаған еді. Бүгінде «Ақмола астана болады» дегенде, жұрттың бәрі бөркін аспанға ата қуанып, алып-ұшып, жаппай ат басын Арқаға бұрғандай көрінгенімен, елдің астанасын ауыстыру мәселесі үлкен үгіт-насихат жұмысын жүргізуді қажет етті. Міне, осындай тығырықты сәттерде Елбасы ерен ерік-жігер танытты. Мемлекет басшысы үлкен аудиторияларда, үкіметтік кездесулерде, ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында астананы көшіру идеясының стратегиялық, экономикалық, жалпыұлттық маңызын жан-жақты ашып, ел мүддесі, ұрпақ болашағы үшін бұл бастаманың баламасыз екендігін алға тартты. «Тәуелсіздіктің негізгі мәні – тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық. Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналып отыр», – деген болатын Президент. Сол еңселі елордамызға – 20 жыл! Жиырма жыл тарих үшін қас-қағым сәт, әрине. Бірақ сол уақыт аралығында Сарыарқаның төсінде әлем таңдай қағып қарайтын Астана қаласы бой түзеді. Бас қаланың 20 жылдағы жеткен жетістігі, даму көрсеткіші де мақтануға тұрарлықтай. Астана – еліміздің бас қаласы атанған сәттен бүгінге дейін дамудың сан түрлі сатысынан өтті. Соның нәтижесінде, елорда 20 жылда экономика және саясат, ғылым және білім, мәдениет және өнердің орталығына айналды. Астананың 20 жылдығымен құттықтаған Елбасы «Қазақстан», «Тәуелсіздік» және «Астана» сөздерінің мәні еліміздің әр азаматы үшін айрықша екенін атап өтті. «Соңғы 20 жыл ішінде Астанаға 22 монарх, 180 президент, 109 үкімет басшылары және 114 халықаралық ұйым басшылары келді. Мемлекеттер басшылары мен жоғары лауазымды жауапты тұлғалардың сапарлары елдер арасындағы достық қарым-қатынастардың маңызды көрсеткіші саналады. Осындай әр сапардың арқасында Астананың бүкіл әлем бойынша достары көбейе түсті», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал 20 жыл ішінде бас шаһарда тұрғын үй құрылысы үшін 1 трлн 600 млрд теңге бөлініп, 180 мыңға жуық пәтерді қамтитын 1265 тұрғын үй бой көтерді. Одан бөлек, Астанада 20 жыл ішінде 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық маңызы зор нысандар салынған. 20 жыл ішінде Астана халқы 4 есе өсіп, бір миллионға жетті.Global Challenges Summit-2018: әлемнің ең үздік сарапшылары бас қосты
Биыл Астана экономикалық форумына – 10 жыл. Алғаш 2008 жылы өткен форум бүгінде дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ықпалды алаң мәртебесіне ие болды. Тіпті, Еуразия кеңістігінде беделі бар алқалы басқосу әлемдік саясат сахнасы мен экономиканың бел ортасында жүрген көшбасшылар мен саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің көзқарасы айқындалатын ашық сұхбат алаңына айналып үлгерді. Бұған дейін форумға 150 елден 53 мыңға жуық делегат қатысты. Олардың қатарында Нобель сыйлығының 20 лауреаты болған. Астана экономикалық форумдарының нәтижесінде 20 млрд АҚШ долларын құрайтын сомаға 300-ден астам келісім жасалған. Бұған қоса еуразиялық іскерлік конгресі, дүниежүзілік МЖК орталығы және Нобель сыйлығы лауреаттарының астаналық клубы құрылған. 2008 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан форумның тарихы тереңде жатыр. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде бастама көтерді. Кейін, 2007 жылы осыған дейінгі ұсынысын жүзеге асыру үшін еуразиялық қоғамдастықтың экономикалық интеграциясына ықпал ете алатын еуразиялық ғылым клубын құру қажеттігін алға тартты. Нәтижесінде 2008 жылдың 27 маусымында экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі мен экономикалық ғылыми-зерттеу институты Президенттің пәрменін ақиқатқа айналдырды. Еуразиялық экономикалық ғылым клубы құрыла салысымен, дүниежүзінің назарын жаһандық экономиканың негізгі сын-қатерлеріне аударды. Сөйтіп әлемнің төрт тарабына сауын айтып, І Астана экономикалық форумына кірісіп кетті. Өткен форумдарда ауыз толтырып айтарлық нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы, 2012 жылғы ұсыныстар БҰҰ Бас ассамблеясының пленарлық сессиясында таныстырылып, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунның, БҰҰ Бас ассамблеясының 66-сессиясының президенті Ан-Насердің оң бағасын алды. 2013 жылы форум аясында БҰҰ Бас ассамблеясының қолдауымен дүниежүзілік дағдарысқа қарсы І конференция өтті. Қорытындысында Астана декларациясы мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге арналған әлемдік дағдарысқа қарсы жоспардың жобасы бекітілді. Ал 2014 жылғы басқосудан соң БҰҰ-ға мүше елдерге арналған дүниежүзілік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасы қабылданды. Биыл ХІ Астана экономикалық форумының қатысушылары жаңа форматта, яғни Global Challenges Summit түрінде өтті. Астана экономикалық форумын әлемдік Global Challenges Summit жетекші еуразиялық экономикалық конгресс ретінде түрлендіру – ғаламдық дамудың мүмкіндіктері мен тәуекелдері туралы халықаралық дискурста Қазақстанның жаңа мәртебесінің дәлелі. Астана қаласында «Болашақ энергиясы» тақырыбында EXPO-2017 халықаралық көрмені ойдағыдай өткізу аясында Қазақстан инновациялық дамуда серпін, батыл институционалды реформалар және кең халық-аралық интеграцияны іске асыру есебінен әлемнің мықты отыз экономикасына кіру мақсатына ұмтылып келеді. Астана экономикалық форумы – жаңартылған жаһандық қатерлер туралы негізгі әлемдік саммиттердің біріне айналды. ХІ Астана форумында 11 жаһандық қатерлер талқыланды. Олар – Бірыңғай экономикалық әлем, Жаһандық стратегия әлемі, Ресурстар әлемі, Жаңа таза энергия әлемі, Ұзақ жасау әлемі, Болашақтағы ақша әлемі, Жаһандық қауіпсіздік әлемі, Жаңа адамзат әлемі, Қалалар әлемі, Сингулярлық әлем және Цифрлық әлем.Қазақстан бидайы 35 елге жөнелтіледі
Қазақстан 2017 жылы ірі бидай экспорттаушы елдердің рейтингісінде 11-орынға тұрақтады. Бұл өнім 660 миллион 800 мың долларға саудаланды. Ауыл шаруашылығы министрлігі 2018 жылы Қазақстанда астық жинау 22,8 млн тоннаға жеткенін мәлімдеді. Осылайша, Қазақстанның экспорттық әлеуеті 9 млн тонна деңгейінде бағаланады, оның ішінде 6 млн тонна астық, 2,1 млн тонна ұн, қалғаны бұршақ дақылдары. Қазақстанның Қара теңіздегі порттар арқылы экспортты ұлғайтуға мүмкіндігі зор. Бұл ретте теміржол вагонындағы өнімді кеме бортына бірден тиеу жағы жолға қойылған. Былтырғы астық маусымында осындай әдіспен экспортқа шамамен 100 мың тонна Қазақстан өнімі жөнелтілді. Алайда бұдан да жоғары өнім ұсынуға болады. Дәнді дақылдарды экспортқа жөнелтудің осындай әдісінің сыйымдылығы жылына 1 млн тоннаға жетеді. Соңғы уақытта Қазақстан дәнді дақылдарды экспорттауда белсенділік танытуда. Бұл өнімдерді арнайы контейнерлер арқылы тасымалдау жолы ұтымдырақ. Яғни, тек жақын елдермен қарым-қатынас орнатып қана қоймай, әлемдік сұраныстың ауқымды бөлігін – Оңтүстік-Шығыс Азия нарықтарын да қамтуға болады. Және Қазақстан әлем бойынша ұн экспорттауда алдыңғы қатарда. Негізгі импорттаушы мемлекеттер шекаралас: Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Ауғанстан. Сонымен қатар Африка және Азияның шығыс бөлігімен де байланыс орнаған. Бірақ ұнның сыртқа шығарылымын контейнерлік жолмен бұдан да ауқымды түрде арттыруға болады. Қазақстан өзге мемлекеттерге жыл сайын 8 млн тонна астық экспорттайды. Соңғы 5 жылда орта есеппен 19,1 млн тонна өнім сыртқа шығарылған. Ауыл шаруашылығы министрлігі Егіншілік департаментінің директоры Талғат Болатұлының айтуынша, бүгін Қазақстан астық экспорттаушы үздік 10 елдің тізіміне еніп отыр. «Өткен жылы жиналған астықтың жалпы көлемі 20,6 млн тоннаны құрайды. Бұл өз кезегінде ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, сыртқа өнім шығаруға жеткілікті деп сеніммен айта аламыз»,– деді ол. Былтыр Қазақстан Орталық Азия мен Каспий маңы елдерінен бастап, 35 мемлекетке өз өнімін ұсынып үлгерген. Экспорттың 87 пайызы Қытай, Түркіменстан және Иранға жіберіліп отыр.Діндер съезі – «рухани дипломатия»
10-11 қазан күндері Астанада рухани келісім мен дінаралық үн-қатысудың халықаралық деңгейдегі беделді алаңы болып табылатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған кезекті бұл құрылтай да Қазақстанның әлемдік сахнадағы беделін өсіре түсті. Биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне 15 жыл толды. Съезд жұмысына әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация қатысты. VI Съезд «Дін көшбасшылары қауіпсіз әлем үшін» атты жалпы тақырып аясында «Манифест «Әлем. ХХІ ғасыр» жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Геосаясаттағы өзгермелі дін: адамзаттың бірігуі үшін жаңа мүмкіндіктер», «Дін және жаһандану: сын-тегеуріндері және шешімдері», «Экстермизммен терроризмді еңсерудегі дін лидерлері мен саяси қайраткерлері» атты төрт негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылды. Рухани келісім мен дінаралық татулық адамзаттың бейбіт өмір сүруінің басты кепілі екенін түсіне білгенге бұл Съездің мән-маңызы айтпаса да ұғынықты. Бүгінде Съезд түрлі діннің лидерлерін, танымал саяси қайраткерлер мен сарапшылардың басын біріктіріп, әлемдік қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін сана сарабына салатын, шешімін күткен түйткілдерге адамзат назарын аударатын рухани үнқатысу алаңы ретінде мойындалған. Бұл өз кезегінде қоғамдық үйлесім мен дінаралық татулықтың жарқын моделін қалыптастырған еліміздің ізгілікті ұстанымын, биік беделін айғақтайды. Жалпы, Қазақстан тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам уақытында өркениетаралық диалогты қалыптастыруда және жаһандық ауқымда дінаралық қатынастарды толеранттылық қағидаттары негізінде дамытуда күш-жігерін барынша жұмсап келеді. Бұл сөзіміздің бір дәлелі ретінде еліміздің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бұған дейінгі съездерін жоғары дәрежеде ұйымдастырғанын айтуымызға болады.Қайта түлеген Түркістан
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа жария түрде қол қойды. Онда: «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес бүгін мен қол қоятын Жарлық Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін береді. Бұл әкімшілік бірлік еліміздегі он жетінші аймақ болады. Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі», – деді Қазақстан Президенті. «Бұл орынды шешім деп санаймын. Түркістан – түркі халқының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген», – деген Елбасы Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістан қаласының тарихи әрі рухани мәні зор екеніне айрықша тоқталды. Міне, бұдан кейін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сондай-ақ, қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған шешімдер бойынша қызу жұмыс басталғанын мәлімдеді. «Биылғы жылы Елбасымыздың Жарлығымен құрылған Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласының орны халқымыз үшін әу бастан бөлек. Екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған шежірелі шаһарда тағдырлы шешімдер қабылданды, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өтті. Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, әр қазақтың жүрегінің төрінде қасиетті Түркістан қаласына деген мақтаныш сезімі тұрады. Ұлы ойшыл-ағартушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың Түркістанда жаққан шамы өшкен жоқ. Керісінше, уақыт өткен сайын Ясауи іліміне деген қызығушылық артып отыр», – деді облыс әкімі Ж.Түймебаев. – Мемлекет басшысының шешімі қыркүйек айында Қырғызстанда өткен Түркі кеңесінің саммитінде туыстас елдер басшылары тарапынан қызу қолдауға ие болды. Түбі бір түркі халықтары үшін қастерлі атау өзінің тұғырына қайта қонғанын бауырлас елдер өте жылы қабылдады. Жаңа бетбұрыс бірлігімізді бекемдеп, тұтастығымызды нығайтып, түп тамырымызды бекіте түсеріне сенім білдірді. Президент өз мақаласында осы топырақта дүниеге келген «Ұлы даланың ұлы есімдері» Қожа Ахмет Ясауи бабамыз бен Отырардан түлеп ұшқан Әбу Насыр әл-Фараби ғұламаға арнайы тоқталып, мемлекеттің баға жетпес символдық капиталы ретінде таныту мақсатында тапсырмалар берді, – деді облыс әкімі. Алдағы уақытта Түркістан қаласында Халықаралық Түркі Академиясының зерттеу орталығы іске қосылмақ. Академияның штаб-пәтерін Түркістанға көшіру жөнінде ұсыныстар айтылуда. Түркістанда Түркі әлемі орталығы салынып, «Түркістан кітапханасы» сериясымен жинақтарды шығару жоспарланды. «Түркістан кітапханасы» сериясымен Түркі әлемінің рухани мұралары мен еңбектері қазақ тіліне аударылады. Тоныкөк, Білге қаған, Қорқыт, Баласағұн, Мұхаммед Хайдар Дулати, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Махтымқұли сынды түркіге ортақ тұлғалардың мұралары насихатталады. Сонымен бірге, «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есімді» анықтап және жоба жеңімпаздарымен халықаралық форум ұйымдастырылмақ. Бұдан өзге Түркістан облысын әлемдік деңгейде таныту мақсатында Түркі Академиясымен бірге ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде арнаулы іс-шара өткізіп, туризм саласы бойынша әлеуеті бар елдерде Түркістан күндерін атап өту ойластырылған. Сондай-ақ, Түркия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа көршілес елдерде Түркістан қаласы мен облыстағы туристік орындар таныстырылады. Облыстың туристік әлеуетін дамыту мақсатында өткен «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық туристік және инвестициялық форумға әлемнің 20-ға жуық мемлекетінің инвесторларымен 1,7 млрд АҚШ долларын құрайтын меморандум жасалды. Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру және туристерді тарту мақсатында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста Визит орталығы және ашық аспан астындағы музей, Бейнелеу өнері музейі, амфитеатр, мәдени демалыс орындары халық игілігіне ұсынылатын болады. Тарихи жәдігерлер қалпына келтіріліп, жаңадан құрылысы басталатын Түркістан облысының тарихи-әулиелі жерлерінің орталығы, облыстық әмбебап кітапхана, қазақ драма театры, туризм колледжі және Медиа, «Қазақстан-Назарбаев» орталықтары да Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын аша түспек. Бұдан бөлек, «Туристік Қазақстан – 2019-2025» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарында көне қалашықтарда, оның ішінде Отырар, Сауран, Күлтөбеде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Ұлы Жібек жолы бойындағы Сидақ, Қараспантөбе, Жуантөбе қалашықтарына археологиялық зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында бес қабатты 26 тұрғын үй бой көтерді. 1536 пәтерден тұратын баспаналардың 1200 пәтері (20 тұрғын үй) арендалық үйлер, қалған 6 тұрғын үй, яғни 336 пәтер кредиттік баспаналарға жатады. «Барлық пәтерлер «7-20-25» бағдарламасы аясында бой көтереді. Сондықтан халыққа берілетін баспаналардың сапасына мән беріп, мерзімінде аяқтау жұмыстарын назарға алыңыздар. Бүгінге дейін шаһардағы «Отырар» шағын ауданында қысқа мерзімде мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіліп, 2018 жылдың қыркүйек айында халық игілігіне ұсынылады. Ендігі кезек нақ осы шағын ауданда бой көтеріп жатқан 900 орындық мектептің есігін жаңа оқу жылына дейін ашу міндеті тұр», – деді облыс әкімі.