Алтын жұлдызды ұстаз

Алтын жұлдызды ұстаз

Алтын жұлдызды ұстаз
ашық дереккөзі
Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында: «Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері, белсенді қоғамдық қызметі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 желтоқсандағы №798 қаулысымен Шымкент қаласындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі Алина Робертовна Соловьеваға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені қоса тапсырылсын» деп жазылды. Алина Робертовнаға бұл жоғары марапатты 14 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Ақордадағы резиденциясында тапсырған. Сонымен, Алина Солевьева Қазақстан мұғалімдері арасындағы кеудесіне Алтын Жұлдыз таққан нөмірі 31-ші ұстаз болып тарихқа енді. Сол күні Алинаны бәрі іздеп жатты. Әсіресе, шәкірттерінің сұрау салуында шек болған жоқ шығар. Алинаны сол күні біз де іздегенбіз. Астанада екен. – Елбасы қолының ыстық табы әлі де алақанымда тұр. Қимай отырмын ару қаланы – деп, ертең Шымкентке ұшып келетінін жеткізді. Жүзі балбұл жанған биолог, ғалым-ұстазды Шымкент әуежайында қала басшысы Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан бастаған әріптестері қарсы алып, құттықтау сөздерін жеткізгеннен кейін, Алтын Жұлдызды ұстазбен бір-екі ауыз тілдесудің кезегі бізге де келген. Сондағы Алина Робертовнаның ағынан жарылып айтқандары да көп еді. Олар қағаз бетіне түсіп жатқанда ұстаздың ұстаздық бейнесі де қашаудан жаңа шыққан мүсіндей сәт сайын айқындалып, сомданып бара жатты. Алина Робертовна Соловьева 1970 жылы Алматы қаласында туған. Шымкент қаласына көшіп келгеннен кейін ол осындағы №20  орта мектепті бітіріп, 1988 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық институттың биология-жаратылыстану факультетіне оқуға түседі. Бұл жоғары оқу орнын үздік тәмамдаған Алина Робертовна 1994 жылы Шымкенттегі А.С. Пушкин атындағы №1-ші мектеп-гимназияға биология пәнінің мүғалімі болып жұмысқа қабылданып, өзінің еңбек жолын бастайды. Алина Робертовнаның еңбек кітапшасында: «Жалпы жұмыс өтілі – 24 жыл, саладағы жұмыс өтілі – 24 жыл, осы еңбек ұжымындағы еңбек өтілі – 24 жыл» деп жазылыпты. Бұл Алина Робертовнаның өзі сары ауыз балапан болып еңбек жолын бастаған бір ғана мектепте 24 жылдан бері биология пәнінен сабақ беріп келе жатқанын білдірсе керек. Содан бері осы бір албырт та, бірбеткей қыздың алдынан қаншама шәкірт өтіп, алысқа қанат қақпады десеңізші! 1996 жылдан бастап Алина Робертовна дарынды балалармен жұмыс істеп, оларды қалалық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларына дайындай бастайды. Тынымсыз еңбектің арқасында оның дайындаған 127 шәкірті (1997 – 2017 жылдар аралығында) биологиялық пән олимпиадасынан (109-ы қалалық, облыстық, 14-і республикалық, 4-і халықаралық) жүлдемен оралыпты. Олардың арасында Антальядан (2000 жыл), Брюссельден (2001 жыл), Мәскеуден (2005 жыл), Астанадан (2008 жыл) ІВО биологиялық пән олимпиадасына қатысып, жүлдемен келген шәкірттері де баршылық. Алина Робертовна шығармашыл, үнемі ізденісте жүретін мұғалім. Ол 2010 жылы «Атамұра» баспасынан 10-сыныпқа арналған жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Биология» оқулығын басып шығарды. Осы баспадан сол жылы жалпы орта мектептің 11-сынып мұғалімдеріне арналған жаратылыстану-математикалық бағыттағы «Биология – методическое руководство» (Шағиахметова С.Б., Ильясова И.М. – қосымша авторлар) әдістемелік нұсқаулығының шығуына да көп еңбек сіңіреді. 2010 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Әуезов оқулары-9» Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары жинағында «Применение элементов системно-модульной технологии обучения при разработке и создании УМК по биологии (на примере 8-9 классов)» ғылыми мақаласы басылып шығады. Сондай-ақ, Алина Робертовна 2013 жылы «Атамұра» баспасынан басылып шыққан 6, 7, 8, 9-сыныптарға арналған «Электрондық мультимедиалық оқулықтардың», 2014 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан 10, 11-сыныптың «Қоғамдық-гуманитарлық бағытқа арналған оқулықтардың» авторы атанады. – Өз білгенімді алдымда отырған баланың басына құйып тынбайынша дамыл таппайтын «қатал мұғаліммін», – деді Алина Робертовна бізбен әңгімесінде. – Оны ата-ана да, әріптестерім де жақсы біледі. Маған сенеді. Менің күшім де, ынта-жігерім де осы сенімнен нәр алып, үнемі қозғалыста болуға тырысамын. Егер мектеп ауласында келе жатқаныңда біреумен керісіп жатқан бала сені көріп қоя қоймаса, онда сенің оқушы алдындағы беделіңнің болмағаны деп түсінген жөн шығар. Не істеуіміз керек? Әңгіме – ол балаға қаталдық танытып, бұрышқа тұрғызып қоюда емес. Ол бала ұстазының білім деңгейі мен оқыту әдісіне, сөйлеу мәнеріне ұдайы тәнті болып жүруі керек. «Тәрбие басы – тал бесіктен» дегенді жиі айтқаннан гөрі, жиірек ұқтырып отырған тиімдірек пе деймін, – деді ол жанарынан мейірім шуағын төге отырып. Алина Соловьева 2000 жылы «Қазақ-стан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісін алса , 2001 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалін өңіріне тақты. Ал 2010 жылы оған ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Олимп шыңына алып барар» атты марапаттамасы тапсырылды. – Жақсы адамдардың, үлгілі ұстаздардың, жанашыр басшылардың арқасында өсіп-өніп келемін. Айтқан сөзің жерде қалмаса, жасаған ұсынысың, көтерген бастамаң үнемі қолдау тауып отырса – бар күш-жігеріңді салып жұмыс істемеуге қақың да жоқ сияқты ғой, – деп Алина Робертовна жылы жымиып күлген. Содан кейін әңгімесін әрі қарай жалғап: – Мысалы, мектептің бұрынғы директоры Лилия Гусева (бүгінде зейнет демалысында), қазіргі директорымыз Гүлназ Әбілдаеваның маған жасаған жақсылықтарын қалай ұмытайын! Сол кісілер мені қанаттандырып, қолдап, үміттендіріп отырмаса, жалғыз шауып, жалқы тартып қай қырдың басына шыққандай едім деймін кейде. Ал облыстық Білім департаментінің бұрынғы басшысы Айман Елеуова жоғары оқу орындарының ректорларына кіріп жүріп, олардың кітапханалары мен оқу залдарын пайдалануымызға рұқсат әперетін. Сөйтіп, менің оқушыларым халықаралық олимпиадаларға дайындықты ғылыми кітапханаларда жүргізетін. «Менің бар бақытым да, байлығым да шәкірттерім ғой» деп жиі айтатын Алина Робертовнаның оқушылары бүгінде Мәскеу Мемлекеттік университетінде, Еуразия Ұлттық университетінде, ҚБТУ-да, Назарбаев-Университетінде, С.Д. Асфендияров атындағы ҚҰМУ-де, Сібір ММУ-де білім алып, дәрігер, биолог, ірі өндіріс орындарында (Фуд Мастер) инженер мамандықтары бойынша еңбек етіп жатса, Алинаның бақыты мен байлығында да шек жоқ шығар дегің келеді. Өйткені Алина Робертовнаның өзі де 2008 жылы педагогика ғылымының кандидаты атағына ие боларда ондаған ғылыми мақалалар жазып, жалпы білім беретін мектептерге арналған 12 оқулықтың авторы атанды емес пе?!

  Сейітхан Зеберханұлы