Адамзаттың алғашқы  құрбандары

Адамзаттың алғашқы  құрбандары

Адамзаттың алғашқы  құрбандары
ашық дереккөзі
Елбасының «100 оқулық» бағдарламасына орай, Қазақстанда әлемдік өркениеттің толымды жетістіктері болып саналатын озық оқулықтар мен кітаптар аударыла бастағаны оқырмандарымызға жақсы мәлім. Осынау теңдессіз міндет, қазақ бі­лі­мінің көсегесін көгертер жоба әу бастан-ақ қоғамның қолдауына ие болып, көпшіліктің көңілінен шыққаны қуантады. Бұл аса ауқымды жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық аударма бюросы құрылып, жаңа құрылым қиын істі қолға алғаны да баршаға аян. Жақында Ювал Ноаһ Хараридің «Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабы Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша аударылып басылып шықты. Әйгілі Билл Гейтстің өзі «Елсіз аралға өзіммен бірге ала кететін он кітаптың бірі – осы шығар» деп бағалайтын бұл кітап бізге несімен құнды? «Sapiens. Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабының аннотациясында жазылғандай: «Жүз мың жыл бұрын Номо sapiens осы ғаламшарда өмір сүрген алты түрдің бірі еді. Экожүйеде горилладан, жарқырауық қоңыздан немесе медузадан артықшылығы жоқ, елеусіздеу жануар болатын. Шамамен 70 мың жыл бұрынғы Номо sapiens-тің когнитивті қарым-қабілетінің жұмбақтау өзгерісі оны ғаламшардың қожасына әрі тажалына айналдырып жіберді. Ал басқа түрге не болды? Ақша, мемлекеттер, діндер қашан және не үшін пайда болды? Империялар қалай құрылды және күйреді? Неліктен барлық қоғамда әйелдерді еркектерден төмен қойды? Ғылым мен капитализм қалай ғана жаңа заманның ең басты арқа сүйеріне айналып шыға келді? Жүйткіген уақыт ағымында адамдар шынайы бақытқа кенеле алды ма? Болашақта бізді не күтіп тұр?» Ювал Ноаһ Хараридің осы атақты кітабын аударған белгілі аудармашы, дарынды қаламгер Мақсат Ізімұлы. «Болашақта бізді не күтіп тұр?» Бұл сауалға жауапты жалғыз Ювал Ноаһ Харари ғана емес, бүкіл адамзат болып іздеуге тиіспіз. Сондықтан осы кітаптан үзінді беріп отырмыз.

 Кінәлі кім?

Кейбір зерттеушілер жауапкершілікті ата-бабаларымыздан алып тастап, кінәні климаттың кенеттен құбылуына (мұндай жағдайларда кінәні үйреншікті кінәліге) жүктегісі келеді. Бірақ sapiens-тің қатысы болмағанына сену қиын. Үш дәйек олардың дәлелін жоққа шығарып, дәл біздің түрдің Австралия мегафаунасын бүлдіргенін әшкерелейді. Біріншіден, 45 мың жыл бұрын Австралияның климаты ауысқанның өзінде де ол түбегейлі өзгеріп кеткен жоқ қой. Ауа райының қолайсыздығынан ірі де күшті жануарлар жаппай қырылып қалуы неғайбілдеу. Қазір бәрі климаттың өзгерісіне жабады, ал шындығын айтсақ, жер климаты ешқашан тұрақты болған емес. Температура деңгейі мен ауа райы үздіксіз құбылып отырды. Ғаламшар тарихындағы кез келген оқиға қандай да бір климат өзгерісіне сәйкес келеді. Біздің ғаламшар талай рет жылыну мен суыну циклдерін өткерді. Соңғы миллион жыл ағымында орташа есеппен әр 100 мың жыл сайын кезекті мұз дәуірі келіп отырды. Соңғы мұз дәуірі 75 мың жыл бұрын басталып, 15 мың жыл бұрын аяқталды. Ол онша қатал болған жоқ, бірақ оның аса суық екі кезеңі шамамен 70 мың және 20 мың жыл бұрын өтті. Алып дипротодондар Австралияда 1,5 миллион жылдай бұрын пайда болып, кемінде он мұз дәуірін аман-есен өткерді. Олар үшін қатерлі мұз дәуірінің ең суық кезеңінде – шамамен 70 мың жыл бұрын да олар жаппай қырылмады. Ендеше, неліктен осынау алыптар 45 мың жыл бұрын жойылып кетті? Әлбетте, сол кезде тек дипротодондар жойылса, мұны сәтсіз сәйкестікке балар едік. Алайда сонымен бірге Австралия экожүйесі 90%-дан аса ірі жануарларын жоғалтты. Иә, бұл жанама дәлелдер, әйтсе де сәйкестікке: Австралияның барлық аңы құрлыққа адам келген кезде ғана суықтан өле қалғанына сену қиын. Екіншіден, жаппай қырылу дерегі, шын мәнінде, климат ауысуынан болса, теңіз жануарлары да құрлықтағы тіршілік иелерінен кем зардап шекпес еді. Алайда 45 мың жыл бұрын мұхит фаунасына ешқандай қатер төнбеді. Австралияның құрлық жануарлары ғана қырылып, жағалау суындағы тіршілік иелерінің аман қалу себебін тек адами фактормен түсіндіруге болады. Адам баласы теңізде жүзудің әлдеқандай дағдыларын меңгергенімен, сол кезеңде құрлықта ғана қауқарлы еді. Үшіншіден, Австралиядағыға ұқсас түрлер тарихта бұдан кейін де, адамдар сыртқы әлемнің кезекті бөлігін жаулап алған кезде де, жаппай қырылды. Осыдан кейінірек кезеңдегі адамның кінәсі еш шүбәсіз дәлелденді. Мысалы, осыдан 45 мың жыл бұрынғы гипотетикалық «климат өзгерісінен» сызатсыз сау шыққан Жаңа Зеландияның мегафаунасы аралға адамдар келуіне орай, орасан зардап шекті. Маорилер, Жаңа Зеландияны алғаш отарлаушы sapiens-тер, аралдарға шамамен 800 жыл бұрын келді. Екі ғасыр ішінде ірі жануарлардың көп бөлігі, сонымен қатар құстардың 60%-ы жер бетінен жойылып кетті. Солтүстік Мұзды мұхиттың Врангель аралындағы (Сібір жағалауынан 200 шақырым) мамонттар да соның аяғын құшты. Мамонттар миллиондаған жыл Солтүстік жартышардың кең-байтақ төсін түгел жайлады. Осынау аумаққа – әуелі Еуразияға, содан соң Солтүстік Америкаға Номо sapiens тарала бастауына байланысты олардың мекендеу ареалы тарыла түсті. Осыдан 10 мың жыл бұрын мамонтты алыстағы Арктика аралдарынан тысқары жерлерден көру мүмкін болмай қалды, негізгі популяциясы тек Врангель аралдарында сақталды. Онда жүндес пілдер тағы бірнеше мың жыл мамыражай тіршілік кешті, тек 4000 жыл бұрын – аралда адамдар пайда болған кезде жоғалып кетті. Австралияның ірі жануарларының қырылуы елден ерек жағдай болса, адамды қорғаштап сөз айта алар едік. Алайда Жер шарының бүкіл тарихы Номо sapiens-ті экологиялық қауымдастықты қынадай қырушы ретінде әшкерелеп отыр; Австралия апатына біздің ажал құштырғыш түрдің еш қатысы жоқ дегенге енді сене аламыз ба? Австралияны қоныстанушыларда тас ғасырының технологиясы болды. Олар экологиялық апат туындатудың амалын қалай тапты? Мұның бір-бірінің жымын білдірмей толықтыратын үш түсіндірмесі бар. Ең алдымен, осы апаттың құрбандығына айналған ірі жануарлар баяу көбейеді. Буаздығы бірнеше айға созылып, аз төл туады, ұзақ уақыт күйлемейді. Соған сәйкес, адамдар бірнеше айда бір дипротодон өлтіргеннің өзінде, популяцияның өлім-жітімі туу көрсеткішінен асып кетуі жетіп жатыр. Осылайша, бірнеше мыңжылдықтан кейін соңғы дипротодон жападан-жалғыз тұяқ серіпті де, сонымен түрі құрып бітті. Зады, өзінің таудай тұрқына қарамастан, дипротодондар және Австралияның басқа да алыптары оңай олжаға айналса керек. Өйткені тік жүретін аңшылар оларға күтпеген жерден бас салған. Азия мен Африкада адамдардың әр алуан түрлері өмір сүріп, 2 миллион жыл бойы біртіндеп эволюцияланды. Олар дағдыларын біртіндеп жетілдіріп шамамен 400 мың жыл бұрын ғана ірі жануарларға шабуылдауға батылдары жетті. Номо sapiens Азия мен Африканың басты жыртқыштарына айналған уақытқа дейін ірі аңдар да тікесінен түк жүретіндерден аулақ жүру керегін біліп қалды. Ал Австралияның алыптары мұны үйреніп үлгере алмады, қашып құтылу керегін олар түсінбеді. Адамдар оларға қауіпті көрінбеді: өткір тісі де, білемделген бұлшық еті де жоқ. Африка мен Азияның жануарлары адамның шын мәнінде көзге көрінген кейпінен әлдеқайда қауіпті екенін өз тәжірибелері арқылы сезінді. Алпамсадай қалталы сүтқоректі дипротодон алдына келген ұсақ маймылды алғаш көрген кезде көзін жыпылықтатып, жапырағын күйсей берді. Тіпті, алғашқы шабуылдан кейін де үйірлестеріне тосын қатер туралы ескерте алмады. Адамға үйрену үшін жануарларға біршама уақыт керек, ал олар үлгере алмады: бәрі құрып кетті. Екінші түсіндірме: Австралияға жеткен sapiens-тер жаппай от қолданатын еді. Үрейлі, бейтаныс ортаға тап келген адамдар ну жыныстар мен қалың ормандарды әдейі өртеді. Олар аң аулауға қолайлы ашық алаңдар жасады. Осылайша, бірнеше мыңжылдықта адамдар Австралияның ауқымды жер аумағының экологиясын өзгертіп жіберді. Мұндай болжамды, өсімдіктердің қазып алған қалдықтары да растайды. 45 мың жыл бұрын эвкалиптер Австралияда көп өспейтін еді, бірақ Номо sapiens-тің келуіне байланысты бұл ағаштың мерейі асты. Басқа ағаштар мен бұташықтарды тықсырып, олар барлық жерге жайыла өсті. Мұндай өзгеріс өсімдіктермен қоректенетін жануарларға да, шөп-қоректілермен қоректенетін жыртқыштарға да әсерін тигізді. Эвкалипт жапырағын ғана жейтін коалалар үздіксіз күйсеп, жаңа жерлерді рақаттана игере берді. Жануарлардың басқа түрлері бұған еш қуана алмады, көпшілігі жаппай қырылды. Негізгі азық тізбегі үзіліп, осал буындары жойылып кетті. Үшінші жорамал фаунаның қырылуына аңшылықтың да, от жағудың да ықпалы болғанын мойындай отырып, климат факторын алға тартады. Австралияда 45 мың жыл бұрын болған климаттық өзгерістер экожүйені тұрақсыздандырып, әлсіретті. Әдеттегі жағдайларда экожүйе қалпына келер еді, бұрын талай солай болған. Бірақ адамдар жаңа құрлыққа сол бір қысылтаяң сәтте келіп, құз шетінде тұрған экожүйені құрдымға итеріп жіберді. Осы факторлардың – климаттың өзгеруі мен адамдардың агрессиясының ұштасуы ірі жануарлар үшін аса қауіпті еді. Оларға дереу бірнеше қатер төнеді де, тіршілік етудің ыңғайлы жолын таңдау қиындады. Осы болжамдардың бірін тап баса таңдауға мүмкіндік берерлік сенімді деректеріміз жоқ. Номо sapiens Оңтүстікке, Австралияға аттанбаса, қалталы арыстандар, дипротодондар мен алып кенгурулер әлі күнге тірі жүрер еді деп пайымдауымызға толық негіз бар.

Жалқаулардың ақыры

Австралия мегафаунасының қырғыны – жер бетіндегі Номо sapiens іс-әрекетінің алғашқы елеулі нәтижесі. Келесі экологиялық апат бұдан да ауқымды, бұл жолы Америкада болды. Номо sapiens Батыс жартышарға дейін жеткен тұңғыш әрі бірден-бір адам түрі еді. Бұл шамамен 16 мың жыл бұрын, яғни б.з.д. 14 мыңыншы жылдары басталды. Алғашқы қоныстанушылар Америкаға жаяу жетті: сол шақта мұхит деңгейі төмендеп кеткені сонша, Солтүстік-Шығыс Сібір мен Солтүстік-Батыс Аляска аралығында құрғақ жол «өткелі» пайда болды. Дегенмен бұл қиын, тіпті Австралияға теңіз жорығынан да машақаты мол жол еді. Батыс жартышарға жету үшін sapiens-тердің әуелі Солтүстік Сібірдің күрделі жағдайына, поляр түніне, елу градустық аязда өмір сүру дағдысына бой үйретуіне тура келді. Бұрын бірде-бір адам түрі Сібірге дендеп енбеген еді. Тіпті суыққа төзімді неандертальдықтардың өздері оңтүстікке таман, жылылау өңірлерді жайлады. Бірақ денесі мәңгілік қар мен мұз патшалығынан гөрі апатты Африка саванналарының жағдайына бейімделген Номо sapiens алғырлығының арқасында Сібірде де тығырықтан жол таба білді. Солтүстікке ойысуға байланысты көшпенді sapiens-тердің үлкен тобы қысқы аяқкиім жасауды үйренді, теріні пайдаланып, күдері мен былғарыны қабаттай, дене жылуын сақтайтын киімдер тікті. Мамонттар мен Сібірдің басқа да ірі жануарларын жайрататын жаңа қарулар мен күрделі аңшылық тәсілдерін ойлап тапты. Киім үлгілері мен аңшылық тәсілдерін жетілдіру арқылы sapiens-тер Солтүстіктің қиырына, мұзды аймақтарға бойлай енуден тайсалмады, олардың киімдері мен аңшылық стратегиясы, тіршілік ету дағдылары бұрынғыдан да кемелдене берді. Ал мұндай күш жұмсаудың керегі не еді? Шынымен адамдар Сібірді өз еріктерімен мекендеді ме? Кей тайпалар соғыстан, демографиялық мәселелерден немесе табиғи апаттардан қашып келген шығар? Әйтсе де бұл аймақтың өзіне тән артықшылықтары бар, ең алдымен, азығында ақуыз мол еді. Арктикада еті дәмді ірі жануарлар, әсіресе, солтүстік бұғылары мен мамонттар тіршілік ететін. Әр мамонт аңшы үшін аяғымен жүрген дүйім ет дүкені іспетті еді. Мәңгілік мұздақ жағдайында ет ұзақ сақталды, адамдар дәмді майға, жылы тері мен бағалы мамонт сүйегіне қарық болды. Үңгірден табылған олжа мамонт аулаушылардың күнелтіп қана қоймай, тұрмыстары гүлденіп, көркейгенін көрсетеді. Мамонттарды, мастодонттарды, жүндес мүйізтұмсықтар мен бұғыларды аулаушылар біртіндеп бүкіл Сібірді жайлай бастады. Шамамен б.з.д. 14 мыңыншы жылдары әлдебір тайпа аң аулап, олжа қуып, Сібірдің солтүстік-шығысынан Аляскаға өтіп кетеді. Әрине, тап сол сәтте олар жаңа әлемді ашып жатқандарын білген жоқ. Мамонттар үшін де, адамдар үшін де Аляска – Сібірдің жалғасы еді. Бастапқыда Аляскадан Оңтүстікке барар жолды мұздықтар бөгеп жатты, Американың негізгі аумағына аздаған батыл адамдар ғана өте алды. Шамамен б.з.д. 12 мыңыншы жылдары жаһандық жылыну басталды да, мұз еріп, жаңа өткел жолдар ашылды, адамдар жаппай Оңтүстікке ұмтылып, арнасынан асқан қарғын судай бүкіл құрлыққа тарала бастады. Бірнеше ұрпақ буыны Арктика жағдайында жабайы аңдар аулап үйренгеніне қарамастан, келушілер қос Американың алуан түрлі климаты мен экожүйесіне тез бейімделді. Сібірліктердің ұрпағы қазіргі Құрама Штаттардың шығысындағы ну ормандар мен Миссисипи атырауындағы батпақты жерлерді, Мексика шөлейті мен Орталық Американың ылғалды джунглилерін игерді. Біреулері – Амазонка жағалауына, басқалары Андтың таулы қойнауына немесе Аргентинаның пампастарына қоныстанды. Жаңа әлемді бағындыруға бар болғаны бір, әрі кеткенде, екі мыңжылдық қажет болды. Б.з.д. 10 мыңыншы жылдарына таман олар Американың оңтүстігіндегі қиыр шетке, Отты жер аралына жетті. Осынау бірден жаулап алу Номо sapiens-тің түпсіз тапқырлығы мен таңғаларлық бейімделу қабілетін дәлелдеп берді. Басқа тіршілік иелерінің ешқайсысы бір мекеннен бұрынғыға мүлде ұқсамайтын екінші мекенге шапшаң көшіп, баяғы гендер жинағын пайдалана отырып, сол жерге бауыр басып кеткен емес. Американы қантөгіссіз қоныстанды деуге болмас. Бұл да басқа кез келген тұтқиыл соғыс сияқты қиратушы сипат алды. 14 мың жыл бұрын америкалық фауна қазіргіден әлдеқайда алуан түрлі болды. Аляскадан оңтүстікке жылжи отырып, алғашқы отарлаушылар Канада жазығы мен Құрама Штаттардың батысынан мамонттар мен мастодонттарды, үлкендігі аюдай кеміргіштерді, мыңғырған жылқы үйірлері мен түйе келелерін, алып арыстандар мен біз баяғыда ұмытып кеткен басқа да ондаған жануар түрлерін, әсіресе азуы қанжардай айбарлы жолбарыстар мен салмағы сегіз тоннаға, бойы алты метрге жететін таудай жалқауаңдарды (solth) көрді. Оңтүстік Американың мақұлықтары: ірі сүтқоректілері, құстары мен бауырымен жорғалаушылары бұдан да таңсық көрінді. Қос Америка жер тарихындағы ең ауқымды эволюциялық тәжірибелер өткен табиғи зертхана болып шықты: мұнда Азияда да, Африкада да ешқашан естіп-білмеген жануарлар мен өсімдіктер мамыражай күй кешіп жатты. Кенеттен соның бәрі құрыды. Sapiens-тің келуі мұң екен, 2000 жыл ағымында ерекше түрлердің көпшілігі із-түссіз жоғалды. Зерттеушілер Солтүстік Америка ірі сүтқоректілердің 47 түрінің 34-інен, Оңтүстік Америка 60 түрдің 50-інен айырылды деп есептейді. Осы жерлерді 30 миллион жылдай тұтасымен билеп-төстеген қылыштісті жолбарыстар жойылды. Таудай жалқауаңдар мен алып арыстандар, америка жылқылары мен түйелері, мамонттар мен дәукеміргіштер жоғалды. Мыңдаған ұсақ сүтқоректілер, бауырымен жорғалаушылар, құстар, тіпті титімдей жәндіктер мен паразиттер де (мамонттар жойылған соң олардың үстіндегі кенелері де кетті) қырылды. Палеонтологтар мен жануарлардың қаңқаларын зерттейтін зооар- хеологтар ежелгі түйелердің сүйегін немесе тұрқы таудай жалқауаңның ең болмағанда тезегін табу әуресімен ондаған жылдар бойы қос Американың тауы мен жазық даласын кезіп жүр. Бірдеңе табудың сәті түсе қалса, әлгі қазынаны ұқыпты қаптап, зертханаға жібереді де, әр сүйек пен әрбір копролитті (тасқа айналған тезекті ғалымдар осылай атайды) мұқият зерттеп, мезгілін анықтайды. Осы зерттеулердің барлығы бір ғана нәтиже береді: жалқауаңдардың мейлінше жас тезегі мен түйе сүйектері құрлыққа адамдар тасқыны ағын судай қаптаған кезеңге, яғни б.з.д. 12000-9000 жылдар аралығына тұстас келеді. Тек бір жерден ғана ғалымдар берірек кезеңге – б.з.д. 5000 жылдарға жататын жалқауаң тезегін Кариб аралдарынан, дәлірегі, Куба мен Гаитиден тапты. Б.з.д. 5000 жыл дегеніміз – адамдардың Кариб теңізін жүзіп өтудің жолын тауып, осы үлкен аралдарға қоныстанған кезі еді. Тағы да кейбір зерттеушілер Номо sapiens-ті ақтап алып, бар кінәні климаттың өзгерісіне аударғысы келеді (сол үшін бүкіл Батыс жартышарына жылыну үдерісі жаудай тиген кезде, Кариб аралдарында әлдебір құпия себеппен 7000 жыл бойы экожүйеге қолайлы климат сақталып қалып еді деуге дейін барды). Бірақ Америка фаунасына қатысты істе ақтала алмаймыз: оған мына біз кінәліміз. Климаттың өзгеруі қосымша фактор екенін мойындағанның өзінде де негізгі кінә, бәрі-бір адамның мойнында қала береді.

Дайындаған  Ж.Баққондыұлы